Қала мен Сала

АЛАЯҚТАРДАН САҚ БОЛАЙЫҚ!

Соңғы кезде қаламызда адамдарды сан соқтырып кеткен айлакерлер көбейіп кетті. Елімізде мүліктік қылмыстың ішінде ең көп таралғаны пәтер тонау екен. Түрлі қулықтарды білетін әккілердің діттегені біреу ғана – оңай ақша табу.  

ұры

Жақында Астана қаласының тұрғыны елордалық Ішкі істер департаментіне белгісіз біреулердің терезе жақтауын қысып ашып, торларды сындыру арқылы үйге ұры түскенін хабарлады. Олар 20 мың ресей рублін, 20 мың АҚШ долларын, 3 мың фунт стерлингін және 20 түрлі зергерлік бұйымдарды өздерімен бірге ала кеткен.

Бірақ «Ұрлық түбі – қорлық» деген, ұрылар ұсталды. Жедел жүргізілген шаралардың арқасында қаскүнемдерді полицейлер құрықтады. Алматы облысының 38 жастағы және Жамбыл облысының 32 жастағы тұрғындары Астана қаласы ІІД Уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдарының нәтижесінде ұсталған екі азаматтың уақытша тұрып жатқан мекенжайлары анықталды. Ол жерден 50 түрлі зергерлік бұйым мен ақша табылып тәркіленді. Ұрылардың тұсауына түскендер тәркіленген бұйымдардың ішінде өзіне тиесілі заттарды таныды.

Сондай-ақ, құрықталған күдіктілердің басқа қылмыстарға қатысы тексерілді. Оның нәтижесінде, 25 ақпан күні осындай әдіспен басқа бір азаматтың ірі көлемде ақшасы мен жеке мүлігін ұрлағаны анықталды.

Бүгінде бұл фактілер бойынша қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің Астана аумағында басқа да ашылмаған қылмыстарға қатысы тексерілуде.

Өкінішке қарай, қаламызда басқа ұйымдасқан қылмыстық топтан зардап шеккендер бар. Қылмыстық топтың құрамына А.Айтбаева, М.Расохин, Л.Отт, сонымен қатар банктердің менеджерлері Ж.Шәріпов пен Ж.Кәкен кірген. Олар елордалықтардан басқа Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының тұрғындарын да арбауына түсірді. Қылмыстық топ тұрғындардың атына қайтарылмайтын тауарлық және ақшалай кредит рәсімдеген. Шығындардың жалпы сомасы 130 млн теңгені құрайды.

Бірақ бұл алаяқтар да алысқа ұзай алмады. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот айыптаушыларға қатысты үкім шығарды. Ұйымдасқан қылмыстық топқа жетекшілік еткен А.Айтбаева 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қылмыс жасаушы сыбайластардың да мүлкі тәркіленіп, әрқайсысы сегіз жылға сотталды.

Сот алдында жауапқа тартылғандар 2012-2014 жылдар аралығында Астанада, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында 310-нан астам алаяқтық жасаған.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button