Мәдениет

ҚАТПАРЫ ҚАЛЫҢ КІТАПТАР

Астанадағы  Ұлттық академиялық кітапханада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйытқы болуымен ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай  «Кітап – дәуір айнасы» атты ашық есік күні өтті. Айтулы шара аясында «Кітап – тарих, кітап  – қазына» деп аталатын  аса құнды сирек кітаптар мен қолжазбалар көрмесі ашылды.

ERM_3353

Игілікті шараның ашылуында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков, түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы және Иран Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Модж­таба Дамирчилу сөз сөйлеп, бар білімнің бастауы атанған кітаптың қадірі мен қасиетіне тоқталып, оның маңызы туралы мазмұнды ой өрбітті.

Расы керек, елордадағы ру­ханияттың парасатты орталығына айналған Ұлттық академиялық кітапхананың атқарып отырған жұмыстары жайында жан семіртетін жақсы сөзді мол айтуға болады. Бір ғана аталған кітап ордасының он жылдық мерейтойы аясында ашылған «Кітап мұражайынан» еліміз әлемде сирек кездесетін кітаптар мен көне қолжазбалардың қалың қатпарынан сыр саулайды. Ондағы ғажайып жәдігерлерді көріп, тарихтың терең тұнығына бойлайсыз. Айталық, жеті атаға дейін қастерлеп ұстап келген қасиетті Құран Кәрім кітабының 799 жылы қағазға түсіре бастаған қолжазбасын көріп, киелі дүниеге басымызды идік. Өз дәуірінде бамбук тақтайшаға жазылған ежелгі қытай қолжазбасы да көне ғасырдың көзіндей сыр шертеді. Аталған кітапты белгілі фламанд суретші Сэр Энтони ванн Дейк безендірген. Бұл әлемде сақталып қалған жалғыз жәдігер саналады. Содан-ақ, оның қандай құнды мұра екенін түйсіне беріңіз! Сайын даланы тұлпарлардың тұяғымен дүбірлеткен «Күлтегін» жазбалары мен «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» да таңғажайып туынды. Сонымен бірге 1807 жылы шағатай тілінде Қазанда жарық көрген «Сейфілмəлік-Бəдіғұлжамал» қиссасының суретін көріп, ойға қалдық. Бұл – халқымыздың алғаш тасқа басылған дүниесі. Кітаптың түпнұсқасы Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөлімінде сақтаулы екен.
Асыл мұраларды көрген сайын сол замандарды көз алдымызға келтіріп, бабалармен тілдескендей әсерде болдық. Мұражайдан аса бір тарихи кітапты көріп, тұрып қалдық.Ұлтымыздың көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өткен Шоқан Уəлихановтың 1905 жылы Санкт-Петербургтегі И.Бораганскийдің баспаханасында басылған «Сказание об Едиге и Тохтамыш» еңбегін ерекше айтып өтсек дейміз. Мұнда халқымыздың тылсым тарихының терең іздері сыр бүккен. Сондай-ақ, ұлы ғалымның Жетісу, Қашқария сапарлары кезінде өз қолымен жазған қолтаңбалары мен суреттерінің көшірмелері де музей төрінен орын алған. Аса көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсариннің шығармалары, хакім Абайдың тұңғыш басылған кітабы, ұлы суреткер Мұхтар Əуезовтің «Абай жолы» эпопеясының алғашқы нұсқасы, ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсыновтың 1926 жылы Қызылордада басылған «Əліпбиі» секілді құнды мұраларды осы жерден көре аласыз. Талай ғасыр сан ұрпақты ұлттық уызбен ұйытқан «Бабалар сөзінің» 100 томдығы да мұражайдың төрінен орын алған.

ТҰЛҒАЛАРДАН ТӘБӘРІК

Кітапхана директорының орынбасары Ғалия Исақанованың айтуынша, соңғы екі жыл көлемінде аталған мекемеде «Құнды тарту» атты ауқымды акция қолға алынған. Осы шара шеңберінде кітапханаға 10 мыңнан аса кітап сыйға тартылған. Әсіресе, ел алдында абыройы биік, танымал тұлғалардың мемуарлық коллекцияларын жинау жақсы жолға қойылған. Оны алғаш белгілі қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков бастаған. Айтулы азамат өзінің жеке мұрағатында сақталған 9 мыңнан артық кітап пен қолжазбаларын, естелік сыйлықтарын кітапханаға тарту еткен. Көрнекті жазушы Әкім Тарази ағамыз да жеке кітап қорынан 979 кітап сыйлаған.

ERM_2796
Ұлттық кітапхана директорының орынбасары Ғалия Бөкейқызы

Сондай-ақ, өмірден өтсе де артында талай мұра қалған ардақтыларымыз аз емес. Сонау аумалы-төкпелі заманда Алтайдан Гималай асып үдере көшкен жұрттың ноқта ағасы болған Қалибек батырдың бел баласы, марқұм Хасен Оралтай ағамыздың мұралары да осы кітапханада сақталған. Туған халқы үшін басын бәйгеге тіккен ержүрек азаматтың асыл дүниелері сирек кітаптар көрмесінде алғаш оқырмандарға ұсынылды. Сонымен бірге аса көрнекті академик Зәки Ахметовтің жұбайы Зия апайымыз елордалық кітапханаға ғалымның 566 дана кітабы мен қолжазбаларын тапсырған. Ғалия Бөкейқызы: «Зәки ағамыз өзі оқыған кітап­тардың маңызды беттерін белгілеп, көрсетіп қойған. Сол жерді өзіңіз оқысаңыз таңқаласыз. Өте ұқыпты, зиялы кісі екені қолжазбаларынан анық байқалады. Жастар осы ардақты тұлғаның мұрасынан терең ой түйеді деп ойлаймын» дейді әңгіме арасында.

Белгілі ғалым, профессор Сайлаубек Қалиевтің жеке кітапханасынан 500-ден аса математика ғылым­дары бойынша кітаптары да жеке қордан орын алған. Мәсе­лен, Г.М. Фихтенгольцтің «Диффе­ренциалдық және интегралдық ескертулер курсының 1 томы» атты еңбегі математика ғалым­дары арасында өте жоғары баға­ланады. Белгілі ақын Аманжол Шәмкеновтің баласы да акция аясында әкесінің бес томдық жинағын табыс еткен. Одан бөлек әлемдік саясатта салмағы бар тұлғалар жайында жазылған кітаптар да сақтаулы.

Бізді осындай ғажайып мұралар қалай сақталады деген сұрақ мазалаған еді. Оған кітапхана басшысының орынбасары тиянақты жауап берді.

– Сирек кездесетін кітаптар мен қолжаз­баларды сақтау үшін оның арнайы талаптары бар. Біз оларды мемлекеттік стандартқа сай сақтаймыз. Қазіргі таңда асыл дүниелердің көшірмелерін жасап жатырмыз. Цифр­лау жұмыстарын да жүргізудеміз. Негізі, ол жерде көбінесе тұпнұсқалар емес, көшірме ғана тұру керек. Құнды мұралардың барлығы арнайы орында сақталады. Мәселен, авторлық құқық бо­йынша 70 жылдан асқан жәдігерге көшірме жасауға болады. Егер оған ондай уақыт өтпесе, автормен келісімшартқа отырамыз, – дейді Ғалия Исақанова.

ЭЛЕКТРОНДЫҚ КІТАПХАНА ҚАЛЫПТАСУДА

Бүгінгі таңда елордалық академиялық кітапханадағы кітап қоры 1 миллоннан асқан. Соның ішінде электрондық каталогқа 1 миллионға жуық кітап тіркелген. Оқырмандар саны да 85 мыңға жеткен. Электрондық кітапхана жүйесі де жемісті жұмыс істеуде.

– Біз бүгінгі күні еліміздің элек­­трондық кітапханасын қалып­­тастырып жатырмыз. Ол – үлкен жоба. Біздің кітапханада мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптардың барлығы бар. Оның барлығы электрондық кітапханаға тіркелген. Кез келген оқырман үйде отырып, біздің порталға еніп, өзі іздеген кітап туралы ақпарат алады. Сондай-ақ, біздің академиялық кітапхана екі жылдан бері аймақтағы кітапханашылардың біліктілігін арттыру мақсатында оқыту курстарын жүргізуге куәлік алды. Мәселен, өткен жылы шет елден арнайы маман шақырып, бас қалада барлық аймақтағы кітапхана қызметкерлерін жинап, тәжірибе алмастық. Онда «әлемде кітапханашылар қалай жұмыс істеп жатыр, олардың технологиялары қандай, біз дұрыс бағытта дамып жатырмыз ба?» деген ойлармен өз жұмысымызды бір сараптап алдық. Сонымен бірге 14 облыстық кітапханамен үйлестіру кеңесін құрдық. Соның барлығы осы саланың дамуына тың серпін береді деп ойлаймын, – дейді өз сөзін қорыта келе Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханасы директорының орынбасары Ғалия Бөкейқызы.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button