Басты ақпаратЖаңалықтар

ЭКСПО-ға студенттер де атсалысады

«Астана ақшамы» газетінің редак­ция­сы ұйым­дас­тырған «Тікелей тілдесуде» Астана қаласы Жастар сая­саты мәселелері басқармасының басшысы Талғат РАХМАНБЕРДІ тұрғындармен байланысқа шығып, азаматтарды толғандырған сауалдарға жауап берді. Көптің көкейіндегі мәселелерді назарларыңызға ұсынамыз.

KBB_3141
Талғат РАХМАНБЕРДІ – Астана қаласы Жастар сая­саты мәселелері басқармасының басшысы

Айташ Омар:

– Үлгі ретінде өз өмір жолыңызды айтып берсеңіз. Қызметтің қандай сатыларынан өттіңіз?

– Халықаралық қазақ-түрік универ­ситетінде оқыдым. Бірінші курста сабақтан бос уақытта құрылыста жұмыс істедім әрі университеттегі жастар комитетін басқардым. Студенттік құрылыс жастар еңбек жасағында талмай жұмыс істеп, республикалық штаб төрағасына дейін көтерілдім. Оқуды бітіріп, аспирантураға түстім. Заң ғылымының кандидатымын. Университетте сабақ бердім. Бас про­куратураның ғылыми-зерттеу инс-титутында мамандығым бойынша аға прокурор болып қызмет жасадым. Жастар мәселесіне қайта бет бұрып, Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры болып тағайындалдым. Ал, 2012 жылдан Астанадағы Жастар саясаты мәселелері басқармасындамын.

Әр күніміз өте тығыз өтетін. Сабақ таңғы сегізде басталады. Түске дейін сабақта, түстен кейін қоғамдық жұмыстармен, ауыр атлетика, үстел теннисі сияқты спорт түрлерімен айналысамыз. Университетаралық жарыстар жиі өтетін. Яғни, бәсеке мықты болатын. Үнемі еңбектенумен, алға талпынумен өтті көп уақытымыз. Ал, қазір ше? Астана жастарының 92%-ы әлеуметтік желілерде тіркелген. Былтыр елордалық екі жарым мың жас азаматтан осы тақырыпта сауалнама алдық. Сөйтсек, әрқайсысы күн сайын интернетке кемінде 4 сағат жұмсайды екен. 24 сағаттың 4 сағаты әлеуметтік желіде өтеді. Бос кетіп жатқан уақыт! Жастарға мемлекет тарапынан көп жағдай жасалуда. Әрбір адам жас күнінен шаршамай ізденіп, талмай еңбектенсе биік белестерді бағындыратыны сөзсіз.

Марат Жәнібеков:

– Құрылыс факультетінің 2 курс студентімін. Жазғы каникул уақытында мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді. Қандай көмек көрсете аласыздар?

– Астаналық студенттердің демалыс кезінде үйде үш ай бос жатпай, әрі әке-шешесіне материалдық жағынан көмектесіп, әрі тарихи оқиғаның куәсі болуға мүмкіндігі бар. Студенттік құрылыс жасағының қатарына қосылуға кеңес береміз. Өткен жылы біз «ЭКСПО» қалашағының құрылыс аумағында 300 жас азаматты еңбекпен қамтыдық. Олардың көбі тұрақты түрде жұмысқа орналасып кетті.

Қазір құрылыс компанияларымен келісім жүргізіп жа­тыр­мыз. Маусымның басында былтырғыдан да көп студентті «ЭКСПО» қалашағы құрылысына жұмыл­дырамыз. Жалақы мөлшері жасалған жұмыстың көлеміне байланысты есептеледі. Былтыр 90 мың теңгеден жоғары болды. Оның үстіне жұмыс берушілер жастарды тамақпен қамтамасыз етіп, үйден жұмысқа тегін тасымалдайды.

Мадияр Қайратұлы:

– Астанада жастардың үлесі қанша?

– Бүгінде астаналықтардың 220 мыңнан астамы – 14 пен 29 жас аралығындағылар. Бұл – тұрғындардың отыз пайызы.

ЕРІКТІЛЕРДІҢ  ТЕҢ  ЖАРТЫСЫ  ЕЛОРДАДАН

Айдана Қасен:

– Волонтер болудың қандай шарттары бар?

– Волонтерлік өтініштер «Астана жастары» КММ ресурстық орталығының әлеуметтік желісі арқылы қабылданады. Мектеп оқушылары да, студенттер де, жұмыс жасайтын жас азаматтар да бар араларында. Оларды таңдау кезінде ағылшын тілі мен Қазақстан тарихын жақсы білу секілді басты талаптар ескеріледі.

Волонтерлар курсын конкурс негізінде таңдалған «Астана жастары» КММ ресурстық орталығының білікті мамандары оқытады. Бұл – негізінде коммуникативтік қабілетке баулитын психологиялық тренингтер. Яғни, өзін-өзі ұстау әдебі мен қарым-қатынас жасаудың қыр-сыры үйретіледі. Оларды Шырын Оразбаева атты өте кәсіби оқытушы дайындайды. Базамызда 1200 волонтер бар. Астана күні, Наурыз мейрамы секілді іс-шараны ұйымдастыруға әдетте 300-400 ерікті атсалысады.

Осы жерде айта кеткен жөн, ЭКСПО 2017 халықаралық көрмесінің жұмысына 3 мың волонтер, 150 супервайзер қатысады. Оның 1500-ін «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясымен ақылдаса отырып, Астана қаласынан іріктеп алдық. Қалған жартысы еліміздің әр өңірінен жиналады. Еріктілерді көрмеге дайындау сәуір айында басталады.

Дана Теміртайқызы:

– Басқарма жұмысында биыл қандай жаңалықтар болмақ?

– Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында бірнеше ауқымды іс-шара жоспарын дайындап жатырмыз. Сондай-ақ, біздің басқарма бастамасымен «Қорғау-Астана», «Право» қоғамдық қор қызметкерлері маргиналды жастар тобын анықтау мақсатында Астананың шағын аудандарын, базар аумағын аралайды. Яғни, бос жүрген жастарға мемлекеттік қолдау бағдарламарын түсіндіріп, психологиялық көмек беріп, тұлғалық өсуге бағыттау жұмыстарын жүргіземіз.

Ерасыл Қайырғалиев:

– «Студенттік көктем» фестиваліне қатыссам деймін. Іріктеу қашан және қайда өтеді?

– «Студенттік көктем» фестивалін жылдағыдай сәуір айында өткіземіз. Мәдени орта қалыптастыруға ба­ғытталған бұл іс-шараға биыл елордадағы бүкіл оқу орындарын қатыстыруға тырысамыз. Бүгінде 13 университет, 34 колледжде өнер­паздарды іріктеу кезеңі жүріп жатыр. Кеш қалмау үшін өзіңіз оқитын оқу ор­нының Жастар комитетіне барғаныңыз жөн.

ТАҢДАУДАН ЖАҢЫЛМАУ МАҢЫЗДЫ

Серік Оспанов:

– Жастардың алдында тұрған өзекті мәселе не?

– Көпшілігінің мақсат айқындауында нақ­тылық жоқ. Ол – мамандық таңдай алмаудан басталады. Өкінішке қарай, беделі жоғары деп ойлап, керісінше, еңбек нарығындағы сұранысы төмен маман­дықтарға қарай жүгіреді. Төрт жыл оқып, кейін жұмыссыз қалу осындайдан келіп шы­ғады. Ал, әр жас өзінің болашағын жос­пар­лаған кезде бүгінгі күннің қажеттілігін ескеру керек. Оларға жөн сілтеп, дұрыс бағыт беруге барлық жағдайды жасап отырмыз. Астана қаласында қажетті мамандықтар тізімі құрылған, соны жан-жақты насихаттап жатырмыз. Мәселен, бас қала нарығында техникалық мамандықтарға сұраныс артып отыр. Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы аясында еңбек нарығында сұранысқа ие жұ­мысшы мамандықтарын насихаттауға арналған «Менің дұрыс таңдауым!» ат­ты акция өткіземіз. Жыл сайын мектеп оқушылары үшін инженер, фрезерші, электрик, сантехник, дәнекерлеуші, сондай-ақ аспаз, дәрігер мамандарымен кездесу ұйым­дастырамыз.

ЖАСТАРҒА  БАР  ЖАҒДАЙ  ЖАСАЛҒАН

Ғалия Бекенова:

– Жастарды жұ­мыс­қа жедел орналас­тыру пункттері неге көрінбейді?

– Ағымдағы жылдың мау­сым айынан Аста­на­дағы теміржол вокзалы, сапаржай, ойын-сауық, сауда орталықтарын қосқанда жастарды жедел жұмысқа орналас­ты­рудың алты-жеті пункті іске қосылады. Дәстүрлі бұл шара күзге дейін жалғасатын болады. Бүгінде 376 жұмыс берушімен тығыз байла­ныстамыз. Дипломын сұрап, еңбек өтіліне қа­райтын, кейде тіпті үйреніп кетеді деп еті тірі, жауапты, жұмысқа икемі бар жастарды із­дейтін жұмыс берушілер бар. Құрылысшы, даяшы, шаштараз, аспаз және клинингтік тазалаушы мамандарына сұраныс көп.

Дайындаған: Мәдина Жақып

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button