Қала мен СалаСұхбат

АЛҒАШҚЫ МҰЗ – АЛДАМШЫ

0998336c0259217c805721a61e2

Бірнеше күннен бері ауа райы күрт өзгерді. Температураның жоғарылауына байланысты қасат қар еріп, қала халқы тұманнан көз ашпай қалды. Соған қарамастан, әлі қатып үлгермеген, бетіне су кілкіген мұз үстімен жүріп, Есіл өзенінен тікелей өтіп бара жатқан адамдарды көзім шалды. Осыған орай Астана қалалық Суда құтқару қызметінің директоры Ермек Әлібеков мырзаны әңгімеге тартқан едік.

– Суда құтқарудың сақтық шаралары мезгілге тәуелді болатыны белгілі. Ағымдағы күн райына қатысты қандай ұсыныстарыңыз бар?

– Қазір ауаның температурасы құбылмалы. Күз мезгілі біресе көктемді елестетсе, енді бірде қаһарлы қыстың ызғарын шақырып тұрғандай. Тұрақты температураның сақталмауына бай­ланысты Есіл өзенінің алғашқы мұзы қатып та, еріп те үлгерді. Бұл – тұр­ғындар үшін аса сақтықты қажет ететін мезгіл. Себебі, алғашқы мұз ойын баласын қызықтырғанымен, жұқа әрі қауіпті болады. Ұзын жолды қысқартып, өзен бетіндегі мұздан өткісі келетін жүргіншілерге қатаң түрде тыйым саламыз.

– Мұзда сырғанау – қызықты әрі салауатты өмір салтының бірі. Мұздың қауіпсіз болатын уақыты жайында не айтасыз?

– Алғашқы мұз сырт көзге қалың болып көрінгенімен, адам салмағын көтере алмайды. Қалыңдығы 10-12 см-ге жеткен кезде мұз бетіне шығу қауіпсіз екендігін есте сақтау қажет. Сондай-ақ, мұз беті қармен жабылған жерлермен жүрмеуге тырысыңыз, себебі, ондай тұстарда мұз өте баяу қатады. Бұлақ көздері мен өзге де жылы су құйылатын арналардағы мұздың үстінде  жүруге болмайды. Бұндай жер 40 градус аяздың кезінде де қауіпті. Өзен, көл айдынында сырғанақ теуіп, серуен құрғанда мамандардың ақыл-кеңесіне құлақ түру керек. Шама келгенше дайындықтан өтіп, арнайы жасалған ақылы орталықтарға барып ойын-сауық құрған абзал.

Қала тұрғындарына айтар өтінішіңіз

– Балаларды үлкендердің қарауынсыз су айдындарына жібермеңіздер. Елорда Есіл өзенінің жағалауында ор­на­ласқандықтан, қауіпті аймақтар оның кез келген тұсында кездеседі. Толық қатпаған мұздың бетіне шық­пауларыңызды және топталып тұрмау­ларыңызды сұраймыз. Күзгі мұз қату кезінде қайғылы жағдайлар көбейіп кетеді, бұл – баршаны алаңдатып отырған жәйт. Мәселеге төтесінен көш­сек, жол қысқарту, балық аулау, мұз бетінде сырғанау сияқты түрлі іс-әрекеттер адам өмірінің қауіпсіздігі жанында түкке тұрмайды.

Бағлан Оразалы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button