Руханият

Әлиханның Ақтоғайы

Адам өзінің туған жерін таңдай алмайды. Тағдырдың жазуы деп қабылдайсың. «Жаратушыны жасаған ісіне қарап білесіз» деп хакім Абай айтқандай, есің кіргендегі ең бірінші көзге көрініп, Тәңірдің «көлеңкесіндей» мәңгі көңілде қалатын сол бір жаратылыс көрінісі – кіндік қаның тамып, алғаш жарық дүние көріп, ит көйлек киген туған топырағың. Құдай адамды топырақтан жаратты дегенде, тәніңді құраушы периодтық кестедегі элементтердің жиынтығы да ата-анаңның сол топырақтан ішкен дәм-тұзы мен суынан қалыптаспай ма? Туған жердің суын мейірі қанып ішкен әрбір адамның кіші отаны десе елжірейтіні, ата-бабаларымыздың «әркім­нің туған жері – өзіне Мысыр шаһары» дегені де содан болар, бәлкім…
Алыстан мен мұндалап, Ақсораң тәкаппарлана қарайтындай, ғұлама Әлкейдің ізі қалған қартаң Беғазы әлі де қойынымда құпия көп, көрмей, білмей жатырсыңдар дейтіндей. Төбесінде таңбалы тасы көп Желтауға, Әлихан төренің ауылына жан-жақтан Жіңішкені кесіп өтіп үлкен көш түзеліп бара жатқандай. Дүбірлетіп, жер қайыстырған осы бір ұлы көшті бастап Шабанбай би, Жаңғұтты би, Бөріктастан Әлімхан Ермекұлы, Берікқара Төңіректасынан Ақбайдың Жақыбы, Потанинді қасына еріткен Дінмұхамет Сұлтанғазин, Нарманбет ақын, олардың соңында Әсет пен Шашубай бастаған Аққыз, Манарбек, Күләш, Әшімтай баласы Мағауиямен қош көңілмен әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй шертіп кетіп бара жатқандай.
Сол көш бүгін де жалғасын тауып, «Қазақ қияметке де­йін жасай береді» деп Әлихан атамыз айтқан қазақпен бірге жасасып, биыл құрылғанына 90 жыл толған Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы да келе жатыр.

Сұлтан ЫБРАЙ,
ғалым

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button