Әлеумет

АЛИМЕНТ ТӨЛЕМЕЙ, ӘУЕЖАЙДА ҰСТАЛДЫ

бала 1

Алимент мәселесі әлі күнге дейін әлеуметтік шешімін таппай келеді. Заңға сәйкес ата-ананың екеуі де кәмелеттік жасқа толмаған балаларын асырауға міндетті. Алайда, алимент төлеуден жалтарып жүргендер көп. Ондай борышкерлерге сот актісін орындамағаны үшін ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің» 524-бабына сай әкімшілік жаза қолдану үшін жадығат толтырылып, сотқа жолданады.

Көп жағдайда ел азаматтары заңды күшіне енген сот актілерін орындау­дан бас тартып жатады. Ендігі жерде мәжбүрлеп орындаудың бір шарасы – борышкердің Қазақстаннан шығуына уақытша шектеу қою. Сот орын­даушысының қаулысы Қазақстан Рес­публикасының аза­маттық іс жүргізу заң­на­масында белгіленген тәртіп­пен соттың санкциялауына жатады.

Борышкерлерге қатысты қолданылатын бұл шектеу аз уақыт ішінде тиімділігін көрсетті. Астанада жыл басынан бері «Бүркіт» базасы бойынша борышкерлерге қатысты 467 рет шетелге шығуға тыйым салынды. Мәселен, Ахметов есімді азамат Түркия мем­ле­ке­тіне ұшу кезінде елорда әуежайында ұсталды. Оған 156 мың теңге алимент қарызын толық өтегеннен кейін ғана елден тысқары шығуға рұқсат берілді. Ал, 430 мың теңге көлемінде алимент төлемеген Ысқақов есімді азамат шетелге сапар шеккелі тұрған жерінен жолына тосқауыл қойылды. Сондықтан, әрбір азамат сот шешіміне құрметпен қарап, уақытылы алимент төлемеудің салдары жеке басына, қыз­метіне нұқсан келетінін тү­сінген абзал.

 

Салтанат ТҮЙЖАНОВА,

Астана қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button