Экономика

ЖАСТАР КӘСІПКЕРЛІГІНІҢ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ

стартап2

«Қазақстан-2050» стратегиясында кәсіпкерлікті ұлттық экономиканың жетекші күші ретінде жан-жақты қолдау әрі шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 2030 жылға қарай екі есеге арттыру міндеті қойылды. Ал, Елбасының биылғы Жолдауында бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою және шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы­ дәстүріне айналуға тиіс екендігі айтылды.

Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында бизнеске ерекше назар аударып келеді. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына барынша қолдау жасау керектігін және осы бағытта атқарылатын жұмыстардың өзектілігін көрсетеді. Демек, жалпы кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша тиісті шаралар қабылданатыны және тың бастамаларды ынталандырудың жаңа жүйесі жасалып, отандық кәсіп­кер­лерді қолдаудың тетіктері жетіл­дірілетіні анық. Нәтижесінде, шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индус­триялық және әлеуметтік жаңғыр­ту­дың басты құралы болып қалады. Осы орайда, айта кететін жайт, шағын және орта бизнесті дамытуда жас кәсіпкерлердің әлеуетіне сенім арту керек және осы бағытта жұмыстарды жандандыру арқылы жастарға мол мүмкіндіктердің болатынына сеніміз мол.

 

Бизнестің дамуына не кедергі?

Жастар арасында кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың әртүрлі аспектілері бірнеше нормативтік-құқықтық құжаттармен реттеледі. Соның бірі – қолданыстағы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңда жастар саясатындағы негізгі міндеттер мен қағидаттар тізбектелген. Алайда, мұнда кәсіпкерлік тақырыбы мүлдем қозғалмайды, жастарды кәсіпкерлік қызметке тарту басты бағыттардың бірі ретінде айтылса да, мәселенің мәнісі терең қарастырылмаған. Сондықтан, жастар кәсіпкерлігін дамыту бағытында, ең бастысы, заңды жетілдіру керек. Себебі, жастар кәсіпкерлігінің бүгінгі жағдайы туралы айтқан кезде, шешімін таппаған көптеген мәселелер ойға оралады. Атап айтсам, инфрақұрылымдық және ақпараттық тұрғыдан қам­та­ма­сыз ету, арзан және қолжетім­ді­ қаржылай қолдау, субсидия­лар­ мен гранттар, несиелеудің мемлекеттік кепілдендірілген жүйесі, салық жеңілдіктері, ірі кәсіп­орындар тарапынан жастар кәсіп­кер­лігін қолдаудың кешенді шара­лары анықталып көрсетілгені орынды. Осылайша, бизнестің дамуына тосқауыл болып отырған құқықтық нормаларды жойып, уақыт талабына сай бизнеске барынша қолайлы ортаны қалыптастыруға болады. Сондықтан, осы бағыттағы салалық заңдар базасын уақыт талабына қарай жетілдіру мәселесі күн тәртібінде тұр. Сол кезде ғана жастарға көрсетіліп отырған қолдау бір реттік немесе науқандық сипатта болмайды.

 

Ұсыныс ескерусіз қалды

Қазіргі таңда Парламент Мәжі­лі­сінің қарауында «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң жобасы жатыр. Алайда, онда жастар арасындағы кәсіпкерлікті қолдау шаралары қарастырылмаған. Біз өз кезегінде ұсыныстарымызды заң жобасын әзірлеген тиісті мемлекеттік органға берген болатынбыз. Ол ескерусіз қалды. Парламент Мәжілісіне және Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және жолдадық. Бұл бағыттағы ұсыныстар әзірленіп отырған «Кәсіпкерлік кодексі» жобасына да ұсынылды. Болашақта ұсыныстар қарастырылып, қолдау табарына сенімдіміз. Өз тарапымыздан бұл бағыттар бойынша жұмыстар жалғаса береді.

 

Барлық кәсіпкерлерді қолдау керек, бірақ…

Еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін айтқанда, алдымен салалық бағыттарда саралап алуымыз қажет. Себебі, осы уақытқа дейін нақты зерттеулер жүргізілмеген. Мәселені кешенді шешудің жолдары ұсынылса, жас кәсіпкерлер үшін бағыт-бағдар болар еді.

Кейде ересек кәсіпкерлер «Жас­тар кәсіпкерлігі деп бөле-жармай, кәсіпкерлік субъектісінің барлығын бірдей қолдау керек» деп бізге қарсы келіп жатады. Дұрыс, бәрін қолдау керек. Бірақ, мәселені мемлекеттік деңгейде және еліміз үшін пайдалы тұрғысынан қарау қажет. Ол үшін жастар арасында кәсіпкерлікті насихаттай берген абзал. Мәселен, «Кәсіпкерлер күнін» белгілеуге болады. Мерекені жыл сайын атап өту, әрине, пайдалы. Себебі, мереке аясында кәсіпкерлердің ел экономикасына қосқан үлесі ескеріліп, марапатталады. Әрі жастарға өнеге болатындай жетістікке жеткен кәсіпкердің бейнесін қалыптастырар едік. Менің ойымша, «Кәсіпкерлер күні» деп Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы заңның қабылданған мерзімі – 4 шілде немесе Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылған күні – 9 қыркүйекті белгілеуге болады.

 

Кәсіпкерлік субъектілердің жартысы жұмыс істемейді

Статистика агенттігінің 2014 жыл­дың­ 1 қаңтарындағы деректеріне сүйен­сек, елімізде 1 529 мың шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркел­ген. Оның 863 мыңы ғана бел­сен­ді жұмыс істейді. Демек, жар­ты­сына жуығы қимыл-қаре­кет­сіз. Жыл сайын ашылып жатқан кәсіп­кер­лік субъектілерінің саны­ның артуы көрсеткіш емес, егер олар­дың­ өмір­шең­дігі болмаса. Олай болса, жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындардың мәселесін анықтап, олардың санын барынша азайтуды қолға алған жөн.

Елбасы жыл сайынғы Жолдауында бизнесті қолдау керектігін айтады. Президент бір сөзінде «…Еңбек етуші халықтың 60%-ы­ шағын және орта бизнесте жұмыс істеген кезде Қазақстан тұрақ­тылыққа қол жеткізетін болады» деген еді. Сондықтан, дамыған елдердегідей шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың үлесін 26%-дан 60%-ға дейін көтеру керек. Бұл ретте, шағын және орта бизнесті дамытуда ел тұрғындарының 26%-дан астамын құрайтын жастардың үлкен әлеуетіне назар аударған орынды.

Мақсат ҚОЖАМБЕК,

Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button