Басты ақпаратМәселе

Алпыстан асқандардың ахуалы қалай?

Елорданың жүз мыңнан астам тұрғыны зейнеткерлерден тұрады. Шашын ақ қырау басқанмен, көңілі сергек қарттарымыз елорданың қоғамдық өміріне бір кісідей араласуда. Қаламызда оларды қолдайтын орталықтар ашылып, шипажайлық емдеу орындарында денсаулығын түзей алады. Әкімдік барынша қолдау көрсетіп, зейнеткерлердің белсенді өмірінен ажырап қалмауына мән беріп отыр.

Дәл осы алпыстан асқандарды, жетпіске жеткендерді «күміс экономиканың» белсенділеріне айналдыра аламыз ба деген сұрақ алғаш рет 2005 жылы жер шары тұрғындарының қартаюына байланысты Батыс Еуропада өткен жиында айтылып, тұжырымдамасын жасап, қолданысқа енгізді.

Бұл сөзді ойлап тапқан кім екені белгісіз, бірақ терминологияны ресми деңгейде алпыстың қырқасынан асып кеткендерге қарттықтың рахатымен қоса, бейнетін де жалғастыра беру туралы ұсыныспен айшықтады. Оларға жағдай жасап, жай құрметін көрсетіп қоймай, қатардан қалдырмай, жұмыс орындарының көптеп ашылуын қамтамасыз ету инновациялардың негізгі нәтижелерінің бірі ретінде қарастырылуда. Яғни алдағы уақытта қарттарды жасым келді деп жатқызбай, оларды еңбектен қол үздірмей, экономиканың қозғалтқыш күшінің бірі ретінде қарайтын болады. Адамдардың үйреншікті пікірінен арылып, қалыптасқан көзқарасты өзгерту мәселесі де өзекті болып тұр.

Біздің елімізде осы тектес «Күміс жас» жобасы іске қосылып жатыр. Алайда бұл күннен-күнге қордаланып келе жатқан мәселенің нақты шешімі емес. Құлаққа сіңісті болған «жасарымызды жасадық, асарымызды асадық, қолымыздан келгенше еңбек еттік, ендігі жерде бейнетіміздің зейнетін берсін» дейтін уәж келешектегі қарттар үшін маңызын жоятын сияқты. Адам мүмкіндігін барынша сарқа пайдалануға негізделген, ел дамуының жаңа ресурсы – «күміс экономиканың» басты тірегі зейнеттегі қарттар болады дейді ғалымдар.

Әрине, бірінші кезекте, бұл санат өмірден көрген-түйгені мол, кәсібін жақсы меңгерген, елге тұлға бола алатындай азаматтарға бағытталған. Жасы біразға келсе де, Құдайдың берген денсаулығының арқасында өмірден қажымаған, жұмысқа қабілетті, барлық істе белсенді болып қалатын, керек болса, жаңалықтарды тез меңгеріп, жаңа жағдайға төселе алатын, одан қалды біліктігі сұранысқа ие өндірістік дағдыларды меңгеруге мүдделі – қарт адамдар. Әлі басын түбегейлі ашып ала алмасақ та, «күміс экономика» әлеуметтік-медициналық, экономикалық-саяси ахуалды өзара тығыз байланыстырып, бірге қамтиды. Осылайша бар ресурстарды жұмылдыра келе, халықтың өмір сүру сапасын жақсарта алады және егде жастағы адамдар белсенділігінің экономикалық көрсеткіштерге әсері болмақ.

Алпыстан асқандарды жұмысқа тартудың арнайы жобасы мен бағдарламасы, оларды жұмыспен қамтудың арнайы стратегиясының болуы керегі алға шығады. Қанша дегенмен, жылдар өз дегенін жасайды, қариялардың белсенді өмірін қалпында ұстап тұруға да бар мүмкіншілікті жасап, қайда болмасын өзін жайлы сезінетін, әлі де болса қоғамға берерін алу үшін жағдай қажет-ақ. Олай болмаған күнде экономиканың бір шетін алып жүруге қаншалықты құлықты болады?

Егер жас кезінде жұмысқа икемделсе, жасы келгенде жұмыс­тың, жұмыс орнының қолайлы, басқарушыларының да әрекеті егде қызметкерлердің ыңғайына қарай түзілуі тиіс. Бұл – бір, екінші мәселе – заман талабына сай өзгерістерді оқытып, меңгеруге де жұмыс беруші мүдделі болуы керек. Осының арасында денсаулығын сақтау, жақсарту мәселері де қатар қамтылуы керек. Бұл әрі-беріден соң жастарға жаңа буынның қызмет жолын ­кес-кестеуі де мүмкін.

Күндердің күнінде бұл мәселе еуропалықтардан артылып, біздің де басымызға түсетін, «күміс экономика» жаңа экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктер емес, керісінше, шешуі қиын әлеуметтік-экономикалық күрделі мәселеге айналуы ғажап емес. Егер адамдардың әдемі қартаюы, ұзақ өмір сүруі адамзат дамуының жағымды жетістігі болса, оларды еңбекке тартып, экономикалық күштің көзіне айналдыруын да қатар ойланатын мәселе болса керек.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button