Басты ақпаратМәселе

Бау-бақша шаруашылығы: кімдер айналысады?

Астана қаласы бір кезде бау-бақша шаруашылығы жөнінен ­респубикада бірінші орында болғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. 2012 жылғы мәлімет бойынша қала тұрғындары көктемде егіп, күзде жемісін теретін елорда аумағында 20 мыңнан аса саяжай телімі болған екен. Кейін олардың көбін мемлекет қажетіне байланысты өтемақысын төлеп, Үкімет сатып алған.

Еңбек етсең ерінбей…

Дегенмен шаһар сыртында шағын ғана бау-бақша шаруашылығын дөңгелетіп, отбасының ырыс-дәулетін шалқытып отырған қолы епсекті, іске пысық адамдар баршылық. Солардың бірі – Ермұрат Жәкенұлы.

Ермұраттың бір кезде елордадан әуежайға қарай шығар тасжолдың бойында №6 саяжай аумағында 10 сотық жер телімі болған. Бұл әкесінен қалған мұраны жас жігіт отбасымен бірге пайдаланып, жыл сайын қияр, қызанағын, алмасы мен алмұртын алып, қысқы азық-түлігін дайындап отыр­ған. Бір күні ол «бұл жер әлеуметтік қажеттілікке байланысты мемлекет меншігіне алынады» деген хабарлама алады. Бұл 2006 жыл болатын. Қалалық әкімдік оған бар-жоғы бес миллион теңге өтемақы ұсыныпты.

«Мұндай ұсынысқа мен көнбедім. Әкімдіктегілер «бұдан артық бюджетте қаржы қарастырылмаған» деп мені сотқа берді. Сонымен дау-дамай біразға дейін созылып, ақыр соңында маған басқа жерден жер телімін беретін болып келісілді. Сөйтіп мен Қорғалжын тасжолының бойындағы Қаражар елді мекені аумағынан 20 сотық жер телімін алдым» деп есіне алады ол.

Бүгінде Ермұраттың балалары да ержетіп, шаруаға жарап қалыпты. Үлкені Арсен мен ортаншы ұлы Әміре әкесіне қолғабыс береді. Қазір ол өз перзенттерімен бірге аула іргесіндегі 40 сотық жерге картобы мен сәбізін, орамжапырағы мен қызанақ, қиярын егіп, отбасы мен ағайын-туысын толық қамтамасыз етіп отыр.

«Қазір балалар да еңбекке төселіп қалды. Өздері еңбек етіп, жемісін өздері көретініне көзі жеткен соң, ерінбей-талмай тер төгеді» дейді отағасы.

Бұған зайыбы Ұлтуғанның да сіңіретін еңбегі зор екенін айту керек. Көктемде базардан дән сатып алып, көшет отырғызу дегеннің өзі – үлкен шаруа. Оны баптап-күтуге де үлкен тәжірибе, білік керек екенін жастар біле бермеуі мүмкін.

Сапалы өнім, бітік шығатын бақша дақылдарының негізі осы көшеттің жақсы отырғызылып, айрықша күтіп, бапталуында жатады. Жыл сайын Ермұрат отбасымен бірге шағын бақшасынан жиырма қап картоп, үш жүз-төрт жүз келі қияр мен қызанақ, басқа да дақылдарды теріп алатынын айтады. Міне, мұның бәрі ерінбей, жалықпай төккен тердің арқасында келіп отыр­ған еңбектің жемісі екенін түсінеміз.

Аршалыдағы алма бағы

Жаз бойы біздің үйдің ауласына жеңіл машинамен алма әкеліп сатады. Көздің жауын алатын, дәмі тіл үйірер алманы үнемі сататын – екі жігіт. Жігіттердің алмасы ұнаған соң бір күні қызығушылығым оянып, бұл керемет алманы қайдан алатынын сұрадым.

– Өзіміздің бақта өсіреміз, – деді Айдар есімді ақсары жігіт. Қасындағы көмекшісі Бейбіт деген інісі екен. – Осы жерден отыз-қырық шақырым жер – Аршалыда тұрамыз. 100 гектардай алма бағымыз бар. Содан түскен өнімді осылай қалаға әкеліп сатамыз. Дүкендерге, супермаркеттерге өткіземіз. Биыл алма бағымыз жақсы өнім берді. Шаруамыз да ойдағыдай жүріп жатыр.

Ауылдағы қазір бұлар нәпақа тауып отырған алма бағының жұмысын бір кезде марқұм әкесі бастаған екен. Еңбегімен елге танылған Ізмағамбет ақсақалды көпшілік «бағбан Ізекең» деп сыйлайтын. Ол осы шаруашылыққа жанын салып, барлық уақытын арнапты. «Жер-ана тер төксең, аш қалдырмайды. Мен мұның барлығын сендердің ертеңгі болашақтарың үшін жасап жатырмын» дейтін жарықтық» деп еске алады Айдар әкесі туралы.

Шынында, ол кезде балалары бұл сөзге онша мән бермепті. Енді ойлап қараса, «жақсы әке – балаға қырық жыл азық» деген рас екен. Жыл сайын жайқалып өсіп, жемісін төгетін отыз, қырық алма, алмұрт, шие, қарақат, бүлдірген, тағы да басқа жеміс ағашынан отбасының кірісі артып, қоржыны толысып отыр.

Арнайы ауыл шаруа­шылығы білімі болмаса да, өмірлік тәжірибесімен ­бау-бақша егіп, бағбандықпен айналысып отырған еңбек адамдарының осындай ісі бүгінгідей нарық экономикасы заманында көпшілікке үлгі болса керек.

Не ексең, соны орасың

– Расында да, қазір шағын учаскелеріне бау-бақша егіп, қауыны мен қарбызын, асқабағын өздері өндіретіндер ұтып тұр. Биыл елордада қауын мен қарбыз бағасы өте қымбат. Нағыз жеміс-жидек пен бақша дақылдарының пісетін кезі. Ал қарбыздың әр келісі – 150-170 теңге. Бұл барып тұрған масқара ғой, – дейді елордалық Нұрым ақсақал.

Ауылдан ­ағайын-туысы келіп, бала-шағасымен ­қауын-қарбыз жегісі келген ғой. Айтуына қарағанда, «Шарын» базарынан бастап, «Артем», «Шапағат», «Әсем», «Әлем» – барлық сауда орталығын аралап шыққан. «Қарбыздың ең арзанының келісі – 150 теңге. Бір қарбыз ең кемі 6-7 келі шықса, 1000 теңгеге сатып аласыз. Он қарбыз алсаңыз, 10 мың теңгеңізді саудагердің қалтасына санап бересіз. Міне, осыны көріп, Қаражар ауылында тұратын жиеніме қатты ренжідім» деді қария.

– Неге? – деп сұраймыз әңгімеге тартып.

– Жекеменшік үйі бар. Есігінің алдында алты сотық жері бар. Соған ештеңе екпейді ғой. Масқара еріншек. «Жұмыстан қолым тимейді» деп сылтау айтады. Ауласында құдығы бар. Содан суарса, еккен дақылдары шығар еді. Өткенде барсам, ауласын арамшөп басып жатыр. Біраз ұрысып, артынан ақылымды айттым.

– Айналайын-ау, мынадай қымбатшылық екі бүйірден қысып бара жатқан заманда аулаңдағы алты сотық жеріңе арамшөп өсіріп, саған не көрінді? Ерінбе, күзде жерді қазып, тыңайтқыш сеуіп тас­та. Көктемде оны күрекпен қопсытсаң, жерің жұп-жұмсақ болып, топырағы былқылдап жатады. Соған жүлге-жүлге жал жасап, қызанақ пен тәтті бұрыш, кәді көшеттерін отырғызсаң, қияр мен қауын, қарбыздың дәнін топыраққа тықсаң болды, жаз ортасында жемісін теріп, жеп отырасың десем, «оған уақыт қайда?!» деп күйдіреді, – деп қария біраз шындықтың бетін ашып тастады.

Жасыратыны жоқ, шы­найы құлшынысымен шағын ғана шаруасын дөңгелетіп отырғандарды көріп сүйсініп, қолындағы барды ұқсата алмай жатқан бауырларымызға жанымыз ашитынын да жасыра алмаймыз.

Не ексең, соны орасың. Бұл енді ақиқат. Тек қара жерге маңдай терді төгіп, еңбектене беру керек. Сонда дастарқанымыз да молая түсері сөзсіз.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button