Басты ақпаратҚала мен Сала

Астана – кәсіпкерлер қаласы

Әлем елдерінің бәсекеге қабілеттілік критерийі кәсіпкерлік саласының даму деңгейімен өлшенетіні рас. Себебі экономиканың қозғаушы күші – шағын және орта бизнес. Озық елдердің тәжірибесінен осыны көруге болады. Мәселен, Жапониядағы кәсіпорындардың жалпы санының 90 пайызынан астамын шағын және орта бизнес саласы құрайды. Ал АҚШ-та шағын және орта кәсіпкердің үлесі – 53 пайыз. Біздің елде 2050 жылға қарай кәсіпкерлік субъектілерінің үлесін 50 пайызға жеткізу межесі тұр. Бұл бағытта Астана қаласында қандай жұмыстар атқарылуда? Мұны Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ержан БАЛТАЕВТАН білдік.

– Елордада қанша кәсіпкерлік субъектісі бар? Олардың қаншасы белсенді жұмыс істейді? Ел бойынша есептегенде астаналық кәсіпкерлердің пайыздық үлесі қанша?

– Шыны керек, Астананы кәсіпкерлер қаласы деуге негіз бар. Оны статистика толық айғақтайды.

2022 жылғы 1 қазанында 220,2 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда 18,5 пайызға өскенін көруге болады. Жыл басынан бері кәсіпкерлік бағытында жұмыспен қамтылған адам саны – 444,3 мың (10,8 пайыз).

Елорда экономикасындағы кәсіпкерліктің үлесі 72 пайызды құрайды. Бұл дегеніміз – дамыған мемлекеттердің қатарындағы көрсеткішпен тең. Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 30 пайызды құрайды. Алдағы 5 жылда ел бойынша кәсіпкерліктің үлесін 50 пайызға жеткізу жоспарда бар. Бұл ретте, Астана өзге өңірлерге үлгі бола алатынын айтуымыз керек.

– Ел орталығында кәсіпкерлік дамуының ең негізгі себебін айта аласыз ба?

– Әрине, шағын және орта бизнестің дамуына бірнеше фактор әсер етеді.

Біріншіден, әлеуметтік инфрақұрылымның жетілуі бизнеске жайлылық туғызады.

Екіншіден, инвестицияға тартымды болуы да шешуші рөл атқарады.

Үшіншіден, сұраныс пен ұсыныстың тең дәрежеде қалыптасуы тікелей әсер етеді.

Ал сұраныс халық санының көбеюімен артатыны белгілі. Астана миллион тұрғыны бар мегаполиске айналды. Яғни сұраныстың артуымен жылына түрлі бағыттағы 10-15 мыңға жуық кәсіпорын ашылады. Жалпы Астанада 185 мың кәсіпорын болса, оның басым бөлігі – жеке кәсіпкерлік.

– Әр өңірдің, әр қаланың экономикасының дамуын сөз еткенде, инвестиция тарту деңгейімен сараланып жатады. Астана қаласы ел бойынша инвестиция тарту бойынша нешінші орында тұр?

– Елорда тау-кен өнеркәсі­бімен айналыспайтын өңірлер арасында көш бастап тұр.

2022 жылдың 10 айында 1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,9 пайызға артық.

Елорда құрылғаннан бері (1998-2021 жылы) инвестицияның жалпы көлемі 12,3 триллион теңгені құрады. Бұл ретте инвестицияның үштен бірі (4 триллион теңге) соңғы 4 жылға тиесілі.

Астана – шетелдік инвестор үшін тартымды қала. Оның дәлелі 1 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвес­тиция тартылды.

Бюджеттік инвестициялардың үлесі 11 пайызға дейін төмендетілді, бұрын оның үлесі барлық инвестицияның жартысынан астамын құрады. Қазір қала инвестициясының 80 пайызы – жеке бастамалар. ШОБ субъектілерінің қала экономикасындағы үлесі 72,4 пайызды құрайды.

– Инвесторлар көп жағдайда қай бағытта қаржы салады?

– Ағымдағы жылы 158,82 миллиард теңгеге (еркін экономикалық аймақтарды қосқанда) 61 жаңа инвестициялық жоба тартылды. Білім, медицина, спорт нысандары, логистика және қойма шаруашылығы, туризм сияқты әлеуметтік салада инвестициялық жобалар көптеп жүзеге асырылуда.

«Astana Invest» жалпы құны 1,6 триллион теңге құрайтын 268 инвестициялық жобаға қолдау көрсетуде. Оның 148-і Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетімен инвестициялық келісімшарт жасау механизмі бойынша жүзеге асырылуда. Бұл жобаларды 2026 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланды. Нәтижесінде 23 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.

– Астана қаласында қанша арнайы экономикалық аймақ бар? Онда қанша кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді?

– Астана қаласында екі арнайы экономикалық аймақ бар. Біріншісі – «Астана Жаңа қала». Екіншісі – «Астана-Технополис».

Біріншісінде, 300 қатысушы болса, екіншісінде, 13 кәсіпкер тіркелді.

«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының №1 Индустриалды парк аумағында 98 жоба жүзеге асырылуда. Оның 49-ы іске қосылса (инвес­тиция құны – 166,3 миллиард теңге), 49-ы жүзеге асырылуда (инвестиция құны – 90,3 миллиард теңге).

2011 жылдан бастап №1 индустриалды парк қатысушылары 5,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құрды, өнеркәсіптік кәсіпорындарға 256,6 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды. Осы уақытқа дейін 4,52 триллион теңгенің (9 айда 743,8 миллиард теңге.) өнімі өндірілді және 93,8 миллиард теңгенің өнімі экспортталды.

– Кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы азаматтарды қолдаудың қандай тетігі бар?

– Кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарға нарықтық қатынастардың негізін меңгеруіне жағдай жасап, қысқа мерзімді курстардан өтуге жағдай жасаймыз. Кәсіпкерлер қаржы институты мен екінші деңгейлі банктерден жеңілдетілген несие және мемлекеттік гранттар алуына мүмкіндік мол.

– Биыл қанша кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болды?

– Бүгінгі күні мемлекет тарапынан «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы» шеңберінде кәсіпкерлікті қаржылық қолдау ретінде келесі тетіктер жүзеге асырылады.

Біріншісі – несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау. Бұл тетік кәсіпкер үшін соңғы мөлшерлемені 6 пайызға дейін төмендетуді көздейді. Несиенің жаппай субсидияланатын сомасы – 3 миллиард теңге. Субсидиялау мерзімі – 5 жылға дейін.

Астана қаласы бойынша 4 жыл ішінде қолдау тапқан кәсіпкерлер жобасының саны 4 есеге артты, егер 2019 жылы 172 кәсіпкерге қолдау көрсетілсе, 2022 жылы (1 қазанға) 716 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді.

Екіншісі – несиені ішінара кепілдендіру. Ісін жаңадан бастаған шағын және орта бизнес өкілдері үшін – 85 пайыз, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектісі үшін 50 пайыз құрайды. Несиенің жоғарғы кепілдік берілетін сомасы: ісін жаңа бастағандар 360 миллион теңге, жұмыс істеп тұрғандар 1 миллиард теңге қаралды.

Үшіншісі – мемлекеттік гранттар беру. Грант 5 миллион теңгеге дейінгі жаңа бизнес-идеяны іске асыру үшін шағын бизнес субъектілеріне конкурстық негізде беріледі.

Биыл өтінім 1-15 сәуір аралығында қабылданып, 1,8 мыңнан астам өтінім түсті, бұл 2021 жылға қарағанда 5,4 есе көп. Байқау қорытындысымен кәсіпкерлердің 133 жобасы қолдау тапты.

2015 жылдан басым емес салаларды (сауда, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану) мемлекеттік қолдаумен қамту мақсатында әкімдік «Даму» қорымен бірлесіп «Астана бизнес 2» жеңілдікпен несие берудің жергілікті бағдарламасын іске асыруда. Несие екінші деңгейдегі банктер (RBK банкі, БЦК банкі) арқылы беріледі. Жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектісі үшін кредиттің ең жоғары сомасы – 100 миллион теңге, жаңадан бастағандар 50 миллион теңге қаралады. Несие мерзімі 7 жылға дейін. Сыйақы мөлшері – 7 пайыз.

– Астаналықтардың кәсіпкерлік дағдыларын арттырып, қысқа мерзімді курстар оқуға белсенділігі қалай? Биыл қанша адам сертификатталды?

– 2021 жылы кәсіпкерлік негізіне оқыту «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша 1312 адам сертификатталды. Сондай-ақ кәсіпкерлік негіздері бойынша орта білім беру колледжінің 1200 студенті, университеттің 1500 студенті оқытылды.

Осы уақытқа дейін кәсіпкерлік негізіне оқыту жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша жүргізілді. Жол картасының аяқталуына орай 2022 жылдан оқыту skills.enbek.kz порталы арқылы жүргізіледі. Бүгінгі күні кәсіпкерлік, негізі, оқу курсына 3000 адам өтінім білдіріп, оны 2399 адам аяқтады.

– Мектепте жоғары сынып оқушылары және университетте студенттер «Кәсіпкерлік негіздері» пәні бойынша білім алады. Оқу бағдарламасына кәсіпкерлік туралы енуі бұл саланың дамуына әсері ете ме?

– 2019 жылдан бастап елдегі бірқатар мектеп пен университетте «Кәсіпкерлік негіздері» деген сабақ өтіп келеді. Алдымен, бұл пән бойынша мұғалімдерді дайындадық. Мақсат – жас кәсіпкерлерді қалыптастыру, кәсіпкерліктің тәуекелдері мен табысы туралы түсінік беру.

Жастар кәсіпкерлік негіздерін жастайынан жадына тоқып, нарық заңдылығын жіті білгені дұрыс. Бұл – озық елдердің тәжірибесінде бар құбылыс.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button