Басты ақпаратМәдениет

«Жастар» театры және Нұрқанат Жақыпбай

Қазақ өнері кеңістігінен өзінің орнын ойып тұрып алған астаналық «Жастар» театрының қос мерей­тойы биыл қатар келіп отыр. Руханият ордасының құрылғанына 15 жыл толса, театрдың негізін қалаған танымал режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай мерейлі жетпіс бес жастың белесіне шықты. Өнер ошағы жыл соңында қос қуанышқа кенелді. Классик ­қаламгер Ғабит Мүсіреповтің либреттосы желісімен «Жібек» мюзиклін сахналаған Нұрқанат Жақыпбай Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанса, осы спектакльде Жібекті сомдаған актриса Назерке Серікболова «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын иеленді.

ТАРИХ НЕМЕСЕ БАСТАУЛАР

«Жастар» театрының тарихы 2007 жылдың 5 шілдесінен басталады. Осы күні өнер ошағы Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбайұлының «Шыңғысхан» спектаклімен алғаш шымылдығын ашты. Қойылымды қырғыз драматургі Жаныш Құлмамбетов­тің инсценировкасы негізінде Нұрқанат Жақыпбай сахналады. Астана қаласы әкімдігінің арнайы шақыртуымен елордаға келген әйгілі режиссер Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы өзінің шеберханасында білім алған бір топ шәкіртін ерте келіп, өнер айдынына салды.

Жас театрдың тәй-тәй басқан қадамымен өнері өрлеген сайдың тасындай қыз-жігіттер бүгінде өздері елге танылып, өнерде соқпағын салып келе жатыр. Бұл қатарда «Жастардың» алғашқы буыны, Нұрқанат Жақыпбаймен Алматыдан Астанаға еріп келген оның шәкірттері Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин, Азамат Есқұлов, Бақыт Хаджибаев, Жандәулет Батай, Айнұр Рахипова, Мәдина Май, Махаббат Мадғұлова есімдерін атап өтуіміз керек.

Театрдың алғашқы директоры, танымал театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжановтың еңбегін де атап өтпеске болмайды. Өнер иесі бір жылдың ішінде еліміздің жеті бірдей облысында гастрольдік сапар ұйымдастырып, жаңа театрдың көпшілікке танылуына тікелей себепші болды. Театрдың алғашқы жетістіктері де оның және Нұрқанат Жақыпбайдың есімімен байланысты.

15 ЖЫЛДА –14 БАС ЖҮЛДЕ

«Жастардың» ашылғанына небәрі бір жарым жыл болғанда, 2008 жылдың қазанында Шыңғыс Айтматовтың туғанына 80 жыл толуына орай Бішкек қаласында ұйымдастырылған «Art Ordo» атты халықаралық театр фестивалінде адамзаттың Айтматовы шығармаларының негізінде Нұрқанат Жақыпбай инсценировкасын жасап, сахналаған «Жан азабы» спектаклі үш бірдей аталымда жүлдеге ие болды. «Үздік спектакль» аталымында гран-при алса, «Жоғары деңгейдегі көркемдік шешім» және «Үздік сазды безендіру» аталымдарымен марапатталды. Дәл сол жылы Астана қаласы театрларының арасында жыл қорытындысы жасалып, Нұрқанат Жақыпбай қойған Н.Гогольдің «Ревизоры» ең үздік спектакль атанды.

Содан бастап әр жыл са­йын әртүрлі фестивальдерден ­театрдың қоржыны бос қайтқан кезі жоқ. Соның ішінде 2010 жылы Алматы қаласында өткен ІІІ халықаралық Орталық Азия елдері театрларының фестивалінде «Жастардың» тұсаукесер қойылымы – «Шыңғысхан» екі аталымда топ жарды. Спектакльді сахналаған Нұрқанат Жақыпбай үздік режиссер атанса, Шыңғысханды сомдаған Әділ Ахметов үздік актер болып танылды.

Жалпы театр өз тарихында, осы 15 жылдың ішінде әртүрлі фестивальдерге қатысып, 14 бас жүлде алды. Соның ішінде республикалық және халықаралық фестивальдерден С.Раевтың «Меккеге қарай ұзақ жол» әфсанасы, Н.Гогольдің «Ревизор» трагифарсы, У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы, Ж.Пило мен О.Шультездің «Моцарт» мюзиклі, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» мюзиклі, Ш.Айтматов, О.Бөкей, Р.Мұқанова шығармаларынан құралған «Ғасырдан да ұзақ күн…» триптихы әр жылдары үздік болып танылды. Осы спектакльдердің барлығының қоюшы режиссері – Нұрқанат Жақыпбай.

АКТЕРЛЕР АЛЫМЫ

Театр әртістерінің жетістіктеріне тоқталсақ, 2014 жылы Ақтау қаласында өткен Орта Азия мемлекеттерінің V халық­аралық фестиваліне Н.Гогольдің «Ревизор» трагифарсымен қатысқанда, Хлестаков бейнесін сомдаған Дәурен Серғазин «Ең үздік ер адам бейнесі» аталымын иеленді. 2016 жылы Түркістан шаһарында ұйымдастырылған Ж.Шаниннің 125 жылдығына арналған түркі әлемі театрларының «Театр көктемі» халықаралық фестивалінде У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясында Катаринаны сомдаған Айнұр Рахипова «Үздік әйел бейнесі» аталымында топ жарды.

Бұған қоса, аталмыш комедия «Ең үздік спектакль» болып танылып, Петручионы бейнелеген Әділ Ахметов «Қойылымдағы ұтымды бейне» аталымы бо­йынша марапатталды. Бес жыл бұрын Астанада өткен Қазақстан Ұлттық этникалық театрларының ІV республикалық фестивалі кезінде Ә.Кекілбаевтың «Нартәуекел» драмалық дастанындағы Абылайхан рөлі үшін Әділ Ахметов «Үздік ер адам бейнесі» аталымында алдына қара салмады. Дәл сол жылы Уфа қаласында ұйымдастырылған «Туғанлық» VІ халықаралық түркітілдес театрлар фестивалінде Н.Гогольдің «Ревизорында» Анна Андреевнаны сомдаған Махаббат Мадғұлова «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» аталымын жеңіп алды.

Ерекше атап өтерлігі, «Жастардың» актерлері кино өнерінде де үлкен сұранысқа ие. Әділ Ахметов пен Дәурен Серғазинді жалпы жұртшылық бірқатар фильм арқылы да таниды. Кинорежиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» көркем фильмінде Ілияс есімді бас кейіпкердің бірін ойнаған Әділ Мемлекеттік сыйлықты иеленді. Оның алдында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алып, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды.

Дәурен Серғазин де «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегері. Өнердегі ұстазы Нұрқанат Жақыпбай оны режиссерлікке де баулып жүр. Бүгінге дейін Дәурен «Жастар» театрында жеті спектакльді сахналады. Әзірге дейін соңғысы – Қанат Жүнісовтің «Пранк-Махаббат» комедиясы.

«Мен мәңгілік емеспін ғой. Өзімнің шәкіртім кейіннен орнымды басып, осы театрды алға қарай жүргізсе деген оймен Дәуренді режиссерлікке бағыттадым. Ол жастайынан алдыма келіп, қалай жұмыс істейтінімді, қолданатын тәсілдерімді, таңдаған тақырыптарымды көріп келе жатыр. Болашақта қалыптасқан ұжымды шашыратып алмау да маңызды. Дәуренге «не қойғың келсе, соны қой» деп шығармашылық еркіндік бердім. Оның негізгі кәсібі – актер. Бірақ ре­жиссерлік қолынан келіп тұр» дейді бұл туралы Нұрқанат Жақыпбай.

Биыл «Дос-Мұқасан» атауымен аты аңызға айналған ансамбль туралы көркем фильм көрерменге жол тартты. Фильмде басты рөлдерді Астана қаласы «Жастар» театрының бір топ әртісі сомдайды. Атап айтқанда, Досым Сүлеевті – Мейірғат Амангелдин, Мұрат Құсайыновтың ұлғайған кезін – Ғани Құлжанов, Қамит Санбаевты – Елдос Шайкенов, Шәмша Беркімбаеваны – Айнұр Рахипова, Усмадияр Маханов­ты Азамат Есқұлов ойнайды. Фильмнің музыкалық редакторы – «Жастар» театрының хормейстері Әнел Сіргебаева.

Мейірғат Амангелдин кино­режиссер Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы: Алмас қылыш» және соның жалғасы – «Алтын тақ» фильмдерінде Қасым сұлтанның бейнесін сомдап, көпшілікке танылды. Жақында ғана Qazaqstan ұлттық арнасынан көрсетілген «Мағжан. Мен жастарға сенемін» тарихи телехикаясында бас кейіпкер – әйгілі ақынның образында көрінді.

«Жастар» театрындағы актерлік құрамның 99 пайызы – театрдың көркемдік жетекшісі – бас режиссері Нұрқанат Жақып­байдың шәкірттері. Олардың сахнада да, кинода да жарқырап көрінуіне режиссердің қосып келе жатқан үлесі зор.

«Бұл күндері театрда бес буын актерлер бар. Олардың көпшілігі – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген өзімнің шәкірттерім. Олар – әбден қайралған, қиындыққа төзетін менің қолымдағы инструменттер. Қазіргі актерлер бесаспап болуы керек. Олар ән де айта біліп, пластиканы меңгеру керек. Цирк өнерін де үйреніп, музыкалық аспаптарда ойнай білуі қажет. «Жастар» театрының актерлері жан-жақты өнерді меңгерген деп айта аламын. Яғни мен спектакль қойғанда оркестр іздемеймін. Бұл қосымша шығын ғой. Әртүрлі жанрдағы спектакльдерді өз күшімізбен қойып жатырмыз. Шетелге шыққанда актерлеріміздің бесаспаптығына жұрт таңғалады» дейді Нұрқанат Жақыпбай.

ШЫҢҒЫС ПЕН ШЕКСПИРДЕН ШАБЫТ АЛДЫ

Бір атап өтерлігі, Нұрқанат Жақыпбай осы театрға келмей тұрып-ақ талантты режиссер болып танылды. Танымал режиссердің өнердің өз адамына айналғанына жарты ғасырдан асты. Әу баста актер болып қызметін бастаған ол кейіннен режиссерлікке бет бұрды. Шығармашылығы театр мен кино өнерімен қатар өрілген кездері де болды. Ұстаз ретінде бірнеше буын шәкірттерді тәрбиеледі.

1993 жылы оның шәкірттері Уфа қаласында өткен театр ­институттарының халықаралық студенттік спектакльдердің ­фестиваліне қатысып, ұстаздары сахналаған «Ерте, ерте, ертеде…» қойылымы ең үздік спектакль атанды. Нұрқанат Жақыпбай 1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдығына орай өткен ІІІ ­республикалық театрлар фестивалінде М.Әуезовтің «Жас Абай» спектаклімен, 1998 жылы VІ республикалық театрлар фес­тивалінде Ш.Айтматовтың «Жан азабы» қойылымымен «Ең үздік режиссер» атағын жеңіп алды. Осы «Жан азабын» сол жылы Мысырда өткен халықаралық эксперименталды театрлар фестивалінде театр мамандары «Ең үздік спектакль» деп таныды. 2003 жылы жастардың халық­аралық «Шабыт» фестивалінде Нұрқанат Жақыпбай қойған «Қозы мен Баян» мюзиклі «Ең үздік спектакль» болып танылып, гран-при иеленді.

Биыл Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты иеленген оның «Жібек» мюзиклінің бұдан бұрын да жұлдызы жанды. Алматыда өткен Қазақстанның халық әртісі Райымбек Сейтметовтің 80 жылдығына арналған республикалық драма театр­лары фестивалінде бас жүлдені иеленді.

Нұрқанат Жақыпбай – елде ғана емес, халықаралық деңгейде мойындалған режиссер. Бес жыл бұрын Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықты иеленді. Биыл елеулі еңбегі үшін Türksoy халықаралық түркі мәдениеті ұйымының орденімен марапатталды.

Осының бәріне тоқмейілсіп отырған режиссер жоқ, жоспарлары әлі де көп. «Ең жақсы көретін жазушым – Шыңғыс Айтматов. Оның шығармаларына мектептен құмармын. Келесі жылы оның туғанына 95 жыл толады. Соған қазір іштей дайындық жүргізіп жатырмын. Сондықтан шығармаларын екшеп жүрмін. Шекспирден асып кеткен драматург жоқ. Шекспир – драматургияның шыңы. Ол барлық халыққа бірдей. Одан жақсы материал алып, актердің өсуіне де жағдай жасауға болады. Бұдан бұрын Шекспирдің «Гамлетін», «Асауға тұсауын» қойдым. Қазір «Ромео-Джульеттаны» дайындап жатырмын. Жалпы «Үш күн Шекспирмен» деген жобаны әзірледім. Сол күндер «Гамлетпен» басталып, «Асауға тұсаумен» жалғасып, «Ромео мен Джульеттамен» түйінделеді» дейді Нұрқанат Жақыпбай.

200-ге жуық адам жұмыс істейтін, 2015 жылы өз ғимаратына ие болған «Жастар» театрының тізгіні қазір Әділ Ахметовтің қолында. 26 қарашада мұнда Нұрқанат Жақыпбай қойған Шекспирдің «Ромео-Джульетта» спектаклінің премьерасы өтеді. Ал келесі күні театрдың және өнер ошағының негізін қалаған режиссердің мерейтойларына орай мерекелік кеш өтеді. Онда Нұрқанат Жақыпбайдың шығармашылығы жайында журналист, театртанушы Назерке Жұмабай жазған кітаптың таныстырылымы өтіп, кеш «Ромео-Джульетта» премьерасымен жалғасады. Келіңіздер! Көріңіздер!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button