Мәселе

Жемқорлықсыз қазынашылық

Қазынашылық – еліміздің экономикалық дамуына тікелей әсер ететін, мемлекеттік қаржыны тиімді және орнықты басқаруға жауап беретін еліміздің бюджеттік жүйесіндегі маңызды буын. Осыған сәйкес, бұл қызмет бастапқыда-ақ әрбір басқару саласында кірістер мен шығыстардың ашықтығы мен бақы­лауын қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылған.

Бұл, өз кезегінде, жалпыға бірдей танылған бухгалтерлік есеп, кіріс­тер мен шығыстардың бірыңғай бюджеттік сыныптамасы, барлық мемлекеттік органдарды қажетті ақшалай қаражатпен қамтамасыз етудегі бірқалыпты қазынашылық нормалар мен стандарттар тұрғысынан алып қарағанда өте маңызды қызмет саласы, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттің ақша ағынын басқаруды бірыңғай жүйеге біріктірген арнаулы аумақтық қаржылық органдардың жиынтығы.

Қазынашылық ақпараттық жүйесі шешім қабылдаушы мемлекеттік органдарға анық, уақытылы және толық қаржылық ақпаратты ұсына отырып, барлық деңгейлер мен кезеңдерде бюджеттік үрдістің атқарылуын қатаң бақылаумен, жергілікті бюджеттер мен мемлекеттік мекемелер үшін мемлекеттік қаржыны барлық деңгейде тиімді басқаруға негізделген.

«Есеп айырысу – кассалық қызмет көрсету», мемлекеттік мекемелердің қолма-қол ақшаны бақылау шотын, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарын жүргізу, бюджет құралын басқару, қаржыландыру жоспарын жүргізу, азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу, мемлекеттік мекемелер/ квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінің төлемдерін жүргізу, бюджетті атқару туралы есептілікті құру бюджетті атқару бойынша қазынашылық органдарының негізгі қызметі болғандықтан, еліміздің игілігі жолындағы адал әрі еселі еңбекті қажет ететін салада сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейтіні сөзсіз.

«Әділдік жоқ жерде пара белең алады» деп халқымыз айтқандай, сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат пен қоғамда бәсекелестік пайда болған жерге тамырын жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған кесел. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің де мемлекетімізге орасан зор нұқсан келтіретіні белгілі. Сондықтан кез келген ортада пара беру және пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет деп ойлаймын. Бұл орайда бюджеттің ашық болуы – еліміздің экономикалық дамуына бірден-бір әсер ететін көптеген фактордың бірі, осы орайда процестер мен ақпараттардың жасырын болуы да мемлекеттік органдарда жемқорлықты тудырады деп есептеймін.

Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында Қазақстанда барлық мемлекеттік органдарда, атап айтсақ, Астана қаласы бойынша Қазынашылық департаментінде сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыс бағытының негізгі басымдығы болатын жемқорлыққа қарсы іс-әрекет бойынша мақсатты, жоспарға сай жүйелі шаралар қабылданып, орындалуда. Сонымен қатар жемқорлық құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-әрекет туралы заңнамаларды түсіндіру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу іс-шаралары тақырыбында дәрістер мен семинарлар жоспарға сай үнемі өткізіледі. Бұл аталған іс-шаралар – жемқорлыққа қазынашылық саласы қызметкерлерінің арасындағы жалпы атқарылған жұмыстың азғантай бөлігі ғана.

Астана қаласының Қазынашылық департаменті жемқорлықтың алдын алу және оның көріністерімен күресуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәртіпті күшейтуге, өз қызметінде тәртіпті нығайтуға, жемқорлықты болдырмау үшін алға қойған міндеттерін орындауда алдағы уақытта да қарқынды әрі мінсіз еңбек ететін болады.

Б.САДВОКАСОВА, ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің Астана қаласы бойынша Қазынашылық департаменті басшысының орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button