Мәдениет

Аңсаған «Жерұйық» – Астана

Қазақтың рухани қазынасы тағы бір тың туындымен толықты. Өткен сенбі күні Бейбітшілік және келісім сарайында­ «Жерұйық» атты рок-операның тұсауы кесіліп, көрермен жүрегіне жол тартты.

Рок жанрындағы опералық қойылым елімізде бұрын-соңды сахналанбаған. Бұл – осы жанрдағы алғашқы туынды.­ Шығарманың музыкасын жазған белгілі композитор Төлеген Мұха­мед­жанов, ал сөзін – ақын Қадыр Мырзалиев жазып кеткен.

Бұл туынды негізінен осыдан 33 жыл бұрын дүниеге келген екен. Тіпті, әйгілі «Дос-Мұқасан» ансам­блі­нің Алматыдағы Республика сарайында орындағаны да бар. Бірақ олар шығарманы спектакль емес, концерттік бағдарлама ретінде алып шығады. Халық жылы қабылдаған туынды кейін ұмыт қалады. Алайда,­ Мұрат Құсайынов секілді өнер жана­­шы­­рының қолқалауымен шығарма қайта­дан­ жаңғырады. Төлеген Мұха­мед­­жа­­нов­тың айтуынша,­ қазіргі «Жерұйық» бұрынғыға ұқса­майды. Бұл – қазіргі заманға лайық­тал­ған, мұнда балет те, драма да бар.

Қойылым еліне жайлы қоныс қараған Асан Қайғы туралы аңыздың желі­­сі­мен өрбиді. Қазақ даласын түгел шарлап, жер жаннатын іздеген абыз елдің бірлігін, азаттығын аңсайды. Бірақ әзәзілдің ел арасына салған іріткісі, үш жүз батырларының өзара алауыздығы мен араздығы оған мүмкіндік бермейді. Оқиғаның соңында ауызбіршіліктің ең қымбат қазына екенін түсінген ел әзәзіл дұш­панды жеңіп, дербес мемлекетке айналады. Дудар мен Мәриямның махаббаты арқылы ұлттар арасындағы тату­­лық­ты меңзеп, ынтымақққа шақыр­­ған спектакльдің шарықтау шегін­де Асан Қайғы Сарыарқа төсі­нен армандаған жер жаннатын іздеп табады. Талай ғасыр өткеннен кейін бұл мекенде еркін қазақтың елордасы – Астана бой көтереді.

Рок-операның қоюшы-режиссері – Юрий Александров. Бұл елімізге тың­ жанр болуы себепті қойылымды сах­налауға осы ресейлік режиссер шақырылған көрінеді. Қазақтың салт-дәстүрімен жақсы таныс әрі бұған дейін қазақ сахнасына «Абылай хан», «Турандот» секілді әйгілі операларды алып шыққан Ю.Александровтың бұл кезекті шығармасы да көрермен жүрегіне жол тапқаны анық.

Қойылымдағы басты рөл – Асан Қайғыны белгілі әнші Нұрлан Өнер­баев­ орындады. Көрерменге көп көрін­бей кеткен әншінің абыз бейне­сінде жарқ етуі жұртшылықтың да көңі­лінен шықса керек.

Рок-операға Мәдина Басбаева, Светлана Васина (Мәриям), Бауыржан Исаев, Рүстем Сейітбеков (Дудар), «Жастар» театрының әртісі Бауыржан Нұрымбетов (Әзәзіл рөлінде), Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының әртістері, «Терра» және «Наз» би театры мен теміртаулық «Брэйк Данс» тобының бишілері қатысты.

Қоюшы режиссерлер сахнаның безендірілуіне де ерекше мән бер­ге­нін айта кеткен жөн. Асан Қайғы заманын көз алдыңызға әкелетін сахналық алаң балбал тастан жасалған адам мүсіндерімен айшықталыпты.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button