Басты ақпаратМәселе

Аққулар Талдыкөлмен қоштасты ма?

Қазақ жерін мекендейтін құстардың 147 түрінің ішінде аққу – киелі, текті құс. Бізге берілген саналы адамзаттың өмір тіршілігіне өте ұқсас сәйкестіктер бар. Аққулардың бойына мынадай қасиеттер тән: жарына адалдық, ақ ниет, сұлулық пен сымбат, тән тазалығы

Қазақ елінде құстардың ішінде аққуларға ерекше құрметпен қараған. Олар көптеген рәміздерде, тас-таңбаларда бейнеленген, тойларда аққулардың мәңгілік махаббатын адам баласына тілеген және театр-балет көріністерінде көрсетіледі. Бұдан бөлек, аққуларға арналған әндер мен ақындардың жырлары халық ішінде өте көп тараған. Біздің негізгі атамекеніміз – осы салынып жатқан Астананың Талдыкөл деген сулы-балшықты және қалың қамысты аймағы. Жаздық құс қауымына деген азық қоры мол, жағасына қалың қамыс біткендіктен, аққулармен бірге қамысқа ұя салып, ұрпақ өрбітетін тағы басқа құстар қауымы бар, олар: барылдақ үйрек, ысылдақ шүрегей, италақаз, көк сүңгуір, қасқалдақ, саралақаз, ұзынсирақ балықшы, тауқұдірет, мойнақ шағала, көл шағаласы, өгіз шағаласы. Бұдан бөлек, Қызыл кітапқа енген құстар бар, олар: сүйір тұмсықты шалшықшы құс, тазтырна, ақтырна, кейде өткінші қоқиқаздар келіп-кетіп жүреді. Кеміргіштер отрядынан құнды терісі бар ондатра мекендейді және қара балық бар. Осы Талдыкөл маңайында өсетін биіктігі 2-3 метрлік қалың қамыс құстарға қолайлы қорған болып тұр. Бұл көлде мекендейтін құстарға тіршілік қорегіне айналған азық өте көп. Мұнда су астындағы өсімдіктердің түр-түрі бар және бақа, құрт, құмырсқа, тағы басқа су жәндіктері мен ұлулар да тіршілік етеді. Көптеген су және су маңы құстары осында ұялайды, одан басқа құстардың көбі ұшып келу-кету кезеңінде демалады, қоректенеді, жазғы түлеу өтеді.

Осы жыл ерекше төлді жыл болды, басқа аққулар 3-4 балапан шығарса, менің аналық аққуым алты жұмыртқадан бес балапан өмірге әкелді. Талдыкөлдің айдынында орныққан құстар қауымы бейбіт-берекелі тіршілік кешуде, мәз-мейрам өмір сүріп, өскелең ұрпағын өрбітіп жатқан кез. Мемлекет тұрғын үй сатып алуға ұзақ жылғы несие бағдарламасын ашқандықтан, халықтың пәтерге деген сұранысы еселеніп көбейген. Астананы салуға қомақты инвестиция салынғандықтан, құрылыс индустриясы қарқынды дамып, көпқабатты үйлер көз ілестірмей тез салынып, біздің көлдің жағасына да жетіп қалды. Байқап отырсам, көпқабатты пәтерлер тез салынады екен, үйдің қаңқасын «кобра» деген қондырғымен тез құйып шығады екен, одан кейін газды блокпен қалап, оның сыртынан «isover» деген мақтаны шегелей салады екен, кейін терезені салып, үйдің сыртын алюкобондпен қаптайды. Астананы салуға жұмысшылар күші әлі де жетіспейді, мұнда еңбек етіп, табыс көзін тауып жүрген сырт мемлекеттен келген қауым бар, олар: түрік, өзбек, тәжік, тағы да басқа ұлттар. Бұған қоса, ауылдардан келіп құрылыста жалданып жұмыс істеп жүрген өзіміздің қазақтар. Дамыған, қуатты, бай мемлекет – Біріккен Араб әмірлігі теңіз үстіне қала салғанда, Қазақстан Түркістанда екінші «Венеция» салды. Сонда қазақ елінің Біріккен Араб әмірлігінен қай жері кем?! Бас жоспар бойынша Астананы салу үшін Талдыкөлді кептіріп, оның орнына көпқабатты үй салу сөз болып па?!

Жаздың ортасына келіп қалған кез, тал түсте Қытайдың «Шайсман» деген 50 тонналық жүк машинасы тиеген құрылыс қалдықтарын көлдің жағасына гүрс еткізіп төкті, одан кейін осы машиналар үлкен Талдыкөл мен Кіші Талдыкөл ортасын бөліп жол сала бастады, жоғарыдағы кішкене көлшіктердің суын мотормен сорып, үлкен Талдыкөлге ағыза бастады. Кіші Талдыкөлдің жағасындағы қалың жап-жасыл қамыстың үстіне ауыр жүк машиналары топырақты әкеліп, өсіп тұрған қамыстың үстіне төге бастады. Бір күні түнде бір жауыз адам келіп, қалың қамысқа өрт тастап кетті. Үш- төрт сөндіруші машина түннің бір уағына дейін әрең сөндірді. Көлдің айналасы алай-дүлей, у-шу болып кетті. Жағалай өрт пен түтіннен көлді мекендейтін құстар қауымының тыныштығы бұзылды. Адам факторының қатысуымен антропогендік кысым күннен-күнге күшейе түсті. Күнделікті дүрілдеген техниканың шуынан құстардың мазасы кетті, күннен-күнге үрей көбейіп, тіршілік мүмкіндігі азая берді. 2005 жылы Қазақстан сулы батпақты аймақты сақтау туралы дүниежүзілік Рамсар конвенциясына қол қойған, бірақ ол орындалмай қалды. Құстардың басына күн туып тұрған кезде қала адамдары жағдайымызды түсініп, бізге жаны ашып, күнде кешке келіп балапандарға нан тастайды. Балапандар адамға тез үйреніп, судың жағасына тастаған жемді жей бастайды, «сендер салмақ алып, күзде ұша алмай қаласыңдар» деген ескертуімді «тыңдамай» жаман үйреніп алды. Құстардың бәрінің басында бір ой, ол – төніп тұрған қауіп-қатерден аман-есен шығып, осы күзге дейін жетілген балапандарын жылы жаққа алып кету.

Құс пен адамға тіршілік көзі болған Талдыкөл атамекенін құрылысқа айналдыру кімнің шешімі болса да, бұл халықтың талқылауына түспей қабылданған. Ұлыбритания мемлекетінде сол елдің кез келген қарапайым азаматы Парламентке кіріп, өзінің талап-арызын, заңға өзгерістер енгізу туралы ұсынысын еркін айта алады және Парламент оның өтінішін қарап, шешімін шығарады. Ондай үрдіс бұрын қазақ елінде де болған, батырлар халқын, жерін қорғаса, қоғамда қандай мәселе туса да, қазақ билері шешімді көпшілік қауымның қорытындысын ескере отырып, әділ шешім қабылдап, орындаған. Қызыл империя тұсындағы қиын-қыстау жылдары қазақтың басына қуғын-сүргін, нәубет, ашаршылық туғанда, атамекенін тастап жан-жаққа тарыдай шашылып кетті. Басқа жат елдерге босып барған қазақтар аштықтың зардабына шыдай алмай, баласын сатып, зорлық-зомбылықты, әлімжеттікті көріп, басар тауы, барар жері қалмады. Атырау-Ақтау қазақтары Түрікменстанға қашты, одан әлімжеттік қысым көргендіктен, Иранға барып паналады. Қытайға ауған қазақтар одан қайырым көре алмай, 18 мың қазақ Тибет, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан асып, тек 1500 қазақ Түркияға жетіп паналаған, қалғаны көрмегенді көріп, жолда өлген. Жалпы саналы түрде қолдан жасалған бұл геноцидтен төрт миллионнан астам қазақ құрбан болды. Бұл дүниеде атақоныс, атамекенінен айырылу – адамзат пен жануарлар әлеміне бірдей қасірет. Осы көлді мекендейтін құстардың да баратын жері, қонатын көлі қалмады-ау. Сулы, көлді мекендер жылдан-жылға тартылып, азайып барады. Құстардың жылдағы келіп-кетіп жүрген атақонысы енді адамның қонысына айналды. Жаңа салынып жатқан құрылыстың баннерінде мынадай ұран жазылған: «Бұл – бақыт мекені». Ал Талдыкөлден айырылғандықтан, құстар қауымы үшін ол енді «елес мекені» болып қалды. Көп ұзамай күз де келді, жылы жаққа қайтып бара жатқан аққулар керуені біздің көлге тыныстауға қонды. Әлемдегі экологиялық тепе теңдікті сақтамағандықтан, табиғи апаттар жылдан-жылға көбеюде. Атмосфераның ластануына байланысты қанаттылар «бұрынғы құс жолымен» ұшпай, амалсыз айналып, бағытын өзгертіп ұшады. Ертеңгі күні біз де аққу керуеніне «қосылдық», көзден нөсерлеп аққан жас. Қош бол, Талдыкөл, біздің сүйікті атамекеніміз, алтын бесігіміз! Биіктікті алып, артымызға қимай қарай бердік, қарай бердік… Талдыкөл де: «Қош болыңдар! Жолдарың болсын!» дегендей кішірейе берді, кішірейе берді…

Игілік ӘМІРҒАЛИН, Астана

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button