Басты ақпаратБілімЖаңалықтар

Арман сапарына аттанды

Кеше еліміз бойынша үлкен өмірге аттанғалы отырған мектеп түлектері үшін қоңырау үні соңғы рет соғылды. Осындай ізгілікке толы салтанатты шара Астанадағы №60 мектеп-лицейде өтті. Оған елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.

Он жыл бойы білім нәрімен сусындаған алтын ұя мектебімен қоштасу кім-кімге де оңай емес. Әдемі киінген бозбала мен бойжеткендердің жүздерінен бір қимастық сезімді байқадық.
Елордадағы №60 мектеп-лицей – өзіндік тәжірибесі қалыптас­қан бірегей ұжым. Еуропа бизнес Ассамблеясы 2013 жылы осы мектепке «Еуропалық сапа» наградасын тапсырып, жетекші оқу орталықтарының ресми халықаралық тізбесіне енгізген. Міне, осыдан-ақ оқу ордасының абыройы қандай деңгейде екенін білуге болады.


Ұстаздар мен оқушыларды соңғы қо­ңырау мерекесімен құттықтаған қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев:
– Құрметті түлектер! Сіздер үлкен жолға қадам басқалы отырсыздар. Алда­рыңызда өмірдің даңғыл жолы жатыр. Елбасымыздың өзі жастарға үлкен қамқорлық көрсетіп келеді. Мынадай зәулім ғимаратта білім алдыңыздар. Ұлағатты ұстаздардан дәріс тыңдап, арман асуына дайын болып отырсыздар. Сондықтан алдарыңызға қойған мақсаттарыңыз, армандарыңыз орындалсын. Еліміздің дамуына елеулі үлес қосатын азамат болыңыздар. Барлық­тарыңызға ақ жол тілеймін, – деді.


№60 мектеп-лицейдің директоры Айман Дүйсенова да ізгі тілегін жеткізді.
– Бүгін – біз үшін ерекше күн. Түлек­терімізді арман сапарына шығарып сал­мақпыз. Әрине, қимаймыз. Бірақ, өмір заңы – сол. Жалпы, біздің мектепте 242 жеткіншек білім алады. Биыл 160 түлек мектеп бітіреді. Оның ішінде 15 оқушы «Алтын белгіге» үміткер, 10 түлек үздік аттестаттың иесі атанбақшы. Биылғы оқу жылын жоғары деңгейде аяқтап отырмыз. Әсіресе, біздің балалар математика, биология, химия пәндерін тереңдетіп оқиды. Оқушыларымыз халықаралық, республикалық олимпиадаларға қатысып, үздіктер қатарынан көрінді. Қалалық олимпиададан үшінші орынды иелендік. Ал республика көлемінде халықаралық жобалар бойынша алдыңғы орында келеміз. Енді оқушыларымыз Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, ата-анасы мен мұғалімдерін қуантса дейміз. Түлектерге сәттілік, бақыт тілеймін, – деді ол.


Соңғы қоңырау салтанатынан кейін астаналық түлектер «Бәйтерек» мону­менті жанында ұйымдастырылған «Біз – ел болашағымыз» атты мерекелік шараға қатысты.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button