Басты ақпарат

Астана қалай цифрланып жатыр?

Жақында өткен Digital Bridge халықаралық технологиялық форумына қатысушылар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігін үздік цифрландырылған кеңсе деп таныды. Шетелдік мамандар цифрландыру қарапайым халықтың мүддесін көздейтінін атап көрсетті.Бүгінде жер-жаһанның халқы 7,6 млрд-қа жетті. Олардың 55 пайызы қалада тұрады. БҰҰ болжамына сенсек, 2050 жылы әлемде шаһарға қоныстанушылардың үлесі 68 пайызға дейін өспекші. Тұрғындарының қарасы қалыңдаған сайын қаланың тұрмыс-тіршілігіндегі проблемалар да көбейе түсетіні түсінікті. Мұндайда тығырықтан шығар жол жалғыз – «ақылды қала» жүйесін қалыптастыру.
Қазіргі кезде әлемнің 2500 қаласы «ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асырып отыр. Осы жүйеге Қазақстаннан 2 мегаполис енген: Нұр-Сұлтан мен Алматы. Елорда қаланың жетілуін бағалайтын IDC Smart City моделі бойынша 2018 жылы 2,48 балл иеленді. Ең цифрлық мемлекет саналатын Сингапурде бұл көрсеткіш 4,4 балды көрсетеді.
Бас қаланың әкімі А.Көлгіновтің айтуынша, адамзаттың болашағы қалалармен байланысты болмақ. Қала өмір сүруге қолайлы және қауіпсіз болуы керек. Сондықтан да елордада Еуропаның озық қалаларының тәжірибесіне сүйене отырып, қауіпсіздік, логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ТКШ және қоғамдық қызметтер стандарттарына негізделген «ақылды қала» тұжырымдамасы әзірленіп жатыр.
– Азаматтардың мәселелерін жедел әрі оңтайлы шешудің бір жолы – олардың мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынас орнатуында жатыр. Сол себепті елорда әкімдігі жанынан құрылған қала акселераторы шаһар дамуының жүйелі және стратегиялық мәселелерін шешуге арналған бірыңғай алаң болып табылады, – деді Алтай Көлгінов.
Әкім өзінің Instagram парақшасына «Қазіргі заманда цифрлау туралы естімеген адам сирек, әлеуметтік желілер әсерлі коммуникация құралына және өзара диалог қалыптастыратын қуатты алаңға айналды. Осы арқылы тұрғындар жедел ақпараттар алып отырады. Әлеуметтік желілердің арқасында қала тұрғындары мен қонақтары қай кезде де маған тікелей өтініш айта алады. Барлық өтініштеріңіз бен арыз-шағымдарыңыз міндетті түрде назарға алынатын болады» деп жазды.
Айтайық, астананың «ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асырудағы алғашқы аяқ алыстары нәтижесіз емес. Мәселен, бас қалада Smart Astana жобасы бойынша мемлекеттік және коммерциялық 70 түрлі сервистер мен қызметтер көрсетіледі. Оның ішінде жұрттың ең көп пайдаланатыны – үйге дәрігер шақырту, дәрігер қабылдауына жазылу, айыппұлдар мен әкімшілік заң бұзушылықтарды қарау, түрлі анықтамалардың растығына көз жеткізу, т. б. Сондай-ақ түрлі сауалнамалар жүргізу барысында цифрландыру жүйесі қолданылады.
Елорданың барлық медициналық ұйымдары толықтай ақпараттық жүйемен қамтылған және интернет желісіне қосылған. Емдеу мекемелерінің 8101 дәрігері мен мейірбикелері ақпараттық жүйені пайдаланады. Электрондық форматта 24833 радиологиялық диагностикалауды зерттеу жүргізілді. 30933 электрондық-стационарлық парақ шығарылды.
Цифрландырудың арқасында биыл 17 мың бала 1-сыныпқа электронды жүйе арқылы қабылданды. Мектепке дейінгі ұйымдардың 28 мыңнан астам ұсыныстары мен өтініштері автоматты түрде өңделді. 6 мың оқушы колледждерге онлайн-өтініш арқылы қабылданды. Білім саласы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету 3-5 күннен 5-10 минутқа дейін қысқарды.
Нұр-Сұлтан қалалық Инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров: «Жаңартылған жүйенің жағымды тұсы тек бұл емес. Сондай-ақ ата-аналарға балабақшалар туралы рейтингтерді білуге көмектеседі. Осы тұста кез келген ата-ана мектепке дейінгі мекеме туралы мол мағлұматпен қамтылады. Нәтижесінде қайсысы балаңызға ыңғайлы, қайсысы ыңғайсыз екенін біле аласыз» дейді.
Сондай-ақ Smart Astana жобасын жүзеге асыру арқылы жол-көлік оқиғаларының саны 15 пайызға кеміді. Жол апатынан жарақат алғандар 16 пайызға азайып, қаза тапқандар 48 пайызға төмендеді.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында Сарыарқа ауданында «Қатысу бюджеті» жобасы іске қосылған болатын. Ол бойынша аудан тұрғындары әкімдіктің 500 миллион теңгені қандай іске жұмсауы керектігін дауыс беру арқылы анықтайды. Әкімдік ең көп дауысын жинаған жобаны жүзеге асыруға міндетті.
Сонымен қатар Big Data жобасы қолға алынған. Бұл – жасанды интеллект негізінде ықтимал жайттарды болжауға және модельдеуге арналған ақпараттардың үлкен көлемін басқаратын және талдайтын ақпараттық жүйе. Жоба 100 пайыз қазақстандық өнімге құрылған. Қазіргі күні осы жүйе 307 бақылау нысаны бойынша 104 дереккөзін біріктіреді. Білім беру саласында бірыңғай төлем жүйесі қалыптастырылған. Балалар бір карточкамен мектепке кіреді және асханадан тамақтануы мен қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлей алады.
Елордадағы барлық мектептер робототехника кабинеттерімен жабдықталған, 36 мектепте STEM-зертхана бар. Балабақшаларда робототехниканы үйрететін алаңдар ашылған.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалада жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асыру аудан әкімдіктерінің құзырынан Білім басқармасына көшті. Ауыс-түйіс кезінде қатысу табелін, басқа да құжаттарды тапсыру ұзын-сонар кезек туындатты. Осы мәселені шешу үшін электронды табельдер енгізілді. Сөйтіп құжаттарды қолмен тасымалдаудың керегі болмай қалды, әкімдікке мемлекеттік тапсырыс бойынша берілетін барлық есеп-қисап цифрлы нұсқаға айналды.
Қорытындылап айтқанда, әлем өркениеті дамыған сайын шартараптың әртүрлі өңірлерінен жаңадан «ақылды қалалар» пайда бола беретін болады. Ал бұрынғыларының басқару жүйесі одан әрмен жетіле бермек. Қоғам салтына «ақылды» басқару жүйесін енгізу жаңадан пайдалы ресурстардың көздерін ашуды жеңілдете түседі. Сондай-ақ цифрлық мегаполис IT-секторының дамуына баға жетпес табыс әкеледі. Мұндай қала тұрғындарының тұрмысы жайланып, өмір сүру сапасы артып, талап-тілектері атқарушы биліктің ұдайы назарында болады. Яғни атқарушы билік пен қарапайым халықтың арасында өзара тығыз байланыс орнайды. Міне, мемлекеттің саяси тұрақтылығы мен экономикалық дамудың басты кепілі осы болса керек.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button