Елорда тынысы

«Астана» – жеті дүркін чемпион!

Футболдан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Елорданың «Астана» клубы жетінші рет ел чемпионы атанды.

Жексенбі күні өткен соңғы турда көшбасшы командалардың бәрі жеңіске жетті. Атап айтқанда, «Астана» Қарағандыда жергілікті «Шахтер» командасын 3:2 есебімен ұтса, еліміздің бес дүркін чемпионы «Ақтөбе» өз алаңында соңғы турға дейін қола жүлдеге үміткер болып келген «Қайрат» командасын 4:1 есебімен тізе бүктірді. Есесіне қоладан қол үзбеген қостанайлық «Тобыл» сырт алаңда «Ақжайықты» ұтып (3:1), турнир кестесін үшінші болып аяқтады.

Чемпионаттың үздік мергені болып «астаналық» Педро Энженио (Португалия) танылды. Ол қарсыластар қақпасына 18 гол соқты. Тағы бір «астаналық» Марин Томасов (Хорватия) мергендер бәсекесінде 15 голдың авторы атанып, екінші көрсеткішке қол жеткізді.

Ал соңғы орында қалған «Тұран» (Түркістан) мен «Ақжайық» премьер-лигамен қоштасты. Ал бірінші лигада үздік шыққан «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Ақжайық» (Қызылорда) араға бір жыл салып премьер-лигаға оралатын болды.

Сонымен, 2022 жылдың футбол чемпионаты тарих қойнауына өтті. «Астана» командасы жетінші рет Қазақстан чемпионы атанып, ұлттық футболдың рекордын жаңартты.

Жақын арада Қазақстан футбол федерациясы аталымдар бойынша жылдың үздік футболшыларын жариялайды.

Чемпионаттың қорытындысы бойынша 2023 жылғы УЕФА турнирлерінде: «Астана» – Чемпиондар лигасында, «Ақтөбе» – Еуропа лигасында, «Тобыл» мен «Қайрат» Конференция лигасында ойнайтын болды.

Фуболдан Қазақстан чемпиондары: «Астана» – 7 рет; «Ақтөбе» – 5 рет; «Ертіс» (Павлодар) – 5 рет; «Қайрат» (Алматы) – 3 рет; «Елім-ай» (Семей) – 3 рет; «Жеңіс» (Астана) – 3 рет; «Шахтер» (Қарағанды) – 2 рет; «Тобыл» (Қостанай) – 2 рет; «Тараз» – 1 рет.

 

 

 

 

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button