Жаңалықтар

Астанадан ауылға дейін… [12 маусым]

Астана

Бүгін венгриялық салт атты жиһанкез Иштван Бенце Астанадан кезекті саяхатқа аттанады. Елорданың 20 жылдығына арналып отырған саяхат Ақмола, Қарағанды, Павлодар Шығыс Қазақстан облыстары аумағынан өтіп, Моңғолияға дейін жетеді.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Сәбиімен «Аналар үйін» паналап, «Жетісу» телеарнасының «Болмыс» бағдарламасы арқылы мұңын жеткізген Гүлім Нүркебаеваға Алматы облысының әкімдігі бір бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды.

АҚТӨБЕ

Алға ауданында тұрғындар компьютерде жұмыс істеуді үйреніп жатыр. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында зейнеткерлер мен бала күтімімен үйде отырған әйелдер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар компьютер тілін меңгеруде.

АТЫРАУ

Атырау қаласындағы Назар­баев Зияткерлік мектебінің оқушылары Астананың 20 жыл­дығына орай елорданың белгілі ғимараттарының көшірмесін жасады. Онға жуық макеттер арасында «Бәйтерек», «Хан Шатыр», «Северное сияние» ғимараттары, Бейбітшілік және келісім сарайы мен «Ақорда» резиденциясы да бар.

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ

Өңірде менингококк жұқпасының алдын алу шаралары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Облыста қажылыққа аттанушыларға 8 маусымнан бастап №1 қалалық ауруханада вакцина егіліп жатыр.

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған негізгі шаралар Қызылжар өңірінде ақынның туған күні қарсаңында маусымның 23-25 күндері өткізіледі.

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Семей қаласының әуежайы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Қазіргі күні ұшып-қону жолағы толықтай жаңартылды. Оның ұзындығы үш мың метрден асады. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бөлінген 10 млрд теңгенің қазірге дейін 9 млрд-ы игерілді.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ

Жаңақорған ауданындағы Әлшекей Бектібайұлы атындағы өнер мектебінің мұражайында белгілі күйші тоқсан жылдай бұрын киген тон қаншама уақыт өтсе де, сол күйінде сақталып келеді. Тәжікстан елінде тігілген бұл тонды күйшінің шөбересі Оңғар мұражайға табыстаған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button