Басты ақпарат

Астанаға газ қашан келеді?

Қаланы газбен жылыту әлдеқайда тиімді екен. Сондықтан Астана алдағы уақытта газдандыру жү­йесіне көшірілмек. Мемлекет басшысының бес бастамасында да көтерілген бұл үдеріс елордада келер жылдары жүзеге асырыла бастайды.

Астананы газдандыру жө­нінде мемлекеттік сараптама жүргізу үшін әзірленген техникалық-экономикалық негіздеме «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілген. Сараптама қорытындысы жыл соңына дейін шығарылады.
Жалпы, Астанада газ тарату желілерінің құрылысы үш кезекке бөлінген екен. Қазіргі уақытта газдандыру үдерісін жеделдету үшін ТЭН мен қалалық әкімдік жобаның бірінші кезегінің 9 кешенін іске қосу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуде. Оның бірінші кешені іске қосылғанда АГРС-1-ден ЖЭО-1 және ЖЭО-3-тің су жылытқыш қазандықтары мен мазут қазандары газбен қамтамасыз етілмек. Ал екінші кешен іске қосылғанда табиғи отын АГТС-2-ден ЖЭО-2-нің су жылытқыш қазандарына жіберілмек. Сол сияқты 3-6 кешендер Көктал-1, Көктал-2 тұрғын үй алаптарына, жетінші кешен Железнодорожный тұрғын алабына, ал 8-9 кешендер Оңтүстік-шығыс тұрғын алабына газ таратады деп жоспарланған. ЖСҚ бірінші кезектің қорытындысы 2019 жылдың бірінші тоқсанында дайын болатын көрінеді.
Ал 2-3-інші кезектегі газ та­рату желілерінің құрылысы 2021-2023 жылдары аралығында жергілікті және республикалық бюджет, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылмақ. Екінші кезектегі газ тарату желілері құрылысының жобасы шеңберінде Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар, Тельман, Пригородный, Garden Village және Family Village тұрғын алаптары да табиғи отынмен қамтамасыз етілмек.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button