Қоғам

Телефоныңды тіркеуге кешікпе!

Соңғы кездері әркімнің ұялы телефонына «6914» деген нөмірден: «01.01.2019 жылға дейін байланыс операторына құрылғыңызды тіркеуге кешігіп қалмаңыз» деген хабарлама жиі келетін болды. Өйткені бұл – «Байланыс туралы» заңның 36-2 жаңа бабының талабы. Бұл рәсім тегін жүргізіледі. Ол үшін әр адам өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) байланыс операторының сайтына жібереді.

Кеше Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Сәдубаев тіркелмеген телефондар байланыссыз қалатынын ескертті. Ол 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап абоненттік құрылғылардың IMEI-код+SIM-карта+ЖСН сызбасы бойынша міндетті түрде тіркелетіні туралы ережелер күшіне енетінін тұтынушылардың есіне салды. «Тіркелмеген абоненттерге қызмет көрсетілмейді. Осыған орай, азаматтар 2018 жылдың соңына дейін өздерінің телефондарын тіркеуі қажет. Операторлардың филиалдарында дүрлігуді болдырмас үшін ертерек қимылдауларыңызға кеңес беремін» деп мәлімдеді Алмас Сәдубаев.
Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, мұндай шара қазақстандықтардың құқықтарын қорғау мақсатында жүзеге асырылуда. Мәселен, тіркелген телефонды біреу ұрлайтын болса, оны кімнің пайдаланып жүргені лезде анықталады. Яғни байланыс операторы мәліметтер базасынан әлгі жоғалған телефонның IMEI-коды шығып, «ұрланған құрылғы» деген белгі келетін болса, оны бірден байланыстан ажыратады. Ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережелері Ақпарат және коммуникация­лар министрінің 2018 жылдың мамыр айындағы жарлығымен бекітілгені мәлім.
Жасыратыны жоқ, қазір елімізде әрбір бесінші ұрлық жер үйлер мен көп қабатты пәтерлерде, көпшілік орындарда жасалады. Ресми мәлімет бойынша қылмыстар құрылымында біреудің мүлкін ұрлау 67-69 пайызды құрайды. Түнеугүні халыққа есеп берген Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың өзі: «Қалада ең көп таралған ұрлықтың түрі – ұялы телефонды үптеу, ауылда – мал ұрлығы» деп мәлімдеді. Айтпақшы, 2018 жылдың алғашқы жартысында елордалық полицейлер ұялы телефон жымқырғаны үшін 512 адамның қолына кісен салды. Сол себептен құқық қорғаушылар «телефонды сатып алған соң қорабын сақтап қоюға немесе гаджеттің IMEI-кодын жазып қоюға» кеңес береді. Өйткені халықаралық мобильдік идентификатор қылмысты ізін суытпай ашуға мүмкіндік береді.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button