Басты ақпаратДенсаулықЭкономика

АСТАНАЛЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫ АРТАДЫ

Астана қалалық мәслихатында әлеуметтік-мәдени даму бойынша 2017-2019 жылдарға арналған бюджеттік жобаны талқылаған тұрақты комиссияның отырысы өтті. Онда үш жылдық бюджет жайы, медицина саласы және әлеуметтік топтарға көмек көрсету мәселелері талқыланды. Жиында елор­далық­тардың әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін арттыру, жұмыссыздық деңгей­ін төмендету, зейнеткерлерді, ардагерлерді қолдауға бағытталған бағ­дарламалар сөз болды.

10626360_859861530732813_4439420586193583532_o

ҮШ ЖЫЛДЫҚ БЮДЖЕТ ЖАЙЫ

Астана қалалық мәсли­ха­тында әлеуметтік-мәдени даму бойынша 2017-2019 жыл­дарға арналған бюджеттік жобаны талқылаған тұрақты комис­сияның отырысы өтті.
Жиында қалалық Эконо­ми­калық және бюд­жеттік жос­парлау басқарма басшы­сының орынбасары Гүлнәр Жүсіпова елорданың әлеу­меттік-мәдени дамуы бойын­ша алдағы үш жылға арналған бюджеттік жобалар туралы кеңірек баян­дама жасады. Онда баяндамашы әр салаға тереңірек тоқталды. Астана қаласының 2017-2019 жылдарға арналған бюджет жобасы Қазақстан Респуб­ликасының Бюджет ко­дексіне, жергілікті бюд­жет­­терді әзірлеу ере­жесіне сәйкес әзірленіп, дайын­далған.
«ҚР Ұлттық экономика ми­нистрлігінің Астана қаласы бойынша белгілеген үш жыл­дық бюджет шы­ғыстары­ның жалпы көлемі 73,8 млрд теңге сомасында жоспарланған, оның ішінде: 2017 жылға – 20,4 млрд теңге; 2018 жылға – 21,5 млрд теңге; 2019 жылға 31,9 млрд теңге қарастырылған. Сонымен бірге, болжам бо­йынша ағымдағы шығындарға 6,5 пайыз коэффициент пайдаланады» деді ол.
Айта кетерлік, бюджет шы­ғыстары негізінен елорда аза­маттарының өмір сүру дең­гейін жақсартуға, әлеуметтік қорғауға және мәдени шараларды өткізуге бағытталған.
Одан кейін сөз алған Ден­саулық сақтау басқар­ма­сының бастығы Ерік Бай­жүнісов ден­саулық сақтауға байланысты бюджеттік жобаны
егжей-тегжейлі баяндап, өзі басқарып отыр­ған бас­қар­маның алдағы жылы атқа­ратын жұмыстарына қыс­қаша шолу жасады. Бас­қарма басшысы өз сөзінде келер жылы міндетті әлеумет­тік медици­налық сақтандыру мен педиатр, психиатр мамандарын даяр­лауға да басымдық беріліп отырғандығын жет­кізді. Мәслихат депутаты Қарақат Әбденнің елорданың ірге­сінде орналасқан елді­мекен­дерде емханалар жетіс­пейді деп айтқан сауалына Ерік Әбенұлы «Бұл бағытта арнаулы бағдарлама әзірленді. Егер ол жүзеге асса, аталған мәселе өз шешімін табады. Бірақ шағын жинақы емхана түрінде болады» деді ол. 

????????????????????????????????????

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІКТЕРІ ЖАҢАРАДЫ

Сондай-ақ, келер жылы ел­ордада «ЭКСПО-2017» халық­аралық көрмесі өте­тін­діктен, қалалық жедел жәрдем машиналарын жаңар­туға қаржы қаралған. Бүгінде 6-7 жылдан бері үзбей жүрген 31 жедел-жәрдем көлігі ес­кір­ген. Енді солардың орнына жаңа көлік сатып алынбақ. Әрине, әлемдік көрмеге шет мемлекеттерден қонақтар көп келеді. Сондықтан, оларға қызмет көрсету үшін қалалық ауруханалар жоғарғы та­лапқа сай болу қажет. Сол мақ­сатта елордалық аурухана­лар­дағы қабылдау бөлімдері халықаралық стандартқа сәйкес жаңартылмақ.
Сонымен бірге, Астанадағы тозығы жетіп тұрған Темір­жолшылар ауруханасы да күрделі жөндеуден өтпек. Өз сөзінде қаланың бас дәрі­гері мектеп медицинасына да ауқымды қаржы бөлініп отыр­­ғандығын айтты. «Біз биыл Білім басқармасынан 10 мектептің медицинасын қабылдап алдық. Алдағы жылы 20 мектепті қабылдамақпыз. Сол бағытта жаңа бағдарлама әзірлеп, медициналық мамандарды қайта дайындауды қолға алдық» деді ол.

АРДАГЕРЛЕРГЕ КӨМЕК АЗАЙМАЙДЫ

Астана қаласының Жұ­мыс­­пен қамту, еңбек және әлеу­меттік қорғау басқар­масы­ның бастығы Ермек Оспанов өз баяндамасында елор­далық­тардың әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін арттыру, кедейлік, жұмыссыздық деңгей­лерін төмендетуге бағытталған бағ­дарламалар мен халықтың әлеу­меттік әлсіз топтарын – зей­неткерлерді, мүмкіндігі шек­теу­лі адамдарды, аз қамтыл­ған­дарды, жұмыссыз азаматтарды атаулы қолдауға арналған шаралар жайында сөз қозғады. Әсіресе, соғыс және еңбек арда­гер­ле­ріне жасалып отырған кө­мекке ерекше тоқталып өтті.
Ал Астана қаласының Мәде­­ниет, мұрағаттар және құжат­тама басқарма басшы­сының орынбасары Нарима Мұхам­беталина «Біздің басқарма үшін алдағы жыл өте ауқымды ша­раларға толы болмақ. Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Сол көрме аясында 1000-нан астам мәдени шара ұйымдастырылады. Сондықтан бағдарламалардың дені соған бағытталды. Бүгінгі уақытта қаладағы мәдениет саласының мекемелері оған дайындықты бастап кетті» деді ол. Осы мақ­сатта биылғы жылы бірқатар мәдени ғимараттарға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ол әлі де жалғасын таппақ.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button