Ел тынысы

Асыл әжелер

Халықаралық әйелдер мейрамы – әр жыл сайын аталып отырған мерекелердің бірі. Бұл мейрам – әйелдердің тарихтағы ролі мен теңқұқықтық жолындағы еңбегінің арқасында келген күн. 1975 жылдан бері БҰҰ ресми түрде наурыздың 8-ін Халықаралық әйелдер күні етіп бекіткеннен бері тұрақты аталып келеді. Ал Қазақстанда бұл күн демалыс күні болып есептеледі.

Ғалия БАЛТАБАЙ, «Құрмет» орденді журналист,  Астана қалалық  Ардагерлер кеңесі медиа тобы жетекшісінің орынбасары

 «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» аяулы аналарымыз бен ақ әжелеріміздің салып өткен сара жолдары мен адал еңбегін бүгінгі ұрпаққа мұра болып қалары сөзсіз. Ал олардың жолын жалғастырып отырған бүгінгі қыз-келіншектеріміздің де  қоғамда алар орны ерекше. Өзіндік қолтаңбасы бар десек артық айтпаспыз.

Бәрінің атын атап, түсін түстеп шыға алмасам да журналистік қызметте кейіпкерім болған біраз қайраткер аналар жайлы айтпауым мүмкін емес. Ол еңбекқор әйел, әйел-басшы, қайраткер-әйел, қоғам белсендісі атанған ардагер-әйелдеріміз, бүгінде тыл майдангері болып отырған аяулы әжелеріміз дер едім. Солардың бірі және бірегейі – Роза Иманғалиқызы Асылбекова.

Роза Асылбекова

– Алғашқы сұрағым ата-­аналарыңыз қандай адамдар еді дегенде, ол:

– Әкем Иманғали Асылбеков шаруа отбасынан шыққан, Павлодар облысы Баянауыл ауда­нында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатыскен ардагер, 1-топтағы мүгедек еді, 1949 жылы дүниеден өтті.

Ал анам Ақшабақ Асылбекова – жұмыстан қол үзбеген адам. Тіпті соғыс жылдары әкем майданға кеткенде де Станковый зауытында жұмыс жасады. Ол әкемнен де бұрын қайтыс болды. Сонда мен анамнан 8 жасымда қалсам, әкемнен 13 жасымда айрылыппын.

Мен – нағыз зұлмат заманның түлегімін. Саяси қуғын-сүргін жылдары өмірге келсем, балалық шағым соғыс жылдары таршылықпен өтті. Сол жылдары  қаншама қиындықтар мен кедергілер болды. 1-сыныпқа мен анам қайтқан жылы бардым. Оқуды жақсы оқыдым, анам айтушы еді, ол кезде есімді біліп қалдым ғой. Роза жаным, оқуды жақсы оқы, көріп тұрсың ғой, күн көру оңай емес,  еңбектен қашпа деп ақыл айтқан еді, – деп өткен күндердегі қиын шағын Роза апай күрсіне отырып еске алды…

…Шын мәнісінде Роза анасының осы сөздерін есіне өмір бойы сақтап қалған екен. Ол 5-сыныпты бұрынғы Ақмола қаласындағы қыз балаларға арналған интернатта жалғастырады, бұл интернат жетім қыздарға арналған оқу орны болатын. Мектепті Роза Асылбекова кілең «5»-ке оқып, күміс медальға бітіреді. 1954 жылы мектепті бітірісімен Алматыдағы бұрынғы С.М.Киров, /қазіргі әл-Фараби/ атындағы университеттің биология-топырақтану факультетіне оқуға түседі.

Соғыстан кейінгі уақыт қой, ата-анасының жоғы бар оған өмір сүру оңайға түспейді. Бірақ өжет те, қайсар қыз өмірдің қатаң тағдырына төзеп берді. Студент жылдары ол стипендиясын үнемдеп, тағамына да киіміне де жеткізіп күнелтеді. Роза Асылбекова 4-курста оқып жүргенде Марат Тұрсынханұлына тұрмысқа шығады. Жоғары оқу орнын бітірген соң ол 1959 жылы Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы Кеңбидайық орта мектебіне мамандығы бойынша мұғалім болып қызметке орналасады. Бір жылдан кейін, 1960 жылы Целиноград кооператив техникумына мұғалім болып қызметке ауысады.

Роза Иманғалиқызы жолдасынан да  ерте айрылады, екі баламен қалған ол, бала тәрбие­сімен қатар білдей азаматтың жүгін арқалауға тура келеді. Ол Целиноград аудандық және қалалық атқару комитеті председателінің орынбасары қызметіне тағайындалады.

Бұл қызметте ол 10 жылдан астам уақыт қызмет атқарыпты. Сол жылдар аралығында ол қаншама адамдарға жақсылық, қайырымдылық жасап, қаншама жастарды қызметке баулыған.

– Желтоқсанның ызғары шынында көп адамдарға тиді. Ол шындық. 1986-1987 жылғы оқиға Роза Асылбекованы да айналып кетпеген екен. Ұлтшыл деген ат оған да тағылады. Ақмола қалалық атқару комитеті председателі орынбасары қызметінен шеттетілгеннен кейін алты айдай Облыстық Бейбітшілік қоры председателінің орынбасары болады.

Сол жылдары сүйікті ақынымыз Сәкен Сейфуллиннің жұлдызын жарқыратсам деп мұражай ашуды ойлайды. Арманы орындалады. Зейнетке шыққанға дейін халық жазушысы, атақты ақын Сәкен Сейфуллиннің мұражайын 1988 жылдың ақпанда ашып, оның алғашқы директоры қызметін атқарады. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін Астана қалалық Ардагерлер кеңесі жанындағы қалалық  әкімшіліктегі бастауыш ұйымын басқарды.

Наградалары жайлы айтатын болсақ, Қазақстан Республикасының Халық ағарту ісінің үздігі, Астана, «Ерен еңбегі үшін» және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің бірнеше медальдарымен, тағы да басқа да Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасының Президентінің атынан алған Алғыс хаты да бар.

Ендігі арманым – осы тәрбиелеп өсірген екі балам Марал мен Орал және  немерелерім Зәуре, Жәмила мен Жәнияның амандығын тілеп, солардың қызығын көрсем деген ойым бар дейді. Роза Асылбекова зейнетте жүрсе де, ол қоғамдық жұмыстармен де айналысуда. Астана қалалық Ардагерлер кеңесі жанындағы қалалық әкімшіліктегі бастауыш ұйымын басқарды, бүгінгі таңда Сарыарқа аудандық Ардагерлер кеңесі мен Президиумының мүшесі.

Амина Жетібаева

Ал енді Жетібаева Амина ­Әжібайқызы жайлы айтатын болсақ, ол Көкшетау облысы Бурабайға қарасты Баянбай ауылында 1930 жылдың 1 мамырында дүниеге келген.

Ата-анасы – мал бағып, ауыл шаруашылығымен айналысқан еңбек адамдары. Анасы қолы бос уақытында алаша, қолғап, шұлық тоқып, тері илеген қол­өнер шебері болады. Теріден киім тіккен ісмер. Ұлы Отан соғысы кезінде жауынгерлерге теріден аяқ киім, қолғап тігіп, майданға жіберіп отырған.

Негізінен, Амина әжей үлкендермен бірге масақ теріп, анасына көмектескен. Соғыс жылдары анасымен бірге жүн түтіп, тері илеп, шұлық тоқыған. Таңның атысы, күннің батысы ауылшаруашылығы жұмысымен де араласып, майданға қажетті деген заттармен бірге сүт, май жинап, қолдарында бар азық-түлікпен соғыстағы жауынгерлерге тамақ жіберіп отырған.

Тыл майдангері Амина ­Әжібайқызы бүгінгі таңда 93 жасқа толып отыр. Сұрапыл сұм соғыс­ты әлі күнге санасынан өшірмеген әжей өткен күнін еске ала отырып, сол жылдардағы естеліктерін немерелеріне үнемі айтып отырады.

Амина Жетібаева – ауылда 7 жылдық мектепті бітіріп, тылдағы ауыртпашылықты жұртпен бірге көтеріп, бар қиыншылыққа төзіп, талай сынақты басынан өткізген жандардың бірі.

Ол соғыстан кейін 1948 жылы Қоянбай Жетібаев деген мұғаліммен отбасын құрап, 11 құрсақ көтеріпті. Бірақ балалары сол кездегі тұрмыстың ауыр жылдарында бірінен соң бірі шетіней бергеннен 11 баладан қалғаны – 3 ұл, бір қыз. Амина ­Жетібаева – қазіргі таңда немерелер мен  шөберелер сүйіп отырған аяулы әже.

Соғыс жылдары тыл майданында аянбай еңбек еткені үшін Амина Жетібаева әжеміздің еңбегі еленіп, бірнеше медальдар мен құрмет грамоталармен марапатталған. ­Амина ­Әжібайқызы қазіргі таңда ­Алматыдан Астанаға үкіметпен бірге жұмыс бабымен келген баласының отбасында тұрып жатыр. Тағдыр ғой, сол баласы өмірден озып, Амина әжеміз бүгінде немерелері мен зейнеткер келінінің қолында тұрып жатқан жайы бар.

Роза Бисенова

Бисенова Роза Бәкішқызы 1936 жылы 26 тамызда Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы Базартөбе ауылында дүниеге келген. Әкесі – Бисенов Бәкіш Саратов императорлық университетінің емдеу факультетін бітірген. Ол – қазақ медицинасының дамуына орасан зор үлес қосқан алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі. Елде ауруханалар салып, ғылыми және саяси қызметке белсене араласқан, Алаш қозғалысының қайраткері.

Осы жылдар ішінде Орал қаласындағы кеңестік партия мектебінің ауруханасында учаскелік дәрігер болып жұмыс істеп, Тайпақ аудандық ауруханасының меңгерушісі, Орал губерниялық денсаулық сақтау басқармасының дәрігерлік-кәсіптік инспекторы, кейін Базартөбе, Тайпақ аудандарының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1937 жылы 10 қыркүйекте контрреволюциялық ұйымға қатысты деп жала жауып, қамауға алынады. 1938 жылы мүлкін тәркілеп, өлім жазасына кесіледі. Әкесі тұтқынға алынғаннан кейін бұл отбасы «халық жауы» ретінде қудалауға түседі.

Батыс Қазақстан облыстық соты президиумының 1958 жылғы 14 тамыздағы қаулысымен Бақтығали Бисенов ақталады.

Ал қызы Роза Бәкішқызы онжылдықты бітірісімен, әкесінің жолын қуып, Алматыдағы қазіргі Қазақ мемлекеттік медицина университетінің емдеу факультетіне оқуға түседі. 1962 жылы медициналық университетті бітіргеннен  кейін еңбек жолын Алматы облысы 28 гвардия­шы-панфиловшыларға қарасты Ленин атындағы кеңшарда учаскелік дәрігер болып қызметін бастайды.  Осында  36 жыл Жаңаарқа ауданында балалар дәрігері болып қызмет атқарған.

Кейін Қарағанды облысы балалар бөлімінің меңгерушісі болады. Балаларға арналған бөбекжай мекемесін басқарады. Сәбилерге арналған балалар кухнясын ұйымдастырады. Ана мен баланы қорғауда белсенділік танытқан қайраткер жан.

1992 жылы 28 наурызда Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының қаулысымен Роза Бәкішқызына қатысты қуғын-сүргін зардабын көрді деген фактісі бойынша, ол жаппай саяси қуғын-сүргіннің құрбаны деп танылады. Бүгінде ол туралы куәлігі бар. Үкіметтен жәрдемақы алу құқығы бар азамат. Соғыс жылдары Роза Бәкішқызы – үлкендермен бірдей қара жұмыста болып, ауылдағы қарттарға көмектескен тыл майдангері.

Роза Бәкішқызының марапаттары да көп. «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі» ордендерінің, «Еңбек ардагері» медалінің кавалері.

«Күміс алқа» алқасымен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 70 жыл», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл» мерекелік медальдары, «Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясының 100 жылдық құрметіне» арналған мерекелік медальдардың да иегері.

Роза Жанұзақова

Тағы бір кейіпкеріміз – өзінің бүкіл өмірін адам өмірінің сақшысы атанған дәрігер деген құрметті мамандықты меңгерген Роза Жанұзақова Ақтөбе облысының Шалқар қаласында дүниеге келген. Әкесі Жанұзақов Иманбек 1930 жылы Мәскеудегі шығыс еңбекшілеріне арналған университетті бітірген соң Қазақ ССР Компартиясының  Орталық  комитетінде қызмет атқарады. Ал Роза апайдың анасы Гүлім Аймағанбетқызы мұғалім болады.

1937 жылдың қуғын-сүргіні Жанұзақовтардың да отбасын айналып өтпейді. Бұл сол жылдардағы білімді, білікті деген қазақ азаматтарының басына түскен үлкен қасірет болатын. Роза Жанұзақованың әкесі Иманбек те «Халық жауы» деген атаққа ілігіп, қудалауға түседі. Сол кезде Розаның  әкесі  Ресей жаққа қашып, жан сақтамақ болады. Ресейде жүріп ол өзінің кінәлі еместігі туралы  Сталинге бірнеше рет хат жазады. Содан 1939 жылы ақталып, Алматыға көшіп келеді, партияға қайтадан қабылданып, бұрынғы қызметіне орналасады. Біраз уақыт өткеннен кейін түсініксіз жағдайда машина астына түсіп, қайтыс болады. Әкесінен айрылған Роза Жанұзақованың отбасын 1940 жылы мәжбүрлеп Петропавл қаласына көшіреді.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен, бұлар Ақмола облысы, Степняк ауданындағы Даниловский руднигіне көшуге мәжбүр болады. Роза Иманбекқызы оқуын осы рудниктің орта мектебінде жалғастырады. Соғыс жылдары мектеп өзінің қосалқы шаруашылығында оқушылардың көмегімен көкөніс өсіріп, оқушыларды асханада тамақтануына мүмкіндік жасайды. Осының арқасында қаншама отбасының балалары мектептің қамқорлығынан жан сақтап қалады. Роза ­Иманбекқызы 1951 жылы мектепті ойдағыдай аяқтап, Алматының медициналық институтының емдеу факультетіне түседі.

1957 жылы мединституттың акушер-гинекология факультетін аяқтап, Көкшетау облысының Шучье аудандық ауруханасының ординаторы болып еңбек жолын бастайды. Сол жылы Шонбаев Тасжан деген азаматпен отбасын құрып, Қарағанды қаласына көшеді.

Жолдасы Тасжан – Қарағанды политехникалық институтының инженер-механик факультетін бітірген. Қарағанды қаласында «Қарағандыкөмір» комбинатының 37-шахтасында еңбек ете жүріп ғылыми жұмыстармен айналысқан. Нәтижесінде кандидаттық және докторлық диссертация қорғаған.  Тату-тәтті өмір сүрген бұл отбасы Нұрлан мен Ерлан атты ұрпақ көріп, жоғары білімді азамат қылып өсірді.

Роза Жанұзақова Қарағанды қаласына көшкен жылдары Киров ауданы, Пришахтинскідегі №9 ауруханасында акушер-гинеколог болып қызметін жалғастырады. Кейін келе сол аурухананың Бас дәрігері лауазымына дейін өседі. 1988 жылы зейнеткерлікке шығады.

Роза Иманбекқызының ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Еңбек ардагері», сонымен қатар соғыс жылдарында оқушы ретінде жұмысқа араласқаны ескеріліп, «Тыл еңбеккері» және мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Тату-тәтті өмір сүрген Роза апай мен Тасжан атайдың отбасы Нұрлан мен Ерлан атты ұрпақ көріп, оларға жоғары білім беріп, оларды үлкен азамат етіп өсірді.

2001 жылы Роза ханым Астанаға көшіп, «Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде» жұмыс істейтін үлкен ұлы Нұрланның қолына көшіп келеді. Осы таңда немерелер мен шөберелердің ортасында бақытты әже атанып отыр.

Сонымен қатар Роза ­Иман­бекқызы Алматы аудандық Ардагерлер кеңесінің әртүрлі іс-шараларға, концерттерге шақырып, зейнеткерлерге деген атқарып жатқан қамқорлы жұмысына дән риза.

 Гүлбану Жанабаева

Ал Астана қаласы Байқоңыр ауданының тұрғыны, тыл майдангері Гүлбану Жанабаеваның да өткен өмір жолы оңай болмаған… Ол 1936 жылдың 15 маусымында Ақмола қаласында дүниеге келген.

Әкесі Ғабдолла Жанабаев Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер, майданға кірісімен Сталинград шайқасында 1941 жылдың 11 қыркүйегінде ерлікпен қаза табады. Ол кезде Гүлбану апайымыз бес жаста ғана болатын. Ал анасы 1945 жылы дүниеден озыпты. Тоғыз жасында Гүлбану апайымыз ата-анадан жетім қалады.

Атасы Ташмұхамед Бейсембаев жалғыз өзі оны өзінің тәрбиесіне алады. Балық шаруашылығымен айналысқан атасы Ташмұхамед соғыс жылдары майданға көмек беріп, жауынгерлерді балықпен қамтамасыз етіп отырған екен. Сол соғыс жылдары Гүлбану апамыз  бала болса да атасына көмектесіп, бүкіл үй шаруасымен айналысып, ерте есейеді.

Тұрмыстың қиындығына қарамастан, Гүлбану Жанабаева атасының қамқорлығы арқасында мектепті жақсы бітіріп, 1970 жылы сол кездегі Целиноград қаласындағы Мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Қорғалжындағы мектептің қазақ кластарына орыс тілінен сабақ береді. 45 жыл еңбек өтілінің 34 жылы тек шәкірттерге білім берумен өткенін ол мақтанышпен айтады. Гүлбану Жанабаева – қаншама жастарға тәлім-тәрбие берген ұлағатты ұстаз. 1957 жылы тұрмысқа шығады. Жан жолдасы зейнетке шыққанға дейін бас ­ветеринар болып қызмет жасаған. 2015 жылы өмірден өтіпті. Гүлбану апайымыздың денсаулығының жоқтығына байланысты балалары болмаған екен.

Гүлбану Жанабаева – тыл майдангері, еңбек ардагері және Ұлы Отан соғысы медальдарымен және грамоталармен марапатталған, жастарымызға үлгі ­боларлық құшағы мейірімге толы жан. Әйелдер мейрамы Сізге де құтты болсын, құшағыңыз гүлге толсын!

***

Ұрпағына ақ сүтін беріп, балаларын аялап өсірген аналардың анасы, немеренің ең мейірімді әжесі қашанда аман болсын деген тілекпен жүрекжарды мақаламызды аяқтаймыз.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button