Жаңалықтар

ӘУЕЛI АЯТ, ХАДИС – СӨЗДIҢ БАСЫ

Абай өлеңдi сөздiң патшасы деп бағалап, сөздiң басы өлең деп түсiнген, себебi аят – дүние көркi туралы сана. «Әуелi аят, хадис – сөздiң басы» деп Абай тегiн айтпаған. Аят – сөз басы, бiрақ ол адамның ойынан туған дүние емес, Мұхаммед пайғамбарымызға ақ өлең кейпiнде түскен аян. Аят – Мұхаммедке пайғамбарлықтың келгенiнiң айғағы. Ол жұртшылыққа маған аян арқылы Жаратушыдан аят келдi деп жария еткен. Аяттар жинақтала келе, Құранға айналған. Осы жерде Құранға қатысты дiни аңызға назар аударуымыз қажет болып тұр, ол –пайғамбарымыздың харiп танымайтындығы туралы дiни аңыз бар.

Рас, Мұхаммед харiп танымаған. Бiз әдетте харiп танымаған адамдарды сауатсыз деймiз. Бұл бiздiң қалыпты жағдайдағы қолданылатын түсiнiгiмiз. Бiрақ, мәселе бұл түсiнiктен күрделi. Бiлiм адамға харiптердi тану, яғни оқу жүйесi арқылы берiледi, бұл дәстүрлi жағдай. Сонымен бiрге адамға бiлiмнiң харiпсiз (әрiпсiз) берiлетiнi болады. Харiпсiз бiлiмге ие адамдар адамзат тарихында аз болған. Сондай адамдардың бiрi – Мұхаммед пайғамбар. Ғайса пайғамбар да осындай бiлiм иесi болған. Сөзiмiздi әрi қарай жалғастырсақ, перiште Мұхаммедке оқы дегенде, ол харiп арқылы Алладан түскен аятты оқып кеткенi жоқ, ол оның, сiрә, жа-дында жатталады. Абай айтпаушы ма едi: «Алла сөзi харiпсiз, дауыссыз» деп. Демек, аят пайғамбардың жадында келген қалпында сақталды. Аят – Алла сөзi. Ол, Абай айтқандай, «харiпсiз, дауыссыз». Аят – пайғамбарға ұйып келген сана. Ол кейiн харiпке, дауысқа түсiп, Құран-кiтапқа айналған. Аяттың көпшiлiкке түсiнiксiз болуы санаға қонымды мәселе. Жаратушының «сөзiн» тiл арқылы түсiну даулы. Тiл – адамзаттың қазы-насы, оны бiз танимыз, бiлемiз, мейлiнше тiршiлiгiмiз үшiн қолданамыз. Аят болса – өзге «тiл». Ол Жаратушының тiлi. Ол тiлде харiп жоқ, ол мүмкiн қуат, ғылыми лексикаға салсақ әлемдiк энергетика жүйесiнiң көрi-нiсi. Жер бетiндегi кейбiр адамдар электр қуатын өндiрiп сақтап, әрi пай-далануға беретiн станциялар сияқты қызмет атқарулары әбден мүмкiн. Ер-теде Платон адамзаттың бiлiмiнiң мәнiсi – «еске түсiру» деген ой айтып едi. Оның пайымдауынша, бiз бiлген әрi бiлетiн бiлiмдер әу бастан белгiлi, ол адамға өзiнiң тума болмысымен келедi деген. Қазiргi бiлiм, ғылым кеңiнен өрiстеген заманда «принцип» деген парадигмалық сана қалыптас-тырғанбыз, ол әлi бiлiп болмаған мәселелердi тану үшiн қолданылатын тәсiл. Принцип дегенде бiз бағыт анықтаймыз. Бағыт деген жол көрсеткiшi. Жол тану және таңдау осы аяттардан бастау алған. Аят Жаратушы «санасы» ретiнде Мұхаммедтен өзге адамдарға да түскен, бiрақ оның мәнiсiне жетуде адасушылықтар болып отырған. Аят компас сияқты үнемi бiр бағытта болған, алайда оны керiсiнше бұру әрекеттерi бола берген. Сондықтан, аяттың келе беруi заңды. Бұл бола беретiн құбылыс. Абай «Алланың өзi де рас, сөзi де рас» деп басталатын өлеңiнде: «Замана, шаруа, мiнез күнде өзгердi, оларға кез-кезiмен нәби келдi» деген. Адамзатқа нәбилердiң кезегiмен келе беруiнiң себебi, заман өзгермелi, мәңгiлiк тұрақты жер бетiнде iс жоқ. Тұрақтылық – мәңгiлiк Жаратушыға немесе жаратылысқа тән қасиет-өлшемдер. Мәселенi адам баласына қарай бұрсақ, одан тұрақтылық табу орындалмайтын, бiрақ армандалатын iс. Ислам дүниетанымында Мұхаммед соңғы пайғамбар деген қағида бар. Әрине, мәселе айқындығы үшiн, Алла сөзiнiң растығының дәлелi үшiн осындай тәсiл қолданылуы ақылға да, қисынға да симайды. Сөз солай айтылмаса Мұхаммед iсiне күдiк бiрден байқалмай ма? Күдiктi мүлдем сейiлтiп, сенiм нығаюы үшiн осылай айтылуы қажет болатын. Оның ең басты дәлелi – аяттардың Мұхаммедке түсуi. Бұл арнайы тақырып әңгiмесi және арнайы бiлiмi бар адамдар ортасында айтылатын әңгiме.
Иә, сонымен Абай: «Әуелi аят, хадис – сөздiң басы» деген. Неге сөздiң басы аят дегенге келсек, үш мәселеге назар аударғанымыз жөн болар. Бiрiншiден, Абай айтқандай аят сөз басы, яғни сөзге негiз, бiрақ сөздiң өзi емес. Сөз деген адамзаттың қасиетi. Алланың «сөзi» – аят, оны адамның сөзiне айналдырған пайғамбар. Негiзiнде пайғамбарлық дегенiмiздiң өзi осы Жаратушы «сөзiн» (аятын) адам сөзiне айналдыру арқылы анықталатын ерекше жан. Жаратушыдан түскен аяттың адам тiлiне айналуы пайғамбарлықты, яғни Алла мен адам арасындағы елшiлiктi та-лап етедi. Аят сөздiң басы дегенде, Абай оның тылсымдық табиғаты ту-ралы айтып отыр. Сөз басы деген нөлдiк есеп, оның аржағы туралы мәлi-мет жоқ, болса да адамзат үшiн беймәлiм, құпия. Аят мәнiсi – Жаратушы-ның сыры екендiгiнде.
Екiншiден, аят деген жаратушының адамзатқа мәлiм болу мүмкiндiгi бар, өз құпиясы. Жаратушы адамзатқа белгiлi болғысы келгенде аяттарын аян арқылы жария етедi. Ендiгi арада аятты насихат ету пайғамбар үлесiнде, сондықтан аяттан кейiнгi сөз басы – хадис, яғни пайғамбар сөзi.
Құранның аяттары туралы тафсирлердiң көп болуы, олардың мәнiсiн тү-сiну әрi түсiндiруден туған ниет. Алайда, аят сыры адамға толық ашылуы мүмкiн бе, бұл талқыға салынатын тақырып. Аят сөз басы болса, оны сөз арқылы түсiндiруге мүмкiндiк бар ма? Ойға салу керек.
Үшiншiден, аят өлеңнiң формасы, түрi. Демек, жаратылыстың құпиясы, оның кереметi адамға өлең түрiнде белгiлi болады екен. Бұл мәнде нағыз ақын – жаратушының өзi, тiптен ақындық оның бiр құдiретi. Ақындық табиғатында перiштелiк бар десек, iзгiлiк туралы айтқанымыз, демек iзгiлiктiң басы аятта Жаратушы «сөзiнде». Демек, Жаратушының, жаратылыстың тiлi – поэзия. Абайдың «өлең сөздiң патшасы» деп отырғаны да осы түсiнiктен туса керек. Өлеңнiң нәрi – аят, себебi, ол – сөздiң басы. Ендi осы ойларға өзек болған өлең шумағын келтiрейiн:
Әуелi аят, хәдис – сөздiң басы
Қосарлы бейiтмысал келдi арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын пайғамбар мен оны алласы.
(1-т., 88-б.)
Бұл – «Өлең сөздiң патшасы, сөз сарасы» деп басталатын он бес шумақтан тұратын көлемдi өлеңнiң үшiншi шумағы. Осы шумақтағы аят туралы айтқаннан кейiн, назарымыз үшiншi, төртiншi өлең жолдарына ауды. «Қисынымен қызықты болмаса сөз, неге айтсын пайғамбар мен оны алла-сы», – дейдi Абай. Демек, сөздiң қисыны қызықты болып тұр. Сөз деп Абай аят пен хадистi айтып отыр. Ол түсiнiктi, бiрақ сөз неге қисынымен қызықты? Қисын дегенiмiз не? Бiреулер қисын дегендi логика деп түсiндiрiп жүр. Бәлкiм бұл да шындыққа жақын түсiнiк шығар. Ойланып көрелiк. Егер қисын бiздiң түсiнiгiмiздегi логика деген мәнде болса, онда ол сөздiң басы болып отырған аят пен хадистiң логикасы. Және де айтарымыз, бұл жерде әдеттегiдей қисын (логика) мәселеге қызмет етпей, өзi мәселеге айналып отыр. Қызық қисында болып, мәселе содан қызық делiнген. Егерде сөздiң қисыны қызық болмаса, онда ол сөздi алласы мен пайғамбары айтпаса керек едi. Олардың айтып отырғаны сөздiң қисынының қызықтығы. Мәселе осылайша анықтала басталса, ендiгi жерде назар салынатын ұғым – қызық. Қазақ лексикасының осы бiр сөзi дискурске түскеннен кейiн ұғымға айналып отыр, себебi мәселенiң түп не-гiзi осы қызық ұғымына негiзделген. Бұл жерде қызық деген тiршiлiктiң мейлiнше молыққан экзистенциясы. Былайша айтқанда, тiршiлiктiң «жа-ны». Не қызық? Өмiр қызық. Не қызық? Өмiр сүру қызық. Тiршiлiктен басқа жерде қызық бар ма? Әрине, жоқ. Сөздiң қисынымен қызықты бо-латыны сондықтан. Бiз осы мәселеге тереңдемей «қызық өмiр» деп, тұрақ-ты сөз тiркесiн жасап алғанымыз, мәндi түсiнiк емес. Қызық – өмiр емес, дұрысы – өмiрдiң өзi қызық. Қызық – өмiрдiң орнына жүретiн ұғым. Қызық болмас өмiр жоқ. Өмiр – қызықтың бiз танып бiлген формасы. Мәселе өмiрде емес, мәселе қызықта. Сонда қисын қызықты танып, бiлудiң тәсiлi болмақ. Демек, қисынды логика деуден гөрi тәсiл деу шындыққа сыйымды. Сонда аят, тiршiлiктiң «жаны» қызық туралы, сөздiң басы деген пiкiрге тоқталмақпыз, немесе пайғамбары мен алласы айтқан қисыны қызықты «сөз» – аят.

ӘРКIМДI ЗАМАН СҮЙРЕМЕК

«Тоты құс түстi көбелек» деп басталатын үш шумақты өлеңнiң үшiншi шумағының бiрiншi жолы осылай басталады. Заман әркiмдi сүйрейдi, сонда заман деген не? Әркiмдi сүйрейтiн оған қуат қайдан келген? Оны анықтау үшiн заман дегеннiң өзiн бiлiп алған жөн болар. Заман дегенiмiз – адамдардың өмiр сүрiп отырған уақыт кеңiстiгi.
Неге мұндай қорытындыға келдiк? Оның себебi, Абай заманды адамдардан тыс та қарамаған, онымен бiрге де қарастырмаған. Абай түсiнiгiнде адам мен заман бiрiнсiз-бiрi болмайтын ұғымдар. Адамдар бар жерде заман бар, заман бар жерде адам бар. Немесе замансыз адам жоқ, адамсыз заман жоқ. Осы тұтастықты халқымыз заман деп атаған. Әркiмдi заман сүйресе, ол оның тағдыры болғаны, яғни жеке адамның iс, әрекет, харекетiнiң мәнсiз болғаны. Олай болса саналы өмiр сүрмек ниетiмiз қайда қалмақ?! Әркiм өзiн-өзi жасаушы архитектор демеушi ме едiк. Адам өмiрден өзiн-өзi жояды, өзiн-өзi адам етедi деген қағида қайда қалмақ?! Қағидалар көп қой, соның қайсысы ақиқатқа бастайды, қайсысы ақиқаттан алшақтап адасуға бастайды, оны кiм дәл танып, бiлiп, анықтамақ? Абайдың әркiмдi заман сүйремек дегенi де осы ойды меңзеп тұрғаны жоқ па? Сенi заман сүйресе, сенiң оған қарсы тұрар қауқарың болмаса, не iстемексiң? Заман ағысымен ағып кете бермексiң, көпшiлiгiмiздiң халымыз осындай. Заманға сай бейiмделiп, қалыптасқан психологиялық жағдайды Абай: «Заманға жаман күйлемек» дейдi. Заманға ыңғайлана берудi психологияда адаптация, яғни бейiмделу дейдi. Заман ыңғайына бейiмделе беру азаматтық жол емес. Ол құлдық сана ырқындағы байқалатын мәселе. Ондай адамдарды Абай «жаман» деген. «Заманға жаман күйлемек» деп отырғанда осы құлдық-бейiмделгiш психологияны айтып отыр. Жаманның жамандығы сонда, оның өз басына тәуелсiздiгi жоқ, өз еркi жоқ. Жаман адам – азамат емес. Азамат дегенiмiз – өркенi өскен, тәуелсiз адам. Ол адамшылық қасиеттерi мол, кiсiлiгi нақтылы заманды билей алатын жан. Абай осы шумақтың екiншi жолында «Заманды қай жан билемек?» деп сұрақ қояды. Шынында да заманды билейтiн қандай жан? Заманды билейтiн жан болмаса заманның мазмұны қалайша анықталмақ? Заман мазмұны өздiгiнен болатын субстанция емес, ол анықталатын мәселе, сонда заманды анықтаушы кiм? Осы проблема әлiмсақтан талас туғызып келе жатқан, шешiмi, сiрә да, бола қоймайтын iс. Әрине, бұл – бiз, адамзат баласы ойлап тапқан iлiмдер негiзiнде даяр жауап бере салуға болар едi. Айталық, заманды билеушiлер (императорлар, хандар, билер, патшалар, пайғамбарлар, әулиелер немесе Абай айтатын ойшыл-хакiмдер), бiрыңғай дiн жолымен келсек, Жаратушы өмiрi, құдiретi, атеист-материалистер түсiнiгiмен келсек, тарихтың локомативi халық бұқарасы, объективтiк заңдылықтар. Көрiп отырсыздар, заманды қай жан билемек дегенге жауап бермекшi болғандар да көп, олар құрастырған iлiмдер де көп.
Бiз заман дегенде адамның уақыт кеңiстiгiнiң нақтылы тарихи кезеңiн, формасын айтамыз. Демек, бұл iсте заманның заманға әсерiн естен шығармауымыз керек. Бұл мәселенiң бiр жағы. Екiншiден, заманның заманға әсерiнен келесi оқиға, яғни, заман қалыптасады. Бұл мәнде заманның болмысында адам болмысына ұқсаған тұлғалық қасиет бар. Олай болса заман үлкен, кең көлемдегi оқиғаның көрiну формасы болмақ. Мәселе сонда оқиға бар. Оның басты кейiпкерлерi: жаратушы және оның жаратқан адамзат нәсiлi. Осыдан оқиға құрылған жаратушы мен жаратыл-ған пенденiң арасындағы диалог күрделенiп нағыз оқиға болуы үшiн, дүниеге әйел заты Хауа Ана ендi, онымен бiрге антынан тайып перiште шайтандық кейiпке ендi. Сөйтiп, оқиғаның алғашқы кейiпкерлерi анықталады. Оқиға басталып кеттi. Ол уақыт өткен сайын заманнан заманға ауысып жүре бердi. Адамдар ендi заманның өзiн оқиға дейтiн болды. Заман оқиғаларға толды. Сол кезде заманды қай жан билемек деген сұрақ туды. Сұраққа нақтылы жауаптың болмайтыны, бiз заманды оқиға деп түсiнiп, бастапқы басталған үлкен оқиға мәнiсiн ұмыттық. Жаратушы адамзатты жаратқанда заманын билесiн, өзiн-өзi билесiн деген ниетте едi, ол ниет ауық-ауық бұзыла бердi, бiрақ бұл да Жаратушының өзi мақсат еткен шаруасы десек қайтедi. Әрине, бұл қисынға негiзделген болжам, бiрақ болжамсыз бiлiм болушы ма едi?!
Адам жаман болайын деп болмайды, оны жаман ететiн тағдыр талқысы. Тағдырды жеңетiн қуат әркiмде бар ма, бар болса әркiм емес, тұлға болмақ. Заманды билемекке харекет ететiн – тұлғалар. Абай тұлғалардың үш түрiн айтады, олар: пайғамбарлар, әулиелер, хакiмдер. Заманды билемек болатындар – осылар. Олар артық жандар, олар ешуақытта жаман жандар қатарына қосылмақ емес. Олар өз тәуелсiздiгiне өздерi ие – азаматтар.
Жаман адам ол да – адам. Адамды жаман қылып тұрған заман болса, адамның кiнәсi неде? Ол да ойланатын мәселе. Заманды билегендегi мақсаттың өзi, сол заманы сүйреп, илеп жүрген әркiмдердiң, жамандардың қамы емес пе?!

Ғарифолла ЕСIМ,
Академик

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button