Тағзым

Ауғанстан алапаты

1979 жылдың 25 желтоқсаны күні Кеңес әскерінің шектеулі контингенті Ауғанстан еліне кірді.
Ауғанстан соғысына кеңес әскерінен 620000 адам қатысты.
15000 адам қаза болды.
417 адам із-түзсіз жоғалды немесе дұшпанның тұтқынына түсті.
53753 адам ауыр жарақаттанып, контузия алды.
10751 адам әртүрлі топтағы мүгедек болып қалды.
86 адам Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.
Қазақстаннан Ауғанстан соғысына 22269 адам қатысты. Олардың қатарынан 924 азамат қаза тапты. 21 жауынгер із-түзсіз жоғалды.
1989 жылы 15 ақпанда Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген жауынгерлер елге оралды.

Тарихқа үңілсек, 1979 жылдың соңында Кеңес Одағы Компартиясының саяси бюросы ауған жеріне кеңес әскерін «Ауғанстанның Сәуір революциясына қолдау көрсету үшін», сонымен қатар «еліміздің оңтүстік шекарасын қорғау мақсатында» деген желеумен шешім шығарған болатын.
Жалпы «Ауғанстан жеріне КСРО әскерін енгізуге не мақсат түрткі болды?», «Бұл соғыс кімге, не үшін қажет болды?» деген сауалдар әлі де айтылып қалады. Ақиқатын айтар болсақ, дәл осы уақытта КСРО мен АҚШ арасында қырғи-қабақ, былайша айтқанда, «суық соғыс» ушығып тұрған еді. Сондықтан Ауғанстан аумағына ықпал жүргізу үшін бір жағынан НАТО блогындағы одақтас­тарымен АҚШ, екінші жағынан Варшава блогы жағынан КСРО өзара бәсекеге түсті. Бұл текетірестің ақырында Кеңес әскерінің шектеулі контингенті шұғыл түрде Ауғанстанға енгізілді. Сөйтіп, мыңдаған жауынгер Ауғанстандағы сәуір революциясын қорғауға аттанып жатты. Ал ондағы шынайы жағдай туралы бұқаралық ақпарат құралдары тіс жармады. Өйткені ақиқатты айтуға Компартияның пәрмені тосқауыл болды.
Ал шын мәнінде Ауғанстанға кірген кеңес жауынгерлері бірінші күннен бастап жергілікті, яғни, Сәуір революциясына қарсы топтардың қарулы қарсылығына тап болды. Сөйтіп, «еліміздің оңтүстік шекарасын қорғау кезінде қаза тапты» деген мәліметпен, мыс табытқа оралған жауынгерлер мүрделері туған жерге жіберіліп жатты. Жұртшылық Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу­ге аттанған ұлдарының неліктен оққа ұшқанын біле алмай дал болып, еңіреп қалды.
Осылайша, ел арасында «жұмбақ соғыс» атанған Ауғанстан соғысы 10 жылға созылып барып тоқтады.
1989 жылдың 15 ақпаны күні Кеңес Одағының Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бас хатшысы М.С.Горбачевтің ұйғарымымен Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті елге оралды. Бұл күн талай жастың өмірін сақтап қалғаны ақиқат. Жұртшылық бұл күнді сондықтан да ерекше елеп «Ауғандардың күні» деп айтып жүр.
…Ауғанстан соғысынан қайтқан жауынгерлерге осыдан 30-35 жыл бұрын соғыстан емес, басқа тәуелсіз елдің тыныштығын бұзып келген қарақшыларға қарағандай көзқарас таболған. Сонда соғыста болып келген жауынгерлердің аналары көздеріне жас алып, қайғы құшқан еді. Ал жауынгерлердің өздері болса «Біз әскери антқа адал қызмет еттік» деп ақталуды білмеген. Ақиқатқа жүгінсек, Ауғанстанға барған жауынгерлер КСРО Қарулы Күштерінің бұйрығын бұлжытпай орындаған жоқ па?!
Сол соғыста жас та болса, жасындай жарқылдаған жігіттер үшін «Жауынгер-интернационалист» деген атақ оттай ыстық сезіледі. Бүгінгі таңда республикамыздың барлық аймағында Ауғанстан соғысы ардагерлерінің одағы жұмыс жүргізіп отыр.
Астана қаласындағы «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінде бүгінде 1200 жауынгер-интернацио­налист тіркелген. Қоғамдық ұйым елордада өтетін саяси-әлеуметтік, мәдени-спорттық шараларға белсенді қатысады.
Осы ұйымның төрағасы Серік Кенжебековпен сұхбат құрған болатынбыз. «Өздеріңіз білетіндей, биыл 15 ақпанда Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шыққанына 30 жыл толып отыр. Осы датаға байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке айтулы датаны тиісті деңгейде атап өту жөнінде тапсыр­ған болатын. Бұл шараны өткізуге Қорғаныс министрлігі, Ауғанстан соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдас­тығы және Астана қаласы «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері» қоғамдық бірлестігі жүйелі жұмыс жүргізді. 15 ақпан күні Астанадағы «Қазақстандық жауынгер-интернационалистер мемориалы» ескерткіші жанында митинг өтеді, одан кейін жауынгер-интернационалистерді мерейлі медальмен марапаттау рәсімі, «Сол жауынгер жігіттер үшін…» түстік дастархан мәзірі ұйымдастырылады. Кешкісін әскери-патриоттық концерт болады. Астанаға бұл күні еліміздің аймақтарынан арнайы шақырылған меймандар келеді» деді ол. Сондай-ақ сұхбат барысында Серік Кенжебеков ұйым аясында «Ерлік сабақтары», түрлі спорт жарыстары, қайырымдылық акциялары және басқа да әскери-патриоттық шаралар тұрақты өткізіліп жатқанын атап өтті.
Иә, әр жылдың 15 ақпаны жауынгер-интернационалистер үшін қасиетті күн саналады. Өйткені бұл күні 10 жылға жуықтаған соғыс даласынан соңғы солдат туған елге оралды. Сондықтан бұл күні жауынгер-интернационалистер мешіт пен шіркеуде болып, боздақтарға бағыштап дұға оқытады. «Сол жігіт үшін»… дастарқан жайылады. Өткен күндер еске алынады… Соғыста туған әндер шырқалады.
2000 жылы Астанада Ауғанстан соғысында қайтыс болған жауынгерлерге арналған республикалық ескерткіш бой көтерді. Онда осы Ауғанстан соғысының алапатында қайтыс болған қазақстандық жауынгерлердің есімдері мәңгілік тасқа басылған.
Сондай-ақ Ауғанстан соғысында қайтыс болған жерлес­терімізді мәңгі есте қалдыру мақсатында жекелеген облыстарда «Еске алу» тарихи басылымдары жарыққа шықты. Парламентте «Ардагерлер туралы» заңның жобасы бірнеше жылдан бері қаралуда. Бұл заңға Ауғанстан соғысына қатысушыларды Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің мәртебесіне теңестіру жөнінде ұсыныс жасалып отыр. Соғыстың үлкені немесе кішісі болмайды. Ауғанстан соғысы… Бұл бес-алты адамның қару кезеніп, атысып-қақтығысқаны емес. Бұл бір дәуірдің саяси проблемасын шешуге бағытталған, екі әлемдік саяси блоктың тіресінен туындаған, мыңдаған әскери және бейбіт адамдардың жанын қиған соғыс болғаны ақиқат. Демек, 1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстанда зұлмат отын бастан кешкен жауынгерлер «соғыс ардагерлері» деп танылғаны құба-құп болар еді. Түйін­деп айтсақ, бұл соғыстың қасіреті мен естелігі әлі талай ұрпаққа сабақ болары сөзсіз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button