Қала тіршілігі

АУЛА КЛУБТАРЫ, АХУАЛЫҢ ҚАЛАЙ?

Астана қаласы Iшкi саясат басқармасының бастамасымен қалалық Жастар саясатын қолдау мемлекеттiк қорының «Есiл» аула клубы балалар мен жасөспiрiмдерге есiгiн айқара ашты. Сауран көшесiндегi жаңадан салынған тұрғын үй ғимаратының 510 шаршы метрiн алып жатқан аула клубы жасөспiрiмдердiң бос уақыттарын тиiмдi пайдалануға жағдай жасау бағытында бiрлесе жүргiзген жұмыстардың нәтижесiнде ашылып отыр.

«Есiл» аула клубы 500-ден астам жас елордалық балалар мен жас-өспiрiмдердiң көп функционалды мәдени-спорт орталығына айналмақ. Орталықта бокс, күрес, каратэ секциялары, жаттығу және үстел теннисi залы, бейнелеу өнерi және қолөнер бөлмелерi, шахмат және хореография үйiрмелерi бар. Жасөспiрiмдермен тәжiрибелi мұғалiмдер мен психолог мамандар жеке жұмыс iстейтiн болады.
Жаңа аулалық клубтың ашылу салтанатына Астана қаласы мәслихатының хатшысы Сансызбай Есiлов, Есiл ауданының әкiмi Сәбила Мұстафина және Олимпиада ойындарының чемпионы, атақты балуан Жақсылық Үшкемпiров қатысты.
Қазiргi таңда елордадағы аула клубтарының саны осымен 27-ге жетсе оның 13-i Астана қаласының Жастар саясатын қолдау мемлекеттiк қорының үйлестiруiмен жұмыс жасауда. Аула клубтары қаржыландыруды қажет ететiнi белгiлi. Егер клубтың мекен-жайы қала әкiмдiгiнен тегiн берiлсе, ком-муналдық қызмет шығындарын Қордың есебiнен жабады. Сонымен қатар жаттықтырушылар мен оқытушылар жалақысы қор есебiнен төленедi. Орта есеппен аула клубтарының жұмысына бiр жылда 2-3 миллиондай қаржы жұмсалады екен.
Десе де, аула клубтары жасөспiрiмдердiң бос уақытын тиiмдi өткiзуге бағытталған әлеуметтiк маңызды жоба болып табылады. Бұл ретте бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгiн ерекше атап өтуге болады. Елордалық «Астана финанс» АҚ, «Алтын 21», «Құлагер» «Аbinukas», «Нұр Астана құрылыс», «Электрик НС», «АКМ», «ШАР құрылыс», «Асан», «Сейханконтракшн» компаниялары аула клубын iске қосуға ат салысып, демеушiлiк көрсетiптi.
Осындай игi iстiң басында жүрген азамат – Астана қаласының Жастар саясатын қолдау мемлекеттiк қорының директоры Аманбек Төлепбергенов аула клубы жұмысы жөнiнде хабардар еттi: «2011жылдың басынан бастап Жастар саясатын қолдау қоры жұмысын бастады. Оның негiзгi бағыттарының бiрi – елордада аула клубтарын ашу, оны жетiлдiру болып табылады. Өткен жылдың өзiнде қаламызда 10 аула клубы ашылды, жылдың аяғына дейiн 12 клуб ашу ойымызда бар. «Есiл» аула клубы – аттас аудандағы клубтардың ең үлкенi. Мұнда әрбiр секцияға арнайы орын, бөлмелер бөлiнген. Қажеттi спорт жабдықтары алынып, балалардың игiлiгiне берiлдi. Алғашында аула клубтарының жұмысына жатырқай қараған қала тұрғындары бүгiнде белсендiлiк танытып, клуб жұмыстарын жақсартуға да ат салысуда. Сабақтан қол боста балалар мен жасөспiрiмдер сенделiп бос жүрмей, денсаулығына пайдалы iспен шұғылданатын болады. Олар клуб әкiмшiлiгi мен оқытушылардың, психолог маманның қадаға-лауында болады. Тiптi клуб жайлы естiп, басқа ауданның балалары да келiп жатады. Бiз мүмкiндiгiнше әр аулада өз клубын ашуға күш саламыз. Тұрғындар аула клубтарын ашамыз десе, не бұрындары ақылы қызмет көрсететiн шағын секциялардың жұмысына қаржылай көмек қажет болса, барлық мүмкiндiктердi қарастырып, балалар мен жасөспiрiмдердiң бос уақытын тиiмдi өткiзудi ұйымдастыруда барлық амалдарды қарастыруға дайынбыз».
Аула клубының алқызыл лентасы қиылып, қуанышқа жиналған жұрт аула клубына лап қойды. Жақсыны көрмек үшiн. Бокс, каратэмен айналысатын балалар ойындарын көрсетiп жатыр екен. Шахмат ойнайтын бөлме, музыка, вокал, би залы да балаларға лық толы. Қолөнершiлер мен суретшiлерге де арнайы бөлме бөлiнген. Немерелерiн жетектеген әжелер де осында жүр. Көпшiлiк ортасынан жаттықтырушы Әмiрхан Әубәкiровпен кезесiп, сөзге тартқан едiк. Ол таза әрi кең, қолайлы спорт залының берiлгенiне қуанып, ойымен бөлiстi: «Балалардың бәрi кәсiпқой спортшы болмауы мүмкiн. Бiрақ, әрқайсының таудай талабы бар. Осы спорт залында өткен жаттығулар олардың өмiрiнде iзсiз кетпейдi. Жинақтылық, сенiмдiлiк, төзiмдiлiкке баулитын спорттың орны бөлек. Қажет болған жағдайда өзiн-өзi қорғап, өзгеге де көмектесе алады. Жас спортшыларды жақын жерлерде өтiп жататын турнирлерге де апарып тұрамыз. Соңғы рет үш қола, бiр алтын медальмен оралдық. Ендi шеберлiктi шыңдайтын жаңа орын ашылды. Түске дейiн бiр жарым, екi сағаттай мен жаттықтырсам, түстен кейiн басқа жаттықтырушы өз тобының спортшыларымен жұмыс iстейдi. Аптасына үш рет өткiзiлетiн бокс секциясына елу-алпыстай бала қатысады», – дедi.
Өскелең ұрпақтың әлеуметтiк жағдайын арттырып, елiне лайықты азамат етiп қалыптастыру – мемлекетiмiздiң жастар саясатының алға қойған басты басымдықтарының бiрi. Осы мақсатта құрылған аула клубтары жұмысы жемiстi нәтижесiн беруде. Әл-ауқаты төмен отбасыларының балалары үшiн үлкен көмек. Олардың бос уақыттары тиiмдi ұйымдастырылып, әртүрлi үйiрмелер тегiн жүргiзiледi. Аула клубтарының тағы бiр ерекшелiгi – балалар тұрғылықты жерiнен алысқа бармайды. Өзi өскен жерiнде қоғамның бiр бөлшегiндей өзiнiң қажеттiгiн түсiнедi. Аула клубтарының ашылуының да, көрсетiлiп жатқан қамқорлықтың түпкi мәнi де осында жатыр.
Баланың қызығушылығына, икемiне қарай жаңа қыры ашылып, өмiрлiк жолын анықтауға да аула клубтары септiгiн тигiзедi. Өз ортасында жүрген баланың жауапкершiлiгi де артады. Баланың тұлға ретiнде қалыптасуына мектептен бөлек өз достарының ықпалы күштi. Бұл орта – көшенiң қалтары-сында, не иесiз қуыстарда емес, аула клубтарында өркен жаймағы құптарлық. Мұндай ортада өскен баланың тәрбиесi мен болашағына сенiмiмiз мол. Жасөспiрiмнiң мәдени рухани қажеттiлiктерiн өтейтiн аула клубтарының осы тұрғыда да үлесi мол. Оның жұмысына барлығы қамтылады, бәрiне де қол жетiмдi. Жылдар өткен сайын бағдары да айқындалып, дәстүрi қалыптаспақ. «Жұмысты тек қана ашылған үйiрмелердiң аясында шектемей, түрлi пiкiрталастар мен тренинг арқылы мәдени-ағартушылық жұмыстарын жүргiзiп, экскурсиялар мен саяхаттар жасап, түрлi жарыстар мен сайыстар ұйымдастырып, аула клубының өмiрiн қыздырамыз», – дейдi «Есiл» аула клубының үйлестiрушiсi Жадыра Қыстықбаева.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button