Жаңалықтар

АУРУ ҚАНДАЙ АСТАН ТАРАДЫ?

Астанада жаппай улану оқиғасы тiркелдi. «Қазақстан» спорт кешенiндегi «Олимп» мейрамханасынан тамақтанған 36 адам  қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына «iшек инфекциясын жұқтырды» деген диагнозбен жеткiзiлдi.

 

Сархат БЕЙСЕНОВА,
Астана қаласы Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментiнiң директоры:

Бiз қалалық жұқпалы ауру­лар ауруханасына түскен 36 науқастың ауруына себеп болған жәйттi анықтадық.
Ауруханаға түсердiң ал­дын­да олардың бәрi «Қазақстан» спорт кешенiндегi «Олимп» мей­рамханасынан тамақтан­ған. Арасында Өскеменнен келген балалар хоккей ко­мандасының мүшелерi де бар бо­лып шықты. СЭС маман­дары жедел түрде осы нысанға тексеру жұмыстарын жүргiздi.
Нәтижесiнде, мейрам­ханада­ғы қуырылған котлет пен АҚШ-тан әкелiнген тауық ет­те­рiнен саль­монелла бакте­риясы, пiсiрiлген сәбiзден iшек инфекциясы және «Комо» iрiм­шiгiнен стафилококк сап­ро­фитикус деп аталатын бак­терия түрлерi анықталды. Ар­найы зертханалық тексерулер қорытындысы науқастардың осы микроорганизмдерден ұшын­ғанын анықтады.
Мейрамхана санитарлық та­лапт­арға сай жұмыс жасамаған.
Осыған сәйкес бiз анықталған кемшiлiктер жойылғанға дейiн мейрамхана жұмысын уақытша тоқтату үшiн Астана қаласының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына құжат­тарды тапсырдық.
Қаланың қоймалары мен сауда орындарына түсетiн ет және құс өнiм­дерiн бақылау үшiн жос­пардан тыс тексеру жүргiзу жө­нiнде бұйрық шығардым.
Ал, «Қазақстан» спорт ке­ше­нiнiң директоры әкiмшiлiк жазаға тартылып, 30 айлық көрсеткiш есе­бi мөлшерiнде айыппұл тө­лейдi.

Жаңабай ЖҰМАҒАЗИН,
Астана қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрiгерi:

Төрт күн қатарынан ауруха­наға жалпы саны 36 адам асқын­ған iшек инфекциясын  жұқ­тырды деген диагнозбен келiп түстi. Ауру жеңiл және орташа дәре­жеде өттi.
Жалпы, көктем жаз мезгiл­дерiнде гигиеналық талаптар сақталмаса, астан келер аурудың түрi көп.
Әсiресе, ет өнiмдерiнен дайын­­далған тағамдарда, сүтте кездесетiн «сальмонелла» деп аталатын зиянды микроор­га­низм өте қауiптi болып сана­лады. Тiптi, бұл бактерия құстың жұмыртқасына да ене алады. Тез көбейедi. Сальмонеллалар та­мақтың түсiн, дәмiн өзгертпейдi, бiрақ күшейе келе өзiнен улы токсиндер бөледi.
Бiздiң ауруханамызға күнiне осы диагнозбен кем дегенде 4-5 адамға дейiн түседi.
Сальмонеллез адамның жалпы жағдайына байланысты жеңiл өтуi де, өмiрге қауiп тудырардай аса ауыр тиюi де мүмкiн. Созылмалы сипат алып, айларға, тiптi жылдарға дейiн созылуы да ықтимал. Бәрi де уақы­тылы, жүйелi емдеуге байланысты.
Бiзге келiп түскен 36 науқас құлан-таза айығып, 11 сәуiр күнi ауруханадан шығарылды. Алдағы уақытта бәрi де тұрғылықты жерi бойынша тексерiлiп тұратын бо­лады.

Шынар ДОСАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button