Басты ақпаратҚала мен Сала

«Азия авто» өндірісін неге тоқтатты?

2020 жылдың қараша айында Қазақстанда жеңіл автомобиль көлігін құрастыратын «Азия Авто» АҚ-тың өндірісі тоқтады. Оған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Бипэк авто – Азия авто» компаниялар тобы арасындағы кикілжің себеп болды. Өйткені автокәсіп­орын 10 жыл бойы мемлекет тарапынан түрлі салықтық және кедендік жеңілдіктер алып тұрғанымен, мойнына алған міндеттемелерін созбалаққа салып, орындамай келген. Атап айтқанда, компания басшылығы осы уақыт ішінде толық циклді автоқұрастыру және бояу зауытын салып, қазақстандық мазмұнды ұлғайтуға тиіс болатын.

Қазіргі күні осыған байланысты министрлік пен холдинг соттасып жатыр. Тамыз айында Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған аудан­аралық экономикалық соты «Азия Авто» мен ҚР ИИДМ арасындағы 2017 жылғы 7 сәуірдегі өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімді және 2019 жылғы 4 қарашадағы қосымша келісімді жарамсыз деп танып, компания міндеттемені әлденеше рет оның күшін жойды. Бұған қоса министрлік сотқа «Азия Авто»АҚ-тан жеңілдіктерді өндіріп алу туралы талап-арыз берген. Шағымның 2012 жылдан бері жиналған жалпы сомасы 176 млрд теңгеге жеткен.

«Азия Авто» міндеттемелерді  орындамады

– Мемлекеттік жеңілдіктің берілмеуі кәсіпорынның ағымдық өндірісіне және жұмыс процесіне ешқандай әсер етпейді. Келісімнің бұзылуы холдинг басшылығының бұған дейін алған міндеттемелерін орындатуға итермелеуі тиіс. Компания құрылғалы мемлекеттің қамқорлығында болды, бірақ өндірісті жетілдіру және қазақстандық мазмұнды көбейту бойынша міндеттемелерді орындамай келеді, – дейді ҚР Индустриалдық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Марат Қарабаев.
Алғаш рет ҚР ИИДМ мен «Азия Авто» 2010 жылдың 24 маусым күні келісімге қол қойды. Ол бойынша холдинг 2017 жылдың 1 маусымынан бастап ең құрығанда бір авто моделін дәнекерлейтін, бояйтын және құрастыратын зауытты пайдалануға беруге тиіс болатын. Алайда бұл шарт орындалмады, мемлекет оның мерзімін тағы екі жылға ұзартты. Бірақ екі жылдан кейін де толық циклді зауыт салынған жоқ. Сондықтан оның мерзімін 2020 жылдың соңына дейін тағы кейінге ысыруға тура келді.
Ағымдағы жылдың 11 сәуір күні министрлік «Азия Автодан» атқарылған жұмыстардың актісін көрсетуді талап етті, өйтпеген жағдайда келісімді бұзатынын ескерткен.
«Компания лакпен бояу және дәнекерлеу цехын салған жоқ. Жергілікті мазмұнның үлесі о баста келісілген 50%-дың жартысына ғана жетті, 23-31% көлемінде. 2020 жылы сәуірде берген есептері «Азия Авто» АҚ-ның моторлы көлікті өнеркәсіптік құрастыру туралы көпжақты келісім аясында осыдан 10 жыл бұрын бекітілген міндеттемелерін орындамағанын көрсетті» деп мәлімдеді Марат Қарабаев.
Оның айтуынша, компания егер мемлекеттен бұған дейін алған инвестициялық басымдықтарды тиісінше пайдаланып, жаңа өндірістік қуатты іске қосатын болса, онда жаңа келісім бекіту үшін өтініш бере алады. Бұл жағдайда министрлік мемлекеттік жеңілдіктер беру мүмкіндігін қайтадан қарас­тырады. ҚР ИИДМ «Азия Авто» АҚ ұжымын сабырлық сақтап, босқа дүрлікпеуге және кәсіпорын басшыларының арандатуына ермеуге шақырды. Егер оларды жұмыстан заңсыз шығаратын болса Мемлекеттік еңбек инспекциясына шағымдану керектігін жеткізді.
«Министрлік жұмыссыз қалғандарды еліміздің басқа машина жасау кәсіп­орындарында жұмыспен қамтамасыз етуге кепілдік береді. Қазір бұл саланың мамандары жетіспейді» делінген ведомствоның ақпараттық дерегінде.
Сондай-ақ холдинг басшылығының мемлекеттің отандық машина жасау саласын қолдауға бағытталған саясатын мансұқтау мақсатында таратқан ақпараттық арандатуларына сенбеуге шақырды. Өйткені «Бипэк авто – Азия авто» компания­лар тобы егер мемлекет тарапынан қарастырылған инвестициялық жеңілдіктер тоқтатылатын болса, тек Өскемен автоқұрастыру зауытының 609 жұмысшысы ғана емес, холдингтің құрамдас бөлімшелері мен филиалдарындағы қызметі автоөндіріспен байланысты 4 мыңнан астам адамның жұмыссыз қалуы мүмкін деп мәлімдеген еді.
«Қазақстан тек біздің компаниялар тобында ғана төрт мыңнан астам адам біздің өнімдерді сатумен, сервистік қызмет көрсетумен айналысады. Қараша айында біз барлығына бір айдың ішінде жұмыс орындары қысқаратындығы туралы хабарлама жіберуге мәжбүр болдық» дейді «Азия Авто» АҚ Бас директоры Ержан Мәндиев.

Зауытқа қандай жеңілдіктер берілді?

Нақтылай кетейік, «Азия Авто» АҚ-ға он жыл ішінде мемлекет тарапынан өте ауқымды көмектер көрсетіліп, бірталай салықтық-­кедендік жеңілдіктер берілген екен. Атап айтқанда:
• компоненттерді импорттау кезінде ҚҚС төлемінен босату (2012- 2020 жылдар аралығында 75 млрд теңге);
• дайын өнімді сатқан кезде ҚҚС төлемінен босату (2010-2019 жылдар аралығында 122 млрд теңге);
• кедендік төлемдерден босату (2012-2020 жылдар аралығында 99 млрд теңге);
• «ӨКМ операторы» ЖШС-тің пайдалану жинағының өтемі (2016-2020 жылдар аралығында 65 млрд теңге).
Жеңілдіктер мен ар­тықшы­лықтардың жалпы сомасы 361 млрд теңгені құрады.

Кәсіпорынның нарықтағы үлесі қандай?

«Азия Авто» АҚ Қазақ­станда алғашқылардың бірі болып жеңіл автокөліктерді құрастыру ісін қолға алды. Зауыт Өскемен қаласында орналасқан, оның филиалдары еліміздің барлық ірі қалаларында ашылды. Ол – «Бипэк авто – Азия авто» компаниялар тобы мен ресейлік «АвтоВАЗ» АҚ-ның (ресейліктерге 25% үлесі тиесілі-авт.) бірлескен кәсіпорны. Мұнда Lada, Skoda, Kia, UAZ жиналады.
2019 жылдың қорытындысы бойынша, кәсіпорынның отандық жеңіл көліктер нарығындағы үлесі 48%-ды құрап, былтыр 21 мың машина сатылған.
«ҚазАвтоПром» АҚ дерегі бойынша, ішкі нарықта сатылған көліктердің 70,6% – отандық автоөндіріс өнімдері. Бұл індеттің салдарынан сыртқы шекаралардың жабық болуымен және экономикалық қиындықтарға орай халықтың жағдайы қиындап, шетелдік қымбат көліктерді алуға шамасы келмегендікпен байланысты болса керек.
«Бипек Авто – Азия Авто» холдингі Қазақстандағы ең ірі диллер тобы деп танылды.
– Қазақстанның автомобиль өнеркәсібіндегі ірі салық төлеуші және инвес­тор компанияның қазіргі жағдайы мәз емес. Алайда «Азия Авто» АҚ-тың әлеуеті үлкен. Біз 2002 жылдан бері автоөндіріс саласына 522 млн доллар инвестиция салдық, 525 млн доллар салық төледік. Банктердің пайызы 257 млн долларға жетті, – деп шағымданды «Бипэк авто – Азия авто» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкин 27 қараша күні өткен баспасөз мәслихатында.

Р.S.  Естеріңізге сала кетейік, қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты бүгінгі күнге дейін бірінші рет «Бипэк авто – Азия авто» компаниялар тобының талап-арызы, екінші рет ҚР ИИДМ талап-арызы бойынша екі сот талқылауы өтіп, екеуінде де министрлік жеңіске жеткен болатын. А.Балушкин енді Жоғарғы сотқа арыздануға ниетті екендіктерін жеткізді.
«Азия Авто» АҚ өнді­рісінің тоқырауына байланысты еліміздегі 20 жоғары оқу орындарындағы өзінің білім беру гранттарын тоқтататыны жөнінде мәлімдеді. Зауыт басшылығы аталған оқу орындарына ол туралы хабарлама жіберді. Білім ордаларының қатарында «Назарбаев Университеті» ААҚ, «Қарағанды политехникалық колледжі» КМҚК, «Шахтинск технологиялық колледжі» КМҚК және тағы басқалары бар.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button