Жаңалықтар

Азық-түлік арзандады ма?

004

«Астана ақшамы» газеті елорда дүкендеріндегі азық-түлік бағасының түрлеріне мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Бұл жолы  сол жағалаудағы ірі  сауда ойын-сауық орталықтарын бақылауға алдық. Атап айтқанда,  «Галмарт» (Керуен), «Грин» (Ханшатыр) және «Алма» (Азияпарк) дүкендерін аралап, ондағы бағаларды салыстырған едік.

Алдымен, «Галмарт» дүкеніне бас сұқтық. Таңғы уақыт болғандықтан ба, халықтың қарасы тым аз. Дегенмен, дүкен сөрелеріндегі кейбір азық- түліктің бағасы қымбаттау көрінді. Мәселен, сиыр етінің бағасы 1750 теңгеден басталады. Ал, «Грин» дүкенінде сиырдың етін таңдап жүріп аласыз. Сүбе, қабырға, сан еттерін 1300, 1460 теңгеден алуға болады. «Алма» дүкенінде тек бір ғана баға белгіленген. Яғни, еттің бағасы 2200 теңгеден сатылуда.
Осы жолы құмшекердің тапшылығын байқадық. Тек «Галмарт» дүкенінде келісі 299 теңгеден сатылуда. «Грин» дүкенінің сатушылары қантты сөреге шығаруға үлгере алмай жатқандықтарын алға тартса, «Алма» дүкені келі­леп сатпайды екен. Есесіне, сөрелерде қораптағы шақпақ қанттың түрлері көп. 258, 326, 460 теңгеден толып тұр. Картоп, қызанақтың бағалары да арзан.
Айта кеткен жөн, қиярдың бағасы «Галмарт» дүкенінде жеңілдікпен, яғни, 170 теңгеден сатылуда. С-1 санаттағы отан­дық құс фабрикаларының жұмыртқасы «Алма» дүкенінде 248 теңгеден болса, қалған екі дүкенде сәл қымбаттау болып шықты.
Байқауымызша, «Ақмаржан», «Барақат» секілді базарда көп сатылатын күріштердің таразыға өлшенген түрі сатыла бермейді екен. Көбіне «Цесна» фабрикасының түрлі қораптағы күріштері ұсынылған. Мәселен, 800 гр болатын қораптағы «Цесна» күріші «Галмартта» – 351, «Гринде» – 344, «Алмада» – 218 теңге.
Халық көп тұтынатын азықтың бірі – күнбағыс майы. Ең арзанын 382 теңгеге «Алмадан» алуға болады. Отандық мұздатылған балапан етінің бағасы үш дүкенде де 850-858 теңгенің аралығында сатылуда.

Азық-түлік «Галмарт» «Грин» «Алма»
Картоп, кг 180 219 161
Пияз, кг 95 109 115
Сәбіз, кг 132 139 150
Қызанақ, кг 420 450 218
Қияр, кг 170 159 191
Жұмыртқа 1-санатты, ондық 320 322 248
күріш,  800 гр (цесна) 351 344 218
Жоғары сұрыптағы ұн, 2 келілік қорап 345 284 414
Күнбағыс майы, литр 420, 472, 520 424,448,536 382, 403
Қант-құмшекер, кг 299 258, 326, 460
Мұздатылған балапан еті, отандық өнім, кг  805,845 850 858
Сиыр еті 1750-2600 1300, 1460, 2200 2200

«Өзім «Ханшатыр» сау-да орталығында жұмыс істейтіндіктен, үйге қажетті азық-түлік түрлерін «Грин» дүкенінен сатып аламын. Басқа сауда орындарындағы бағаның жай-күйін білмеймін. Оның үстіне салыстырып отырып, арзанын барып алатын уақыт та тапшы. Бірақ, қызанақтың бағасы әлі күнге дейін түспей тұрғанын анық білемін» дейді сатып алушының бірі Мақсат Қазыбекұлы.
Расында, әр дүкеннің өз тұты­нушылары болады. Бірі сол маңай­да тұрғандықтан сауда жасаса, енді бірі жолай өтіп бара жатып соғады. Біздің зерттеуімізше, мұндай ірі орталықтардағы дүкен бағалары шамалас болып келеді екен.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button