Ел тынысы

Азық-түлік бағасы бақылауда

Үкіметтің цифрлық кеңсесінде Қазақстан ­Премьер-министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын ұстап тұру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

[smartslider3 slider=3334]

 

Қазіргі ахуал және бағаны тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев баяндады. Мәселен, жыл басынан бері баға 17,1 пайызға өскен. Атап айтқанда, пияз, қырыққабат, қант, картоп, сәбіз, қарақұмық бағасы ең көп көтерілген. Өңірлер бойынша баға Жамбыл және Маңғыстау облыстарында 18,7 пайызға, Алматы облысында 18,6 пайызға, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 18,5 пайызға және Шымкент қаласында 18 пайызға өскен, бұл – өңірлер бойынша бағаның ең көп көтерілуі.

Салалық комитет бөлшек сауда нысандарының рұқсат етілген үстемені 15 пайыздан аспайтын мөлшерде сақтау талаптары бойынша әкімдіктердің жұмысын үйлестіруді жалғастырып келеді. Соңғы апталарда рейдтік іс-шаралармен үй жанындағы 42,6 мың дүкен (84,7 пайыз) қамтылды. Нәтижесінде 712 бұзушылық анықталды, олар бойынша қажетті шаралар қабылданды. Қантқа келетін болсақ, республика бойынша өнімнің жалпы қоры 101,4 мың тоннаны құрайды, биылғы маусымда ішкі тұтыну 59 мың тонна болды, яғни нарықтың қамтамасыз етілуі 171,4 пайыз деп сендірді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Өз кезегінде Әлихан Смайылов 15 пайыздық сауда үстемесін, әсіресе үй жанындағы дүкендердегі бақылау жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, қант қоры 100 мың тоннадан асады, ал айына тұтыну 59 мың тоннаны құрайды. Бұл – жеткілікті мөлшер. Бірақ үй жанындағы дүкендерде қант 700-800 теңгеден сатылады. Бұл – сұраныс­ты пайдаланып, үстемеақы қойып отырған жеке тұлғалардың заңсыз кәсіпкерлік қызметінің нәтижесі. Жалпы қанттың орташа бағасы шамамен 480-490 теңге/кг болуы тиіс. Мұны ретке келтіру керек» деп тапсырды Үкімет басшысы. Одан бөлек, ­Премьер-министр келесі жылы жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізуге форвардтық келісімшарт жасасу бойынша алдын ала жұмыс жүргізудің маңызын атап өтті, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button