Басты ақпаратБілім

Балдырғандар балабақшамен қаншалықты қамтылған?

2019 жылдың қорытындылары бойынша елордада 3-6 жасар балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 98,4 пайызды құрайды. Кейінгі үш жылда бас қалада мектепалды тәрбие мекемелері едәуір артқан. Мәселен, 2017 жылмен салыстырғанда 119 балабақшаға көбейген. Бірақ бұл салада әлі де өзекті мәселелер бар. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының әлеу­меттік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында қалалық Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мектепалды даярлық саласының қазіргі жағдайына жан-жақты тоқталды.

2016-2019 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға сәйкес, осы уақытта бас қаладағы балалар 100 пайыз балабақшамен қамтылуы тиіс еді. Осыны жасырмаған басқарма басшысы мұның бірнеше объективті себебін атап өтті. Оның алғашқысы елорда халқының айтарлықтай артуы болса, екіншісі – бала туу көрсеткішінің өсуі, ал үшіншісі – ішкі миграцияның қарқыны. Оның үстіне 2017-2019 жылдары жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс болған жоқ.
Осыны айтқан Ш.Қадырова депутаттардың назарын мына сандарға аударды. Оның айтуынша, елордада 2018 жылы туған 30452 бала биыл балабақшаға баруы тиіс еді. Бірақ бұл мүмкін болмай тұр. Осы жылы барлық жастағы 15800 балдырған ғана мектепалды даяр­лық мекемелеріне орналастырылады.
– Жекеменшік балабақшаларға балаларды мемлекеттік тапсырыспен орналастыру 2019 жылы ғана басталды. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда 735 миллион теңге сомасына 5800 орынға мемлекеттік тапсырыс берілді. Бізде ай сайын орташа есеппен балабақша кезегіне 4 мың бала тұрғызылады. Солардың жартысы ғана, яғни 2 мыңнан сәл аса балдырған мектепалды даярлық мекемелеріне жолдама алады, – дейді Ш.Қадырова.
«Индиго» атты электронды кезек порталында 0-6 жасар 55989 бала, 1-6 жасар 50233 балдырған және 3-6 жасар 5980 бала тіркелген. Осы жылы тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында мектепалды даярлық мекемелерінің 904 орынға арналған үш филиалын ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 360 орынға арналған балабақша құрылысын аяқтау, 1 қыркүйектен бастап жекеменшік балабақшаларға 2800 орынға мемлекеттік тапсырыс беру көзделуде. Соның өзінде проблема толық шешілмейді. Балаларды балабақшамен қамту 99 па­йызға жетеді.
Қазіргі таңда елордада барлығы 400-ге жуық балабақша бар. Оның 94-і мемлекеттік болса, 259-ы – жекеменшік. Жекеменшік балабақшалардың 247-сіне мемлекеттік тапсырыс беріледі.
Басқарма басшысы мектепалды даярлық мекемелерінде инклюзивті білім беру мәселелеріне де тоқталды. Бүгіндері қалада №23 және №647 – екі арнайы балабақша бар. Бұған қоса, 26 балабақшада 570 тәрбиеленушіге арналған 45 денсаулықты түзеу тобы жұмыс істейді. Осы жылдың қазан айында көзі нашар көретін балаларға арналған 90 орындық балабақша ашылады. Жаңа оқу жылында №22, 23, 25 және 64 балабақшаларда ресурстық орталықтарды ашу жоспарланып отыр. Бұл орталықтарда ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарына әдістемелік және консультативтік көмек көрсетіледі. Бұған қоса, 28 мектепалды даярлық мекемесінде осындай балаларға арналған арнайы топтар ашылады.
2019 жылы балабақша тәрбиешісінің орташа жалақысы 63235 теңгені құраған. «Мұғалім мәртебесі туралы» заңына сәйкес осы жылдың 1 қаңтарынан барлық педагогтардың жалақысы 25 пайызға өсті. 2023 жылға дейін ұстаздар айлығы жыл сайын 25 пайызға өсіп отырады. Соған сай қазір тәрбиеші 75324 теңге алады. Ал 2023 жылға қарай оның жалақысы 126 мың теңгеге жетеді.
– Биыл балабақша педагогтары тұңғыш рет жаңа форматтағы аттестаттауға қатысады. Қазіргі кезде тестілеу жүргізіліп жатыр. Ол оң нәтижені көрсеткен жағдайда педагогтарға 30 пайыздан 50 пайызға дейін үстемеақы төленеді. Мектепке дейінгі ұйым ұстаздарының тапшылығы өзекті күйінде қалып отыр. Аталған мәселені шешу үшін Білім басқармасының сайтында «HP» порталы жұмысын бастады. Қазір порталда 377 бос орын орналастырылды. 2019-2020 жылдары мектеп­алды білім беру педагогтарының 3313-і біліктілікті жоғарылату бойынша қысқамерзімдік курстардан өтті. Осы жылы елорда колледждеріне 300 балабақша педагогын оқытуға мемлекеттік тапсырыс берілді, «Астана» халықаралық университетіне 50 грант бөлінді, – дейді Ш.Қадырова.
Алайда осы саладағы өзекті мәселелерге қарамастан қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы Білім басқармасының бюджетінен балабақшаларға арналған 528 миллион теңгені қысқартқан. Мәслихат депутаты Рамзия Өмірбаева осыған келіспейтінін, жалпы білім саласының қаржысын қысқарту арқылы үнемдеуге болмайтынын айтты. Оны әріптесі Қарақат Абден қолдады. Осы мәселе бойынша Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Айжан Түгелбаеваның жауабы депутаттарды сендірмеді. Алдағы күндері аталған қос басқарма басшылығы мен депутаттар жиналып, бұл мәселені пысықтайтын болып келісті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button