Тағзым

БАҚҰЛ БОЛ, ХАС БАТЫРЫ ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ

DSC_2046 2

Талғат Жақыпбекұлы БИГЕЛДИНОВ

2014 жылғы 10 қарашада 93 жасқа қараған шағында аты аңызға айналған ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Талғат  Жақыпбекұлы Бигелдинов өмірден өтті.

Т.Ж.Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда дүниеге келген. Ол Саратов және Орынбор әскери авиация училищелерін тәмамдаған.

1943 жылдың қаңтар айынан бастап Ұлы Отан соғысына араласты. І Украин майданының 144-ші гвардиялық шабуылдаушы әуе полкында эскадрилья командирі болды.

1944 жылы Т.Ж.Бигелдиновке әуе шабуылдарындағы ерлігі мен әскери шеберлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Екінші «Алтын Жұлдыз» медалі гвардия капитаны Т.Бигелдиновке 1945 жылдың мау­сым айында эскадрильяны үздік басқарғаны және Краков, Оппельн (қазіргі Ополе), Катовице, Бреслау (қазіргі Вроцлав) және Берлин қалалары үшін болған ұрыстарда жауынгерлік тапсырманы ержүректілікпен орындап көрсеткен ерлігі үшін берілді.

Т.Бигелдинов 1945 жылғы Жеңіс парадына қатысты. Соғыстан кейін 1950 жылы Әскери-әуе академиясын тәмамдады және КСРО Әскери-әуе күштерінде қызметін жалғастырды. 1957 жылдан 1970 жылға дейін азаматтық авиация саласында қызмет атқарды. 1968 жылы Т.Бигелдинов Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын бітіріп, Қазақ КСР мемлекеттік құрылыс жүйесінде 26 жыл бойы басшылық лауазымдарда еңбек етті. Оның жетекшілігімен азаматтық авиацияда  көптеген нысандар салынды.

Т. Ж. Бигелдинов КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1946-1954, 1989-1991 жылдардағы 2, 3, 12 шақырылымдарының депутаты болды. Ленин, Александр Невский, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, І және ІІ дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, ІІІ дәрежелі Даңқ ордендерімен, Қазақстан Республикасының «Отан» және І дәрежелі «Даңқ» ордендерімен наградталған.

Соңғы жылдары Т.Ж.Бигелдинов Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне және жетім балаларға көмек көрсететін Халықаралық қайырымдылық қорының президенті болды.

Бар ғибратты ғұмырын туған елінің қауіпсіздігі мен әуе қорғанысы саласын нығайтуға арнаған әскери қайраткер көзсіз ерлік пен шынайы батырлықтың үлгісі, халқының қадірменді зиялысы болды.

Талғат Бигелдиновтің жарқын бейнесі барлық қазақстандықтардың жүрегінде әрдайым сақталады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі

Өмірі ОНЫҢ – өнеге

Орны толмас қаза.

Қазақ елі қара жамылды.

Талғат Бигелдинов өмірден өтті.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қызмет бабымен екі жыл Мәскеуде болып, жатақханада Воронежден келген Володя деген әріптесіммен бір бөлмеде тұрдық. Бірде сөз арасында «біздің елдің қандай  атақты адамдарын білесің?» деген сұрағыма ол бірден «Талғат Бигелдинов. Атақты ұшқыш» деп жауап бергені әлі есімде.

Иә, ол екінші дүниежүзілік қырғын майданда ғажап ерлік жасады. Сол үшін болар, қазақ халқының қаһарман ұлының аты аңызға айналды, атақ-даңқы әлемге жайылды. Өйткені, бүкіл соғыстың өн бойында 500 сағаттан астам ұшып, бірде-бір бағытынан жаңылмай, бағдаршыл болжампаз екендігін айқын байқатқан ұшқыштар некен-саяқ болса керек.

 Жастайынан қиындыққа мойымай, жинақы, дербес, тәуелсіз, өзіне-өзі қамқор болып, өмірін дұрыс құруға машықтанған Талғат сол қадір-қасиетін қан майданда да  көрсете білді.

23 жасқа жетер-жетпесте екі дүркін Батыр атанған жерлесіміз бейбіт заманда да өз орнын тауып, халық шаруашылығын өркендетуге өлшеусіз үлес қосып еді. Соғыс кезінде алған көптеген марапаттарға тәуелсіздік жылдары ие болған орден-медальдарының қосылуы – соның айғағы.

Қош бол, қадірлі аға!

Батыр бауырымыздың өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге бола бермек.

Амантай КӘКЕН, әскери зейнеткер, полковник

 

Ақмоланың тумасы

Кеңес Одағының Батыры атағына екі дүркін ие болған әйгілі ұшқыш, әуе ұрыстарында талай фашистерді жер жастандырып, жеңіс күнін жақындатқан қадірлі азаматымыз Талғат Бигелдиновтің қаза болғаны жөнінде суық хабарды естіп, қатты күңірендім.

Авиация генерал-майорының қазасына қайғырмаған қазақ жоқ шығар, сірә?! Себебі, оның жүріп өткен өмір жолы,  жауынгерлік ерліктері – кейінгілерге өшпес үлгі, өнеге.

Мен – Тәкеңмен тұстаспын. Әрі батырлығымен күллі әлемге танылған аптал азаматтың осы жердің, өзіміздің Ақмола облысының тумасы екенін мақтан тұтамыз.

Талай рет ол кісімен бетпе-бет кездесіп, майдандағы ерліктері туралы әңгімелеріне куә болғанмын. Сонда байқағаным, оның көздерінен Отанға деген шексіз махаббат сезіліп тұратын. Өскелең ұрпақ өкілдерінің де туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға барынша үлес қосып келгенін, сол үшін дүйім қазақ жұрты Талғат Бигелдиновті ерекше құрметтегенін қалайша естен шығарамыз?!

Көзі тірісінде осыншалықты атақ-даңққа бөленген азаматтың арамыздан кеткені, әрине, қабырғамызды қайыстырды. Дегенмен, оның есімі, ерліктері ешқашан ұмытылмайды.

Жатқан жерің жарық, топырағың торқа болсын, қадірлі замандас!

Батырдың жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.

Сейілбек УСИН, соғыс ардагері

 

МАЙБАЛЫҚТЫҢ ШАМШЫРАҒЫ

Менің ағам Мұхтар Бекмағанбетов Ұлы Отан соғысы біткен жылдары, Ақмола қаласынан елу шақырым жердегі, Нұра өзенінің жағасындағы «Кеңес» колхозында мұғалім әрі мектеп директоры болып қызмет істеді. Сөйтіп жүріп аудандық оқу-ағарту бөлімінің бұйрығымен, Майбалық көлінің жағасындағы «Майбалық» колхозының мектеп директорлығына тағайындалып, сонда көштік. Екі колхоздың айырмасы жоқ, бір көшенің бойына орналасқан, саз кірпіштен қалаған аласа үйлерден тұратын, қора-қопсы  жапсарлас салынатын. Ол кезде мұғалім үйі мектеппен бірге бір қорада болатын. Майбалықтағы мектеп те сондай. Мектеп бір коридордың бойындағы төрт бөлмеден тұрды. Дәліздің бір жағын екі класс алса, екінші жағы мұғалім үйі еді. Шешем Үндемес, ағам әйелімен, мен сонда тұрдық. Колхоз аты басқа болғанмен, өмір тура қайталанып өзгеріссіз өтіп жатты. Айырмашылығы жоқ. Есік алдындағы ағаш бағананы көрсем де, көңіл бөлмеген болармын. Оның басынан екінші бағананың басына дейін сым барын білсем бұйырмасын. Тек бір күні қас қарая, естен танарлық, бұрын-соңды көрмеген құбылыс болды. Мектепке іргелес екі жүз метрдей жерге салынған үй дүрсілдеп қоя берді, артынша бағанағы бағаналар басындағы шамдар айналаға сәуле шашып, түн күндізге айналды, үй іші самаладай жарқырады. Керосин жағуға үйренген бала, мұндай құбылысқа айран-асыр болды. Жеңгесі білте шам жарығымен «Мың бір түнді» оқығанда, осы баланы жанына отырғызатын. Өйткені, кітаптағы жын-пері, диюлар өріп жүретін. Сол дию, перілер кеш болса, колхоздың әр қорасында босып жүретін. Міне, қызық, бағана басындағы шамдар жын-періні қуыс-қуысқа қуып тығып, бала-шағаны мәз-мәйрам қылды. Бұрын-соңды мұндай қуанышқа бөленсем бұйырмасын. Осындай кештерде ағам Мұхтар және ауылдағы бас көтерер жастар ауыл клубында спектакль қойып, кәрі мен жасты бір көтеріп тастайтын. Сондай бір кездерде шешем Үндемес «жасатқан жасына, көрсеткен қызығына ризамын» деп тәубе қылатын.

Есейе келе білдім. Ол шамшырақ Кеңес Одағының екі мәрте Батыр атағын алған Талғат Бигелдиновті туып-өскен топырағына, өзінің алтын бесігі Майбалығына берген сыйы екен. Ол неміс жерінен әкелген электродвигатель еді. Сол «движокты» ауылда жүрген Карл деген неміс 1 Май, 7 Ноябрь, Жаңа жыл, 8 Март,  23 февраль мерекелерінде от алдырып, жарық беретін, қалған күндері білте шаммен отыратынбыз.

Мен өмірде талай қызықты бастан кешірдім, оған ризамын. Совет заманында Ленинград, Мәскеу, Ташкент, Самарқан, Каменец-Подольск, Челябі қалаларында, Бекет-Ата, Шолпан-Ата, Масат-Ата, Шақпақ-Ата бастарында болдым. Қазіргі замандағыдай жұрт мақтайтын Америка қалалары және Голливуд еш қызықтырмайды. Өйткені, мен бала кезімде Майбалық шамшырағын көрдім ғой. Кешегі ұрпаққа айтарым, болсаң, Талғат Бигелдиновтей бол, оның шамшырағы менің көкірегімде әлі жанып тұр. Мың да бір рахмет менің бала күнімді өшпес сәулеге бөлеген қазақ ұлы Талғатқа.

 Баймұқан БЕКМАҒАНБЕТОВ

 

ҚАҺАРМАН ДҮР ҚАРИЯ ҚАЛПЫНДА ЕДІ…

«Ана тілі» газеті 1990 жылдардың ортасы ауа тұлғалармен сұхбатқа көбірек ден қойды. Бас редактор Мереке Құлкенов «Атамұра» корпорациясының бас директоры Мұхтар Құл-Мұхаммедпен және киноактер Нұржұман Ықтымбаевпен әңгімеден кейінгі үшінші тапсырманы, Талғат Бигелдиновпен жүздесуді жүктеді. Күтпеген тапсырма… «Жоқ» деуге басшыдан, «иә» деуге Батырдан жүрегім дауаламай тұр.

Телефон нөмірін таптым. Тердім. Аз-кемнен кейін тұтқаны біреу көтерді. Батыр екен. Жөнімді, өтінішімді айттым. Бөгеліңкіреп біраз тұрды да:

– Атым кім дейсің? – деді.

– Раушан.

– А, Рихан… Ну… жарайды, бүгін түстен кейін кел.

«Рихан емес едім» деуге болмайды, тіпті жақсы, кешегі «Лениншіл жастағы» Өтеген Оралбаев пен «Ана тіліндегі» Ертай Айғалиұлы ағалар қойған Рәшида, Рауғашының қасына тағы бір жаңа ат қосылды.

… Трамвайдан бір аялдама ерте түсіп қалдым да, енді өз ойыммен өзім жағаласып келемін. Қобалжып та, қорқып та барамын. «Келісе ме, келіспей ме деп едім, сөйтсем, ол түк емес екен. Егер сөйлесе алмасам, қайтемін?

Есіктің қоңырау түймесін басып едім, іштен «щас, щас» деген дауыс саңқ-саңқ етті. Қуанып кеттім. Іле кілт сылдырлап, есік айқара ашылды. Қарсы алдымда Талғат Бигелдинов тұр! Арғы жақ у-ду. Үйде қонақтар бар екен. Ол кісі маған аңтарылып қарады. Мен абдырап қалдым.

– Аға, мен… «Ана тілінен»… Түстен кейін кел деп едіңіз…

Әәә… Иә-иә… Ну… жарайды, сен де қонақсың ғой. Кір, кір.

Сірә, басқа біреуді күтіп отырғанда қоңырауды мен қақсам керек…

Қысылғаныма қарамай, дастарқанға келтіртті. Орыс-қазағы аралас кілең үлкен кісілер. Кімдер екеніне мән бергенім жоқ, өзіме бір кісі ғана керек. Апайлар мен атайларға кедергі болмай, сәлден соң шығып кетермін дегенмін. Бәрібір әңгіменің реті бүгін келмес.

– Бұл – корреспондент. Маған интервью беріңіз дейді, – деген Батырдың сөзінен соң бәрі бірінен кейін майдан, соғыс туралы әңгімеге көшті. Зейін қоймасқа болмады…

Көңілді отырғанын пайдаланып, ертең келуге Батырдың уәдесін алдым.

Ертесіне келісілген уақытқа кешегідей емес, батыл басып бардым. Барсам, Батыр ағам  да кешегідей емес, ықыласы суып қалыпты… Қатарың емес, құрбың емес, «кешегі уәдеміз қайда?» деп, қалай базына айтарсың! Керек десең, онша жақтырмады.

– Ертең телефон соғарсың, – деді сүлесоқ.

«Бара берді» – ұқтым да, сыртқа көңілім құлазып шықтым…

Енді күн сайын Талғат Бигелдиновке қоңырау соғу әдетке айналды. Телефонның дискісі шыр айналып-айналып, Талғат ағамды «таба алмайды».

«Жазған құлда шаршау жоқ», тағы телефон шалдым.

Бұл жолы тұтқаны тез көтергені не керек:

– Айналып кетейін, интервью бере алмаймын, – деді тіке.

– Онда, анау күнгі бал салып берген банкіңізді апарып берейін.

Бұл шыным еді. Ол уақытта банкі атаулы бүгінгідей емес, қат. Қажет кезде қолға түспей қалады. Әрине, басқа-басқа, банкіге қарап тұрған Батыр жоқ, менікі де жөнсіз болды ма, үнсіз қалды.

Осылай біраз оқталып жүріп бір күні ескертпестен ертеңгі сағат 10 болмай, Батыр үйінің табалдырығына тірелдім.

– Сәлематсыз ба? – дедім босағасынан жаңа кіргендей.

– Сен өзің… фашист екенсің!!!

– Сіз фашисті көрдіңіз бе?

– Не?!? Не дедің??!

Қатты ашуланды. Екі көзінің қиығы қасына қарай шаншылып шыға келді. Қарап-қарап тұрды да:

– Кір! Кір, бөлмеге!.. – деді.

Үні аздап сынғандай ма, әлде, маған солай көрінді ме…

Қонақжайға өттім. Теледидар қосулы. Құдай тілеуіңді бергір.

Енді өзі «хош» демейінше, тағы бір нәрсені бүлдіріп алармын деп, үстел үстіндегі самсаған «ойыншық» самолеттерді қызықтаған болып, орындықта тапжылмастан, үн-түнсіз отырмын. Ұшқыштың жаны – ұшақтың қанатында, назарым сүйікті самолеттеріне сүрініп отырғанын көрсе, өзі де әлдене деп сөз бастар…

Ән аяқталды. Теледидарды сөндіріп, әңгімеге дайын екенін аңдатты.

…Батыр «булығып» жүр екен, сауал сайын сөз туындатып, көп, өте көп әңгіме айтты. Бір емес, екі таспаның екі жағы толды. Батырдың да көкірегіне байланған шері болады екен, семіп қалған сырды тарқатты. Тағдыры анасының құрсағында жатқанда-ақ басталыпты. Бала күнгі көп нәрсе есінде екен, тапқан, баққан ата-анасы туралы сөз қозғады. Жүз үш жасаған нағашы апасы Хадиша әжейдің дұға үйреткенін, оны соғыстың өн бойына аузынан тастамағанын, кейін бейбіт заманда жұмыста да, тұрмыста да әлдеқалай қиындыққа душар болғанда оқи жүретінін әңгімеледі. Соғыс бітіп, елге келген соң, оқуға жиналғанда ата-анасы «Батырға енді оқудың керегі не?» деп таңғалғанын, бұған қалыңдық дайындап отырғанын айтқанда, «оны кәйтемін?» деп өзінің таңғалғанын айтып, рахаттана күлді. «Кәйтеміні несі? Үйленесің». «Жоқ. Оқимын. Үйленбеймін». «Сен әуелі ол қызды көрсеңші». «Көрсек, көрейік». Көрді. Он алтыдағы сүп-сүйкімді қыз екен. Еріксіз ғашық болды. Қалдырмай, өзімен бірге ала кетті. «Ол – мынау еді, ертерек қайтыс болды, байқұс» деп, қасы-көзі мөлдіреген сұлу келіншектің суретін көрсетті.

… Бұл бір біткен іс болды. Таңертең Батыр қарсы алып еді, енді түсте бала күнінде бейнет кешкен, жас күнінде ұшып жүріп от шашқан, тіршілікте кезіккен қызықшылық пен қиыншылық бәрі-бәрі жиналып, жүрегіне қатпар-қатпар сыр болып қатқан дүр қария шығарып салды. «Бұл – менің сүріп жатқан өмірім, айналып кетейін». Таспаға тартқан сөздің бәрін іліп, тізіп немесе шала шолып жариялаудың жөн еместігін қаперге салды. «Газетке шығармай тұрып, жазғаныңды маған көрсетіп ал» деді. «О, әрине!». Соңыра, 12 бетке ықшамдап, компьютерге терілген өз әңгімесін оқыды. Көкейінен шықты. Әр бетіне жеке-жеке қол қойып берді. «Ал, Рихан, тағы жазамын десең, тағы кел» деп, ықылас білдірді. Жастық па, жұмыс па, сәті  туып тұрғанда қайта оралмағанымыз-ай… Кезекті, келесі сұхбаттарды «қуалап» кете беріппіз.

 Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ, журналист 

(Автордың «Астана ақшамы» газетіне шыққан «Аспаннан екі «Алтын жұлдыз» алып түскен ер қазақ» атты эссесінен ықшамдалып алынды. 2012 жыл, 8 мамыр)

 

Биіктік туралы баллада

 

Қарайлап жүрмесек те қасына еріп,

Көруге хас батырды ғашық едік.

Ер Талғат дүниеден озып кетті,

Тоқсанның үшеуіне жасы келіп.

 

Бұл бақыт бұйырыпты қандай жанға,

Іздесең жақыннан да, шалғайдан да:

Еш қазақ аман-есен қалған емес

Екі рет ерлік жасап қан майданда.

 

Күн күліп, тас төбеден төккен арай,

Жетуге жау тылына – шепке қарай.

Қонуға қара жерге асыққан жоқ,

Ұмтылды қыран сынды – көкке қарай.

 

Қайтқан жоқ содан кейін сол бетінен,

Естіртіп ер есімін елге кілең.

Танылып тұлғасынан тұрушы еді,

Көрініп батырлығы келбетінен.

 

Ұқсайтын жалғыз өзі дара белге,

Қиядан тұрушы еді қарап елге.

Сол қыран биігіне жеткеннен соң

Құлады ажал жетіп қара жерге.

 

Тұрғанда бүкіл дүние уысында

Бәріміз жуық едік жуысуға.

Тіреліп тығырыққа қайран батыр,

Қалмақ па Алатаудың қуысында?

 

Шырағы тіршіліктің жанған ерге,

Құмары балалықтың қанған жерге:

Көсіліп шалқасынан жатпас па екен,

Кең дүние – кіндік қаны тамған жерге.

 

Ел-жұрты тұрар еді басына кеп,

Табынып, тауап етіп тасына көк.

Дүние-ай, Қабанбайдай батыр еді,

Жатпады Қабанбайдың қасына кеп.

 

Ер жігіт туған жерін таппас па екен,

Қайтадан ошақ отын жақпас па екен.

Қайда деп бір төбеден іздегенде,

Төсінде Майтөбенің жатпас па екен.

 

Батырдың биік бүгін дара басы,

Халықтың әрі әкесі, әрі ағасы.

Шыр етіп дүниеге келген кезде

Жуылған ерке Есілге шаранасы.

 

Көтеріп туған елдің туын бірлік,

Қызығын қу дүниенің қуып жүрдік.

Батырды аттандыру керек еді,

Суына көк Есілдің жуындырып.

 

Қамығып қан жұтқанда шерленген ел,

Ерлік те қанмен келер, термен келер.

Сүйініп ұлың сүйіп жатпас па екен,

Туғанда тал бесігі тербелген жер.

 

Осылай берілемін сағымды ойға,

Сезімім ақылыма бағынбай ма?

Жалаң бас, жалаң аяқ жүрген жері,

Сарыарқа саңылағын сағынбай ма?

 

Қай кезде жеткізіпті арман-шынар,

Дүние шыныменен жалған шығар…

Туғаннан тауға құмар қыран еді,

Өзінің биігінде қалған шығар!

 Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

 

 

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button