Басты ақпаратҚала мен Сала

Бас қала маңайы өзен-көл

Нұр-Сұлтанда туристік компаниялар жеткілікті. Жарнамаларына қарап отырсаңыз, әлемнің кез келген нүктесіне жеткізіп салады. Алайда осы фирмалар елорданың іргесіндегі сулы-нулы жердің рахатын көрсетуге құлықсыз. Осының алдында мереке аясындағы бір-екі күндік демалысымды табиғат аясында өткізбек болып, екі-үш туристік агенттікке телефон шалдым. Алайда телефонның ар жағында отырғандардың «Қазақстанмен жұмыс істемейміз» деген сөзі жаныма батып кетті. Таяқ тастам жерге турфирмаға жалынбай, бір амалдап жетер едім ғой. Өзіме де сол керек. Содан астананың жан-жағында жатқан өзен-көлдердің жайын сұрастыра бастадым.

– Тайтөбедегі «Нұра» демалыс орны ұнайды. Өзеннің жағасында орналасқан, айнала қалың ағаш өскен. Шомылам дегенге де өзенді бойлай кетіп шатыр құрып алып, оңашада балық ау­лау­ға болады. Қояндыда да демалыс үйлерін салып, жағалауды абаттандырып, инфрақұрылымын жасап, біршама жолға қойған. Бірақ бәрінің иесі бар. Аттаған қадамыңа ақша алады, – дейді табиғат аясында демалудың білгірі Еркеғали Болатұлы.
– Жаз болса қаланың шуы­нан қашып, бір күн болса да өзен жағалап кетемін. Қор­ғалжын тасжолының бо­йындағы Бірлік, Сабынды, Ал­ғабас елді мекендеріндегі адам аяғы таптай қоймаған жер­лердің суы да тұнық, балығы да мол. Астрахан тас­жолын жағалай шықсаңыз, Дамса, Жаңааймақ, Ақмешіт, Родина елді мекендері жайласқан жағалаулар демалуға жақсы. Ауыл айнала қонған судан шортан, тұқы, алабұға, аққайран, тағы басқасы қармаққа көп ілігеді, – деп қызықтырды Василий есімді әріптесіміз.Бурабайдан басқа жерді білмейтін басым осы сөздерден кейін картаға үңіліп, туризм нысанына айналған жерлердің тізімін жасауға кірістім. Оңай шаруа емес. Байқағанымыз, барлық жарнамаларда демалыс орындары ғана көрсетілген. Бағасын білмек болып құлақта жүрген «Балқарағайға» қоңырау шалдым. Түнемелік орынды 25 мыңнан бастап 60 мыңға дейін жалға алуға болады екен. Қаладан қашық болмаса да, қаражаты алыстатып тұр. Жарнамасы жазылғандардың 30 мыңнан төмені жоқ. Тәулігіне. Нұраның бір ағысында орналасқан «Нұра» демалыс жайы тартымды-­ақ. Тайтөбеден ассаңыз, кө­лікпен тез баруға болады. Бірақ бір-екі күндік демалыстан гөрі апталап жатып демалғанға ғана қолайлы.
Қаладан 20-30 шақырым ассаңыз, Сілетінің екі қолтығы – Қоянды мен Ақжардың үстінен түсесіз. Іргедегі Қоянды елді мекені астаналықтар үшін жақсы таныс. Жанында ағып жатқан ша­ғын өзеннің өз берекесі бар, қазір өзенге жақын жер телімдеріне зәулім коттедж­дер салынып, қуықтай жағалауға жақындау қиынға ай­налыпты. Сол үшін ат сабылтып баратын жер емес.
Жалпы, осы маңдағы өзендер шымырлап ақса да ағыс­ты келеді, жағалауы жарқабақты, тікжар болып келеді. Сондықтан да Арқаның аз күндік ыстықтарында жағажайға айналып үлгермейді. Табиғат жағдайы осындай болған соң, туристік компаниялар да, кәсіпкерлер де оны игеруге құлықты емес.Онда көл іздейік. Көл дегенге бір Қорғалжынның өзі не тұрады! Жолай аттас кентке соқсаңыз мұражайы бар, кіреберісінде әйгілі Арқаның әні «Дударайға» қойылған белгісі бар. Тарих та, таным да осы жерде. Өкінішке қарай, бұл жер халықтың ағылып келіп демалып жатқан жері емес.
Сарыоба, Бозайғыр, Жалаңаш көлдері де осы өлкенің көркі. Соңғы екеуін, әсіресе, балықшылар жақсы біледі. Мөңке мен тұқы осы суда көптен өнеді. Ал Сары­оба жағалауы – құмдауытты, жасыл шөп шықпайтын тұзды көл. Тұзды суға шомылып демалыс іздегендерге таптыр­майтын жер. Қаладан 40 км, Қарағанды тасжолымен «ҚазМұнайГаз» жанармай құю стансасынан солға қа­рай бұрылып, ауыл арасы­мен демде жетіп аласыз. Ал Жалтыркөлге барғыңыз келсе, алдыңыздан осы аттас ауыл кездеседі. Одан ақысын беріп әрі ассаңыз, жағалауда қыздырынып, суына шомылып, демалуға әбден болады. Бірер күндік демалысқа жарайтын қажетті жағдайдың бәрі бар. Егер жастанып жатып кідіретін болсаңыз, онда «Golden Fish» демалыс үйіне тоқтаңыз. Жайлы жайды жалға алуға 30 мың теңге кетеді. Көп болып қыдырып барсаңыз спорт алаңдары, сауна, бассейн, тағысын басқа демалысты мәнді ететін игіліктер қарастырылған.
Ел арасында Максимовка аталатын ауыл тұсындағы Есіл өзенінің бір саласын да жайлы жағалауға айналдырып қойған. Жаздық демалыс үйлері бар. Суы таза, жағалаудың таяз жерлері балалардың шомылуына қолайлы. Оған Астрахан тасжолымен шығып кетіп, ауылға жетіп, сол жағыңызға қарай бұрылсаңыз, маңда­йыңызбен тірелесіз. Қаладан 25 шақырым.
Нұраның бойындағы Қосшының демалыс орындары жанға жайлы. «Чистые пруды», «Green Park», «Нұра», «Тайтөбе» кешенді демалыс орындары демалушылар үшін барлық жағдайды жасаған. Жету де қиын емес. Әуежайға қарай МАИ бекетіне жетіп оңға бұрылсаңыз, шеті көрінеді. №27 және №43 қалалық көлікпен де жетіп қаласыз.
Біз мақаламызда қаладан 30 шақырымда орналасқан жайлы жағалауларға шолу жасадық. Ел арасы жақын. Қолжетімді. Бірақ жаздыгүні демалыс сайын қала­лықтардың жапырыла ағы­­­латын жері емес. Неге? Се­бебінің бірі – елордалық ту­ристік компаниялардың «Қазақстанмен» айналыс­пауында. Оларға турис­терді инфрақұрылымдары жетілген Түркияның жағалауларына жіберген тиімді. Екінші бір себебі – аталған жерлердегі демалыс орындары жұмысының жолға қойылмауы. Бағасын аспан­датып, демалысқа келген бірен-саран адам­мен шектеліп, соның пайдасына қанағаттанып отыр.Егер демалыс орындарын насихаттап, арнайы көлік бөліп, астаналықтарды алып кетіп, алып келіп жатса, бұл бағытқа халық та үйренер еді. Араға уақыт салмай жеке жеңіл көлік жүргізушілері де сайланып, сол бағытта жұмыс істер еді. Алайда қол созым жердегі демалысты айналып өтіп, қала тұрғындары мен қонақтары Бурабайға баруды жеңіл көреді. Өйткені арада электричка зырылдап қатынап тұр, қаласаңыз такси ағылып жатыр.
Мүмкін Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысы арасында аймақтық туризмді дамытуға мәмілеге қол қойып көш қозғалса, өзен-көлдер арасына жол салынар еді. Сонда ғана жан-жақтан келген, бұл жердің ой-шұңқырын білмейтін қалалықтар айналасын танып, табиғатына тамсанып, тамырлауына жол ашылар. Өзен-судың билігін тек қалталыларға беріп қоймай, жергілікті билік өзен-көлдердің қолайлы тұстарын қамыстан тазалап, жағасына құм төсеп, табанын лайлы батпақтан тазалап, шомылуға қолайлы жағалаудың санын көбейткені абзал. Әзірге күннің ыстығында Орталық бақтағы жағалауға шомылып, Ақ­бұлақ пен Сарыбұлақты жағалап қармақ салып, биылғы жазды да шығарып салатын сияқтымыз.
Миллионнан астам халқы бар Нұр-Сұлтанда демалыс орындары, саябақтары же­­тіліп артылады. Бірақ өңір­дің көрікті жерлерінде демалудың жайы басқа. Бір қалаға тығылып қалмай, аяғын созып, ауылдық жерлерге де барып, ел көруге шақырудың насихаты аз. Мұндай игіліктен тосыр­қап қалған жаңа астананың тұрғындарына серпін беруге де күш салу керек. Сонда жаздыгүні асфальтты тескен жасөспірімдер бір уақыт қолына қармақ алып, өзен-судың құдіретін түсінер еді. Отбасылық демалыстың ауызбіршілікті арттырып, мәңгі есте қалатынын да ескеру қажет. Ендеше құлшына қолға алатын адам керек. Саламатты өмір салтын қалалықтар қоштайды деп ойлаймын.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button