Білім

Басты оқу құралы – компьютер мен теледидар

Еліміздің мектептерінде биыл алғашқы қоңырау онлайн түрде соғылады. Жұқпалы індеттің таралуына жол бермеу үшін Білім және ғылым министрлігі осындай шешім қабылдады.Еліміздегі 7391 мектеп­тегі 3,3 миллиондай баланың 2,6 миллионы – қа­шықтан оқу форматында, 530 мың бала – кезекші сыныптарда, ал штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы білім алады. Жаңа оқу жылының қарсаңында мұқтаж отбасылардан шыққан 500 мың оқушыны компьютермен қамтамасыз ету жоспарланған. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 689 жетім балалар, 7212 аз қамтылған және 4159 көпбалалы отбасынан шыққан оқушылар бар. Олар оқу жылының басына дейін түгелдей компьютерлік техникамен, роутерлермен қамтылады.
Еліміздегі оқушылардың 80 пайызы, яғни 2 миллион 600 мың бала 1 қыркүйектен бастап тағы да компьютер мен теледидарға жүгінеді. Осы орайда оқушының материалдық қажеттілігінен бұрын, рухани сұранысын өз деңгейінде қамту оңай емес. Министрдің айтуынша, осыншама оқушыға қашықтан білім берудің тиімді жолдарының бірі – телесабақтар дайындау. Осыған дейін 6 мың онлайн-дәріс әзірленіпті.
– Теледидар сабақтары «әл-Фараби» мен «Ел арна» арналарында көрсетіледі. Кем дегенде әрқайсысына 9 сағаттан эфир берілді. Оған қоса, барлық телесабақтар интернетте орналастырылып, оқушылар үшін тегін және қолжетімді болады, – деді Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында.
Министр атаған екі арна 604 елді мекенде көрсетпейді екен. Алайда оның жартысында мектепке баратын оқушы жоқ көрінеді. Ал қалғандарында бұл мәселе телесабақтарды жергілікті телеарналардан көрсету және спутниктік антенна орнату арқылы шешілмек. Алайда онлайн оқытудағы қиындық аз емес. Шалғайдағы ауылдарды айтпағанның өзінде, кей аудан орталықтарында интернеттің жылдамдығы төмен екенін төтенше жағдай көрсетіп берді. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусиннің айтуынша, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында талдау жасалған. Соның негізінде қосымша антенналық құрылыстар орнатылатын орындар айқындалғанын және осы мәселеге байланысты жергілікті әкімдіктерге тиісті тапсырма беру керектігін айтты. Сөйтіп байланыс сапасы нашар аймақтардың проблемасын шешуге болады деді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button