Басты ақпаратҚоғам

Бейнет пен зейнет

Бірде орыс тіліндегі журналдан мынадай мәліметті оқып, жағамды ұстадым. Еліміздегі 2 млн 140 мың зейнеткердің 5 мыңнан астамы қарттар үйінде өмір сүрсе, 1 мыңнан аса 55 жастан асқан қазақстандық нарколо­гия­лық диспансердің есебінде тұрған көрінеді. Ресми статистика бойынша Қазақстанда 50 қарттар үйі бар. Сол үйлерде өз еркімен өмір сүруге әл-дәрмені жоқ, үнемі күтімге мұқтаж қариялардың да тұратыны рас. Балалары мен туыстары жоқ, я болмаса балалары бас тартқан қамкөңіл жандардың тағдыр-талайы өте ауыр.

Қарттар үйі жоқ ел

Қартайғанда өмірдің бейнетінен көз ашпаған 1026 қария наркология­лық және психиатриялық диспансерде есепте тұр. Демек, кедейліктен не жалғыздықтан қажыған қарттар ішімдікке, нашақорлыққа салынып кеткен. Мысалы, Жапония­да қарттар үйі деген атымен жоқ. Шығыс елдерінің мәдениетінде егде жастағы адамдарға ерекше құрмет көрсетіледі. Сондай-ақ батыс елдерінде де «қария волонтерлер» деген ұғым бар. Жекеменшік мектеп, ауруханаларда жеңіл жұмыстарға көбінесе қарттарды таңдап алады. Бұл олардың қоғамнан оқшау, сырт қалмауына ықпал етеді. Жапон зейнеткерлері айына орта есеппен 67 мың иена зейнетақы алады. Бұл ақшаға Филиппинге немесе Малайзияға қоныс аударып, тоқшылық пен тыныштықта (толық пансион, бассейн, күнделікті күтім және т.б.) өмір сүреді. Күншығыс елінде өмір сүру ұзақтығы өте жоғары. Соның есебінен тәп-тәуір табыс табуға болады. Мәселен, зейнетке 65 жаста емес, 70-те шыққандардың зейнетақысына 25 пайыз ақша қосылады. «Зейнеткерлердің Меккесі» атанып кеткен Испания соңғы жылдары күллі Еуропаның қарияларын магнитше тартуда. Оған себеп – баспана мен азық-түліктің бағасы арзан, өмір сүруге өте жайлы. Жергілікті зейнеткердің орташа зейнетақысы – 850-900 еуро. Сондай-ақ қария­лар көлікте жеңілдікпен жүріп, қымбат емес испаниялық бренд киімдерді сатып алады. Германия­ны «зейнеткерлер елі» деп тегін атамайды. Өйткені ел халқының төрттен бірі – 65 жастан асқандар. Алайда неміс қариясы еңбек өтіліне қарамастан 350-450 еуро зейнетақы алады. Мемлекет баспанасы мен коммуналдық төлемдерін өзі төлейді. Елдегі орташа зейнетақы мөлшері – 810 еуро. Венгрияда орташа зейнетақы 80 мың форинтті құрайды. Бұл ақша коммуналдық төлемдерге, ас-суға, медициналық қызметтерді тұтынуға, тіпті елдің аумағында қыдыруға толық жетеді. Өйткені қалаларда венгр қариялары тегін жүреді. Кейбір жұмыс істегісі келгендер музейде бақылаушы, театр­да кассир болып табыс табады.

Ақылы қарттар үйі

Ал бізде қалай? Қарттыққа жетіп, қоғамнан жылу сезінетін жандар көп пе, әлде жасына қарай кемсітуге тап болып, депрессияға түсетін ата-әжелер көп пе? Меніңше, екінші топтағылар көп. Бұған дәлел жетерлік. Қазақстандағы базалық зейнетақының мөлшері 15274 теңгені құрайды. Ал еңбек өтілі 20 жылдан асатындар – 20931 теңге, 33 жылдық өтілі барлар 28284 теңге зейнетақы алады. Еліміздегі 940 мыңнан аса қария осындай зейнетақыға күнелтіп отыр. Шынын айт­сақ, «шықпа, жаным, шықпамен» күн кешетін ата-әжелер алаңсыз өмір сүргеннің орнына азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алуға тиын санап жүр. Бұл – бүгінгі өміріміздің шындығы.
«Біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегендей, нарықтың талабы қарттар үйіне де орнығып алыпты. Бірде Астанадағы қарттар үйінде болып, 60 адамның ай сайын 62570 теңге төлеп тұратынын өз құлағыммен естідім.
Қалалық әкімдіктің «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі» директорының орынбасары Ардақ Бейсенбайқызы мүгедектерге ла­йықталып, заманауи жабдықталған мекемеде ақы төлеп тұруға болатынын айтты. «2011 жылы енгізілген арнайы қызмет көрсету стандарты бойынша жан басына айлық төлемақы 52 мың теңге болып белгіленген еді. Қазір ол 62570 теңге болып өзгерді. 322 адамның 60-ы ақылы негізде тұрады. Атап айтарлығы, үй жағдайында туған-туысы көмек көрсете алмағандар да, балалары ауқатты тұратындар да өз еркімен келеді. Соңғысы мекеме ақысын зейнетақысынан төлейді. Бұл жерде мүгедектің жәрдемақысы мен қарияның зейнетақысы 100 пайыз қолына беріледі. Мысалы, мүгедектігіне қарай ең төменгі жәрдемақы көлемі – 23 мың теңге, ең жоғарғысы 70 мың теңгеге дейін зейнетақы алатындар бар» деді ол.
«Тұрғындардың» арасында Қазақстанның экономикасы, сауда және білім беру саласының өркендеуіне үлкен үлес қосқан жандар барын естігенде елең еттік. Мекеме басшысының орынбасары: «322 адамның 103-і – мұсылман. Қария­лардың дені өмірлік қиындыққа душар болып, өздері келген. Жұрттың көбі: «Қарттар үйіне балалары апарып тастайды» деп қателеседі. Меніңше, бұл – тағдыры тығырыққа тірелген жандар мекені. Осында келгелі жүрегіме түйгенім, әр адамның пешенесі – бөлек мәселе. Оған түсіністік, сабырлық, мейірімділік керек. Менің ұққаным, қамкөңіл қартқа қызмет етуге өмірге, адамға деген сүйіспеншілік қажет екен» деп ішкі сырымен бөлісті.

Кәрі жетімнің көз жасы

Кітапханада танысқан кісіміздің бірі – Қайырберді Кәрімжанұлы Каримов. Техника ғылымының «майын ішкен», профессор ағамыз Қарағанды, Астана, Көкшетау, Екібастұз, Павлодар қалаларында көп жыл кафедра меңгерушісі болып істеген. Зейнет демалысына шығар алдында қарттар үйінің «дәм-тұзы тартады» деп ойламаған. Кенеттен келген тағдыр тәлкегінен жалғыз қалған.
– 1990 жылы әйеліммен ажырас­тым. Ол қызымды ертіп, Чехия­ға кетіп қалды. Бүгінге дейін еш хабар-ошарсыз. Зейнеткерлікке шығарда аяғымдағы варикозға Көкшетауда ота жасаттым. Ота сәтті болғанымен, денсаулығым нашарлап кетті. Жүріп-тұрудың өзі мұң болды. Отбасы жоқ бір қарындасыммен бірге тұратынбыз. Біреуге тәуелді болғанша, өз еркіңмен өмір сүрудің дұрыстығына көзім жетті. Сөйтіп осында келдім. Ең бастысы, мұнда маған нағыз адамша қарайды. Тіпті үлкен бір отбасы секілді. Орта өте жақсы. Жолдас-жора таптым. Қызметкердің бәріне бауыр бастым. Біз бір әкеден 9 ағайындымыз, бірақ біреуі де менің халімді сұрап келмеді. Бурабайда тұратын кәсіпкер інім бар. Оған бауырдан гөрі, ақша қымбат. Керісінше, қатыгездік қаптаған сырттағы өмірге барғым келмейді, – деді ол.
Профессор зейнетақысының аздығына қапаланатынын жасырмады. Ай сайынғы мекеменің төлемін зейнетақыдан төлейді. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-мен, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен ынтымақтастық орнатыпты. Университет бітіретін студенттерге дипломға жетекшілік етіп, аз-маз табыс табады екен. Ол адамдар ақшаға құл болған заманда қарияны құрметтеу деген нәрсенің азайғанына налиды. «Балалары мен туыстары қарияларды жайшылықта іздемейді. Өлерінің алдында пәтерін аламыз деп жанұшырып жүгіреді. Бұл – барып тұрған бейшаралық, азғындық. Бірде автобуста нойыс немересі атасына бас салып, ұрғыштай жөнелгеніне куә болдым. Араша түсейін деп едім, қорланған қарияға зияным тиер деп өз-өзімді әзер тоқтаттым» деді қатыбас қоғамдағы қатыгездікті айыптап Қайрекең.
Кітапханадан шығып, бөлмелерді араладық. Қамкөңіл қарттар өзін біреу іздеп келгендей үмітпен қарайды. Дәліздегі орындықта отыр­ған бір кейуананы көзіміз шалды. Қалың ой құшағындағы қарияның жанары жасқа толы екен. Мәриям Мұхамедина өз заманында Алматыдағы «Қазақстан» атты әмбебап дүкеннің директоры болған. Күйеуі ҰҚК-нің бастығы болып тұрғанда бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Бірақ ол дәурені бүгін жоқ. Қарттар үйіне қамалып, өзегін өкініш өртеген. Өкініш емей немене, тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай мәпелеп өсірген балалары қартайғанда үйінен қуып жіберген. «Кү­йеуім 43 жасында қайтыс болды. Кәрілік келгенде балаларым Алматыдағы екі үйімді сатып жіберді. Астанаға көшіп келгенімде: «Бар! Кет!» деп қуды. «Енді керегің жоқ» деген сөзді айтты. Қазір маған өмірдің ешқандай мәні қалмады. Балаларым мұнда келмейді. Осындай дерт дендеген жай-күйім бар» деп қамыққан қарт мұңын шақты.

 

P.S.  Далаға шыққанымда ызғарлы жел күшейе түсіпті. Тілімнің ұшы­­на қараусыз қарт, тасжүрек ұл, кекірейген келін, нойыс не­мере деген тіркестер орала бер­ді. Өз әулетінен, ұясынан еріксіз безінген бейбақ қарттардың мұңлы жанары көпке дейін көз алдымнан кетпеді.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button