Жаңалықтар

«Біржан – Сара» операсы – ұлттық музыка мәдениетінің биік шыңы

Нобель сыйлығын тапсыру салтанатында үлгі болар бір тамаша дәстүр бар. Лауреат атағына ие болып, бағы жанған адамға көрсетілер сый-құрметтің ішінде оған туған елінің бір музыкалық әуені шырқалады екен. Мәселен, ресейліктер үшін М. Глинканың «Руслан мен Людмила» операсының увертюрасы ойналатын көрінеді. Мұның өзі марапат иесінің ғана емес, ел-жұртының, атамекенінің абырой-беделін асқақтата түссе керек. Сонымен бірге жиынға қатыс­қандар туған жердің болашағына деген сенімін, ыстық ықыласын, жарық дүниенің ғажап сұлу келбетін музыка тілімен өрнектеген ұлы композитордың дархан талантына сүйсініп, көңіл-күйі жадырай түсері сөзсіз.

Музыка құдіреті дегеніңіз осы емес пе?

Туғанына 100 жыл толуына орай ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы 2013 жылды КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Халық артисі Мұқан Төлебаев жылы деп жариялағаны сөз болғанда, осы айтылған жай­лар еске түсіп еді. Өйткені, орыстың клас­сикалық музыкасының негізін қалаған Михаил Глинка деп танылса, Мұқаң ұлтымыздың осы саладағы өнерді дамытып, көркейте түсуде көшбасшыларының бірі болғандығын атап өткеніміз орынды. Ол қазақтың рухани өміріне гүл бітіріп, жат жұрт алдында ұлтымыздың қадір-қасиетін аспандата түсуге елеулі үлес қос­қан бірден бір тұлға екендігін мойындауымыз керек. Академик Ахмет Жұбанов Мұқаңды «қа­зақтың шын мәніндегі бірінші профессионал ком­позиторы» деп тегін айтпаса керек.

Қазақ өнерінің музыка саласындағы жарық жұлдызы болған Мұқан Төлебаевтың Евгений Брусиловскиймен бірігіп жазған тарихи-патриоттық «Амангелді» операсын, «Нияз бен Раушан», «Айдар», «Ыбырай Алтынсарин», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты аяқталмай қалған операларын, оркестрге ар­налған увертюра, симфониялық поэмаларын,
камералық аспаптарға лайықтап жазған шы­ғар­маларын, кантанто-ораториялық, хорға ар­налған дүниелерін, сюита мен романстарын, ға­жап әндерін айтпаған күнде жалғыз «Біржан – Сара» операсының өзі неге тұрады десеңізші!

1946 жылы қарашаның 7-і күні Мұқаңның Қажым Жұмалиевтің либреттосы бойынша жазылған осы туындысы алғаш рет сахнаға қойылды. Бұл еңбек бірден жоғары бағаланды. 1949 жылы «Біржан – Сара» операсын тұң­ғыш рет қойған шығармашылық ұжым Мұ­қан Төлебаевпен бірге КСРО Мемлекеттік сый­лы­ғына ие болды. Бұл оқиға шын мәнінде, қазақ музыка мәдениетінің салтанатына айналды. Қазақтың бай музыкасы, ұлттық тұрмыс-салт дәстүрлері опера драматургиясында шебер бейнеленген. Мұнда дәстүрлі музыкалық формалар бір жағынан сақталып отырса, екінші бір жағынан жетілдіріліп дамытылған, үлкен суреткерлікпен жаңаша сипатталған…

…Иә, Мұқаң жазған осы операдағы ұлттық нақыштың құлашы кең, шабыты шалқар, ал, асқақ сазды музыкасы жан тебірентеді. Шы­ғарманың поэтикалық құрылымын сөз еткенде оның нақыштары Алаштың кең даласындай мейірімді, асқар тауындай тәкәппар, асқақ, асау теңіз толқынындай екпінді екендігін айта кету орынды. Өйткені, ол қазақтың сарқылмайтын, таусылмайтын халықтық әуенінен сусындаған. Осындайда М. Глинканың «музыканы халық шығарады, ал композиторлар оны тек әдемілеп, өңдейді» деген пікірі ойға оралады. Бірақ, өңдеу, оны қиял теңізінен өткізіп, әдемілей түсу тек ғажап зергердің қолынан ғана келеді емес пе?

Өнердің, оның ішінде музыканың, шеңбері, шеті болмайды. Қазақ музыкасына басқа халық­тардың әуені қандай әсер етсе, біздің ықпалымыз да одан кем болмаған. Мәселен, А. Бородиннің «Князь Игорь» операсындағы «Қыпшақ ән­дері мен билері» деген жалпы атпен берілген вокалдық-оркестрлік сюитаны алыңыз. Мұнда ең алдымен елін, жерін ойлаған тұтқын қыздар сағыныш әнін сызылта айтып, би билейді. Қиял мен арманға құрылған осынау ән мен би лезгинка ырғағына ұқсайтын ерлердің екпінді биіне ауысады. Содан соң хор өлең айтса, басқалары жаппай билейді. Қыпшақ ханының қажыр-қайратын, ерлігін мадақтайды. Бұл – балалардың талдай иіліп, жеп-жеңіл орғытатын би ырғағына алмасады. Бұдан кейін барлық билер қайта жалғасып, шарықтау шегіне жетті-ау деген кезде бәрі қосылып, үлкен би ансамбіліне ұласады.

Бұл – керемет құбылыс. Оның ішінде біздің тағы бір назар аударғанымыз көзін жас, көңілін қаяу басқан тұтқын қыздардың билей жүріп, жүрегін жарып шыққан мұңлы әні еді:

– Улетай на крыльях ветра
Ты в край родной, родная песня наша,
Туда, где мы тебя свободно пели,
Где было так привольно нам с тобою.

Ал, осы әннің әуеніне, ырғағына назар аудар­саңыз, оның А. Затаевич жазып алған қазақтың «Ой, айнам», «Ғазиза-ай» әндерімен үндес, тамырлас екенін байқар едіңіз.

Шын өнер мен нағыз талант әрқашан жүрекке жол тапқан. «Князь Игорь» операсындағы «Қыпшақ әндері мен билері» осындай дүние. Бұл туралы сөз болғанда, біз «Біржан – Сара» операсындағы бірінші көріністегі жастардың жалынды биін көріп, асқақтаған әнін тыңдап, құлақ құрышын қандырар хор әуенін естігендей боламыз. Қоянды жәрменкесіндегі айтыс, ән мен күй, шалқыған би… Көшпенділер өмірінің бір көрінісі. Қуаныш пен қайғысын, дәстүрі мен салтын ғасырлар бойы өз басынан өткізіп келе жатқан, күнделікті қам-қарекеті, той думаны бар әдеттегі тіршілік. Иә, тақырыбы әртүрлі болса да, осы екі операдағы бұл көріністердің арасында бір сабақтастық, ғажайып ұқсастық жатқандығы күмән келтірмейді.

1958 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде «Біржан – Сара» операсын талғампаз көрермен жылы шыраймен қарсы алғаны белгілі. Сол кездегі кеңес композиторларының басшысы Тихон Хренников былай деген еді: «Әсірелеп айтты демеңдер, Мұқанның бұл операсы тек қазақ музыкасының жұлдызы ғана емес, бұл опера Мәскеу, Париж, Вена сияқты музыка сахнасының көркі болар еді» («Қазақ әдебиеті», №40, 1.10.1993).

Опера – классикалық музыканың шыңы. Сөз болып отырған бір ғана «Біржан – Сара» операсында қаншама ғажап көріністер бар десеңізші! Ондағы Біржан мен Сараның айтысы, жеке айтылатын ариялар мен ариозалар, би көріністері, қосыла әндететін дуэттердің әрқайсысы небір концерт нөмірлерін жарқырата түсер еді. Алайда, толып жатқан концерт бағдарламаларында, теледидар, радио хабарларында, той-жиындарда, өкінішке қарай, ондай үзінділер өте сирек беріледі.

1949 жылы «Біржан – Сара» операсы орыс тіліне аударылып, Мәскеудегі Бүкілодақтық радио әншілерінің орындауында таспаға жазылды. Кеңес заманында одан үзінділер анда-санда берілетін, қазір ол мүлдем тоқтады. Осы операның клавирі «Өнер» баспасынан 1983 жылы 500 дана болып басылып шықты. Сол кезде мен жаңадан құрылған Жезқазған облысында едім, әлі есімде: аталған кітаптан облысқа екі дана бөлініпті. Елімізде қаншама мәдениет ошақтары, жоғары-орта деңгейдегі музыкалық оқу орындары, арнаулы мектептер мен бөлімдер, кітапханалар бар екенін ескерсек, жәй адамдарды былай қойғанда, өнер саласында жүргендердің өзі оны қолына ұстап көрді ме екен?
Қазақтың музыка өнерінің інжу-маржаны «Біржан – Сара» жайлы сөз еткенде көңілге түйген кейбір ойлар осындай еді.

Амантай КӘКЕН,
журналист

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button