Әлеумет

Бiз сiздi ұмытпаймыз…

Елiмiздiң бас қаласы – Астананың интеллектуалдық элитасының қалыптасуына зор еңбек сiңiрген зиялыларымыздың бiрi – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетi қазақ тiл бiлiмi кафедрасының құрметтi меңгерушiсi, ҚР ҰҒА академигi, филология ғылымдарының докторы, профессор марқұм Мырзатай Серғалиев едi… Көзi тiрi болғанда академик ағамыз бүгiн 74 жасқа толар едi…
Уақыт дегендi қойсаңызшы… Күнi кеше ғана арамызда жадырай күлiп, жұмсақ әзiлiмен жан дүниемiздi жадыратып, жымия күлiп Мырзекең жүрушi едi… Сұм ажал соны көп көрдi ме… Кенеттен келiп, бiреудi асыл ағадан, бiреудi ұлағатты ұстаздан, бiреудi сүйiктi әкеден айырды…
Кейде сенбейсiң… Сенбейтiнiң соншалықты, есiк шалқасынан ашылып, өзiнiң зор денесiмен, таудай тұлғасымен ақырын аяңдап, асатаяғын алға қарай сiлтей тастап, үлкен көзiлдiрiгi шамға шағылыса, күлiмсiрей сөйлеп Мырзатай ағамыз кiрiп келе жатқан сияқты болып көрiнедi… Ескi әдетiмiзбен бәрiмiз өре түрегелiп, ағамызды қаумалай қоршап, арқа-жарқа амандық-саулық сұрасып жататын тәрiздiмiз… Академик шешiнбестен бiзге қарап: «Кешегi мақалаңды қарадым. Дұрыс қой. Сол мәселе өзi бiзде көтерiлмей жүр. Бiрақ, мәселе былай ғой… Оны мына жағынан келiп айт-қанда… әлдеқайда оңды болама ма дегенiм ғой…», – деп бiрден жұмыс жайында сөз етiп, әңгiмесiнiң аяғын әзiлмен аяқтар едi… Ғылыми мақала, жаңа шыққан кiтаптан бастап, күнделiктi баспасөзге дейiн қалт жiбермей оқитын әдетiне басып, кафедрамыз сияқты шағын ұжымдағы әрбiреуi-мiздiң жазған-сызғанымызға көңiл бөлiп отыратын… Ешкiмнiң шамына тимей, асқан мәдениеттiлiкпен сыпайы сөйлеп, кемшiлiк болса, оны да жеткiзетiн… Иә, ағамыз өзiнiң осындай iс-әрекетiмен, жайдары мiнезiмен көптiң көңiлiнде едi…
Мырзекеңнiң мiнезi қанша жайлы болғанымен, өмiр оны әлдилемедi. Бала Мырзатай iштей әкесiн күтiп, батысқа қарап телмiрдi, жастайынан соғыс ауыртпалығы жанына батып, iштей күйзелдi. Бiрақ, етi тiрi бала сол кездiң өзiнде болашағы мол екенiн байқатты. Мектепте жүрген кезiнде-ақ тiл мен әдебиетке бейiмдiлiгiмен көзге түстi. «Балдырған» журналы мен «Қазақстан пионерi» газетiне өлеңдерiн, шағын әңгiмелерiн, әртүрлi тақырыптардағы хабарламаларын берiп жүрдi. Студенттiк шақ, одан кейiнгi ұстаздық қызмет, ғылым жолы – өмiрiнiң қай кезеңi де Мырзекең үшiн кiлең сәттiлiктен тұрмады. Алайда, ғалым ағамыз кездескен қиындық атаулының бәрiн жеңдi. Тынымсыз еңбек, iшкi ерiк-жiгерiнiң күштiлiгi арқасында жеңдi. Өнегелi өмiр иесiне айналды. З.Қабдоловша айтқанда, «Мырзатай Серғалиұлы талант ретiнде де, тарлан ұстаз ретiнде де ешкiмге ұқсамайтын, тек өзiне-өзi ұқсайтын адам…». Тiл мен әдебиеттiң құлағын тең ұстаған ғалым, әсiресе тiл бiлiмi саласында тұтас мектеп қалып-тастырды. «Мектебi бар ғалым» (Р.Нұрғали), «тiл ғылымында Балақаев мектебiнiң ең бiр тындырымды, өнiмдi еңбек еткен өкiлiнiң бiрi әрi бiрегейi. Мырзатай өзiнiң ойы бар, өзiнiң концепциясы бар ғалым» (С.Қасқабасов) атанып, үлкен құрмет-қошеметке бөлендi. Соның арқасында атақтан да кенде болған жоқ: ҚР Бiлiм беру iсiнiң үздiгi, Жоғары оқу орнының үздiк ұстазы, Қазақстанның ғылымы мен технологиясына қосқан аса көрнектi үлесi үшiн тағайындалатын Мемлекеттiк стипендия иегерi, ҚР Бiлiм беру iсiнiң құрметтi қызметкерi, Ұлттық Ғылым академиясының академигi, ҚР еңбегi сiңген қайраткер, Солтүстiк Қазақстан облысы, Шал ауданының Құрметтi азаматы…
Профессор Мырзатай Серғалиұлы Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетiне 1999 жылы келдi. Бұл кезең – Астананың интеллектуалдық элитасы қалыптасып жатқан кез. Ағамыз келiсiмен ғылыми кадрлар тәрбиелеудi қолға алды. М.Серғалиұлының ұйымдастыруымен университетiмiзде алғаш рет тiл бiлiмi саласынан қазақ және орыс тiлдерi бойынша кандидаттық диссертация қорғататын диссертациялық кеңес ашылды. Кейiн бұл кеңес докторлыққа ұласқаны мәлiм. Кеңес кафедра оқытушылары, осы өңiр үшiн ғана емес, Қазақстанның түкпiр-түкпiрiндегi оқытушылар үшiн де ғылыми бiлiктiлiгiн көтеруге жәрдем еттi. Сол кеңестiң алғашқы қарлығаштары бүгiнгi күнi елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде бiлiм беру саласында қызмет етiп, ел игiлiгiне еңбектенуде.
Академик Мырзатай Серғалиұлының мезгiлсiз қазасы тек кафедра, я болмаса университеттiң ғана емес, жалпы қазақ ғылымының тiл бiлiмi саласын ойсыратып кеттi. Ағамыздың көп уақыт жанында жүрiп, бiрге қызмет iстеген үзеңгiлес iнiсi ретiнде айтарымыз, академик өмiрiнiң соңына дейiн өзiнiң мамандығы мен айналасына, әрiптестерi мен мыңдаған шәкiрттерiне адалдық таныта бiлдi. Сондықтан, ғалымды еске алғанда, ең алдымен көз алдымызға тынымсыз еңбектiң, өз пiкiрiн тура айтатын тура-шылдық пен әдiлеттiлiктiң, шынайы қарапайымдылықтың бейнесi елестейдi.
Академик М.Серғалиұлы естелiк жазудың ұстасы едi. Шағын новеллалар, балаларға арналған әңгiмелер жазатын, орыс, шетел классиктерiнiң шығармаларын аударғаны тағы бар. Өзi тiл мәдениетiн зерттей жүрiп, өз шығармаларында да жазу мәдениетiнiң сақталуын қатаң қадағалап отыратын. Тiл мәдениетi жайында кезiнде арнайы курстар да оқыған. Қазiргi маман дайындаудың оқу жүйесiнде әсiресе, жазуға, дұрыс әрi сауатты жазуға баулу жағы ескерiлмей жүрген сияқты. Айтайын дегенiм, таңдау курсы ретiнде жазу шеберлiгiн арттыруға байланысты (айталық, шағын эсселерден бастап көлемдi мақалаларға дейiн) жаңа курстарды оқу бағдарламасына енгiзiп жатсақ, М.Серғалиұлының жазғандарын материал ретiнде пайдалануға толық мүмкiндiк бар. Бұл болашақ мамандар үшiн де пайдалы болмақ. Тест деп аталатын үнсiз орындалатын тапсырма белең алып тұрған шақта соның жетiспей тұрған тұстарын толықтырар едi.
М.Серғалиұлының тiл бiлiмiнiң синтаксис, стилистика жайында жазғандары жоғары оқу орындарында пайдаланылып жүр. Алайда, қазақ тiлiнде алғашқылардың бiрi болып тiл бiлiмiндегi функционалдылықтың негiзiн қалағанына қарамастан, кейбiр пiкiрлерi жүйелi түрде дамытылмай келедi. Соның бiрi – функционалды грамматикаға байланысты. Мен бұл жерде ғалымның кезiндегi «Синтаксистiк синонимдер» атты кiтабын көздеп айтып тұрмын. Әдетте, бiз синонимдiктi тек лексикадан көретiнбiз. Ағамыздың еңбегiнен кейiн синонимдер грамматикалық құрылымда да болатыны дәлелдендi. Тiлiмiзде бiр-бiрiмен жарыса қолданылатын қаншама құрылымдар бар. Мәселе соларды пайдалануда болса керек. Ал пайдалану үшiн тiлдi жетiк бiлу керек, лингвистикалық түйсiк қажет. Тiлдегi функционалдық аспект жарыса қолданылатын сол синтаксистiк құрылымдарды жiктейдi. Оларды мағына тұрғысынан, грамматика тұрғысынан топтастыру толық аяқталды деп айта алмаймыз. Болашақ мамандарды осы мәселенiң мән-жайымен, теориясымен, iс жүзiндегi мiндеттермен, тiлдiк деректерiмен таныстыру алдағы мiндеттiң бiрi деп түсiнемiз.
Бұл Мырзекеңнiң ұланғайыр еңбегiн болашақ игiлiгiне жаратудың кейбiр штрихтары ғана…
Аға, бiз Сiздi ешқашан ұмытпаймыз…
Сiздi тiл бiлiмiнiң тылсым құпияларымен сусындаған, ғибраты мол дәрiстерiңiзге құштар мыңдаған шәкiрттерiңiз сағынады…
Сiздi көп жылдар өзiңiз бас болған, әрбiрiмiздiң мiнез-құлқымызға сай әңгiмеге тартып, тартымды да жылы әзiлiңiзбен көңiлiмiздi аулаған ұжымдастарыңыз сағынады…
Сiздi тiл бiлiмiн өрге сүйреп, көсегесiн көгертетiн идеяларыңызды сұрыптай қарап, пiкiр талқысына салар ғылыми жұртшылық сағынады…
Қазақ не айтса да, дұрыс айтқан ғой. «Жақсының аты өлмейдi, ғалымның хаты өлмейдi» дейдi дана халқымыз. Сiздiң бiлiм-ғылым сапындағы iзбасарларыңыздың алдында үлкен мiндет тұр. Сiздiң көп жылғы еңбектерiңiздi саралап жүйелеу, кейiнгi ұрпақтың кәдесiне жарату, Сiз шаршамай-шалдықпай көтерген Ана тiлiнiң Туын iлкi буынға табыс ету, мiне, Сiздiң iзбасарларыңыздың толағай мiндетi. Осы бағытта өзiңiздi, Сiздiң жұмыс iстеу машығыңызды әрқашан үлгi ете отырып, тiл майданында алға жылжу – бiздiң басты мақсатымыз.
Бiзге сенiңiз, қадiрлi аға!

Сарқыт Әлiсжан,
филология ғылымдарының докторы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button