ӘлеуметБасты ақпарат

Біздің қоғамда басқаға иек артушы мінез басым

Бүгінде еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосқандар үшін берілетін «Ózgerіs ustasy» атты І республикалық сыйлық иегерін анықтауға өтінімдер қабылдануда. Аталған жүлденің ұйымдас­тырушысы – Impact Hub Almaty платформасының негізін салушылардың бірі Индира Шах жуырда елордаға келіп, жергілікті әлеуметтік кәсіпкерлермен кездесіп қайт­қан-ды. Орайы түскенде біз Индирамен сұхбаттасып, осы саланың ерекшелігі, проблемалары және әлеуметтік кәсіпкер болғысы келетін жандарға не істеу керектігі жайлы сұраған едік.

«Ózgerіs ustasy» атануға кім лайық?

– Индира, әуелі «Ózgerіs ustasy» сыйлығы туралы сөйлесейік. Оған кімдер қатыса алады?
– Біздің ұйым, оның ішінде Act For Impact қоғамдық қоры Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранты аясында биыл тұңғыш рет осындай жүлдені ұйымдастырып отыр. Ондағы мақсатымыз – Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы мамандардың сіңірген еңбегін бағалау, отандық әлеуметтік кәсіпкерлік институтына қоғамның назарын аударту және елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті танымал ету. Оған кемінде бір жылдан астам уақыт бойы әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар қатыса алады. Сыйлық білім беру, денсаулық сақтау, экология, мәдениет және өнер, әлеуметтік осал топтарды қолдау, сондай-ақ аймақтарды дамыту салалары секілді алты номинация бойынша беріледі.
– Ал жеңімпаздар қалай таңдалады?
– Өтінімдер 20 қыркүйекте қабылданып біткен соң, республикалық сараптамалық комиссия 30 жартылай финалисті анықтайды. Олар туралы 1 минуттық видео түсіріліп, әлеуметтік желіге жарияланады да, ашық онлайн дауыс беру арқылы 15 жеңімпаз іріктеледі. Әрбір ҮЕҰ-ға 500 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық бекітіледі.

Әлеуметтік кәсіпкер дегеніміз кім?

– Сіздің ойыңызша, қазіргі таңда қазақстандықтар әлеуметтік кәсіпкерлікпен қаншалықты белсенді түрде айналысады?
– Өкінішке қарай, бізде әлеуметтік кәсіпкерліктің не екенін жұртшылық әлі де дұрыс біле бермейді. Тіпті, кейбір әлеуметтік кәсіпкерлердің өздері де әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысып жүргендерін түсінбейді. Оларды өзге кәсіпкерлерден ерекшелейтін ең бірінші белгі – тауарларының немесе қызметтерінің қоғамдағы әлеуметтік бір проблеманы шешуге бағытталуында. Мысалы, кәсіпорын мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуы мүмкін немесе кәсіпкерліктен түскен табысты әлгі санаттағы адамдардың қандай да бір мәселелерін шешуге жұмсауы мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтпақшы, біздің қоғамда «менің проблемамды біреу шешіп беруі керек» деген тәрізді басқаларға иек артушы мінез әлі де бар. Әлеуметтік кәсіпкер болса, табыс көздерін табу арқылы сол проблемаларды өздері жоюға ұмтылады.
– Олардың осындай «халықшыл» сипаты нарықта ұзағырақ өмір сүрулеріне әсер ететін болар?
– Әрине. Қаржылық дағдарыстан соң Еуропада әлеуметтік кәсіпкерлікке қатысты зерттеу жасалған. Сол кезде әлеуметтік миссиясы бар компаниялардың дағдарыс кезінде басқаларға қарағанда тұрақты болатыны дәлелденген. Олар өз клиенттерімен құндылықтар негізінде жұмыс істейтіндіктен, клиенттері қиын кезеңдерде де өздерінің лоялдылығын көрсеткен.

Бастапқы капиталды қайдан табуға болады?

– Сіздердің ұйымдарыңыз жастарды әлеуметтік кәсіпкерлікке бағыттаумен де айналысады. Осы саланы таңдағысы келген қыз-жігіттерге қандай кеңес айтасыздар?
– Қандай да бір әлеуметтік мәселемен айналысу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Жастармен, ең әуелі, осы қасиет жөнінде сөйлесеміз. Жасыратыны жоқ, қазір кімнен сұрасаң да, әйтеуір бір нәрсе ұнамайды. Ал сен сол проблеманы шешуде қаншалықты жауаптылық танытасың? Бұл жерде сен әлеуметтік кәсіпорын құрасың ба, әлде жай ғана пластик бөтелкелерді қоқысқа тастарда сұрыптайсың ба – өз еркің. Яғни жоғарыда біз айтқан жауапкершілік әртүрлі деңгейде көрінуі мүмкін. Екіншіден, біз жастарға «Сен үшін қандай құндылықтар маңыз­ды?» деген сұрақ қоямыз. Ол біреулер үшін – алдамау, біреулер үшін – білімі мен уақытын бөлу деген секілді. Әлеуметтік кәсіпкерлік те сол құндылықтар негізінде құрылуы керек. Үшіншіден, адам қоғамда болып жатқан құбылыстардың қайсысы өз жүрегіне қаттырақ әсер ететінін түсінуі қажет. Мәселен, кейбір мәселелерді БАҚ-та жиі насихаттайды, бірақ одан гөрі онша көп айтыла бермейтін басқа бір проблема сені алаңдатуы ықтимал. Проблемаға шынымен жаның ашыған кезде ғана сенің қолға алар кәсіпкерлігіңнің ғұмыры ұзақ болады.
– Ал бастапқы қаржыны қалай табуға болады?
– Оның жолдары көп. Бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлерге грант беретін түрлі бағдарлама бар. Мысалы, бізден басқа, Samuryk Kazyna Trust қорының бағдарламасы, British Council мен Shevron компанияларының бірлескен iSeed бағдарламасы арқылы әлеуметтік бизнесті дамытуға қаражат табуға болады. Олар тек қаржылық жағынан қолдап қана қоймай, ағартушылық жағынан да жақсы көмектеседі, менторларды іздеуге жәрдемдеседі. Кейде мынадай да қызықтар болып жатады. Біздің бағдарламаға қатысқан кейбір жастар ақшалай гранттан өз еркімен бас тартатын кездер де бар. Олар үш айлық инкубация кезеңінен кейін кәсіптерін дамытып, пайда тауып үлгереді де, қаржылық жағынан тәуелсіз бола бастайды.

Заңнаманың шығуына әлі ерте

– Білуімше, бізде әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заңнама әлі жоқ. Бұл жайт кедергі туғыза ма?
– Бәлкім, менің осы саладағы әріптестерім келіспейтін шығар, бірақ, менің ойымша, Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заңның шығуына әлі ерте. Кез келген заң, бір жағынан мүмкіндік берсе, екінші жағынан белгілі бір шектеулер орнатады. Ал әлеуметтік кәсіпкерліктің Қазақстанда пайда болғанына небәрі 5-6 жыл ғана болды. Ағылшындарда «grassroots level» деген түсінік бар, ол тіркес «ең бастапқы деңгей» деген мағынаны береді. Біздегі әлеуметтік кәсіпкерлік те – қазір осы сатыда. Бізге қазір осы салада қандай кәсіпкерлер бар, олар үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған, нарықта қандай модельдер жұмыс істейді және қандайы жұмыс істемейді – осының бәрін зерттеу қажет.
– Ал қазіргі таңда елімізде, оның ішінде астанада сәтті жұмыс істеп жатқан әлеуметтік кәсіпорындарды мысалға келтіре аласыз ба?
– Әлбетте. Эмин Аскеров есімді азамат GreenTAL атты кәсіпорын ашып, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде онда тігін цехы, ағаш цехы, дәнекерлеу цехы бар. Одан бөлек, Кәмила Роллан құрған Education For All атты инклюзивті білім беру орталығын айтуға болады. Онда мүмкіндігі шектеулі жандармен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыдан шыққан балалар мен жастар да оқиды. Сондай-ақ Kunde атты әлеуметтік кафе ашқан жігіт Мәулен Ахметов­тің де еңбегін айтпай кетуге болмас. Бұл кафеде ақыл-ой дамуында ерекшеліктер бар адамдар жұмыс істеуде.
– Әңгімеңізге рахмет.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button