Басты ақпарат

Бопай ханымның сүйегі жат жерде қалмасын

Ақын, филология ғылымдарының кандидаты ­Маржан Ершу белгілі қазақ әйелдерінің галереясын жыр тілімен кестеледі. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жұрт Айек деп те білетін ақынмен кейіпкерлері, өзінің шығармашылығы жайында әңгімелестік.

[smartslider3 slider=2337]

– Маржан, бірнеше жыл бұрын қазақ және түрік тілдерінде Дина Нұрпейісова туралы «ДИНА -DİNA» атты кітап-альбом-дискіңіз жарық көрді. Бір сұхбатыңызда күй анасын түсіңізде көрген соң, бұл тақырыпқа қалам тербегеніңізді айттыңыз. Соны тарқатып айтып берсеңіз. 

– Дина шешейдің күйлері менің мұңдасым, сырласым болды. 2008 жылы  «Дина» поэмасын жаздым. Фариза апайдың маған үнемі амандық-саулықтан кейін «Не жазып жүрсің?» деген дәстүрлі сұрағы болатын. Бір күні «Дина» деген поэ­ма жаздым дедім.«Кім саған Дина туралы жаз деп идея берген?» деп сұрады. Өзім деймін. Маған қарады да, «осы жұрттар «сүйдім-күйдімнен» әрі аспай жатқанда тарихи тұлғаларға бет бұруың қызық екен. Баяғыда маған Хамаң – Хамит Ерғалиев «Дина туралы поэма жаз» деп еді. Мен поэма емес, өлең жаздым» деді .

Мен көрген түсімді баяндап бердім. Түсіме ақ жаулығы дағарадай Дина Нұрпейісова енгенін, Маржан, сен неге мені іздемейсің деп ұрсып жатқанда, оянып кеткенімді айттым. Сонда Фариза апай «Дина  шешеміз әруақты адам ғой, сені желеп-жебеп жүрген болар» деген еді. Содан кейін тыншымаған мазасыз мұңым тарқады.

– Биыл Халық қаһарманы, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш батыр қыз Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл. Былтыр елордада атына көше берілген Хиуаз апай туралы тұңғыш поэманы сіз жаздыңыз. Осы туралы айтып берсеңіз.

– Хиуаз Доспанова туралы оған Халық қаһарманы атағы беріліп, Алтын жұлдыз айырықша белгісі тапсырылған кезде ғана білдім. Сол жылы баспасөзде жарияланған қуанышты хабар мені Хиуаз ­Доспанова туралы ұшы-қиырсыз ойларға жетеледі. 2006 жылы Хиуаз апайдың үйінің телефонын тауып алып, хабарластым. Телефонды Хиуаз ­Доспанованың өзі көтерді. «Хиуаз апа, амансыз ба? Мен Жайық бойынан шыққан ақын сіңліңіз Маржан болам. Мектепте Әлия мен Мәншүктің ерлігін оқып, танып өстік. Сіз туралы еш дерек білмедік, өкінішке қарай» деп едім, Хиуаз батыр «Сонда маған не ғыл дейсің» деп ұрсып берді. «Сіз туралы поэма жазғым келеді. Сіздің көркем әдебиетте бейнеңіз жасалуы керек деп ойлаймын.Сіз қарсы емессіз бе?» дедім. Сонда Хиуаз апай көңілденіп «Умница! Жарайсың! Ал жаз!» деді. «Хиуаз апа, сіздер сұрапыл соғыс кезінде жиырмадан сәл асқан уыздай жассыздар. Кілең қыздардың авиаполкі. Оқ пен оттың ортасы. Өмір мен өлімнің арасы. Қиын кезең. Қорқыныш сезімдері сіздерге салмақ түсірген жоқ па? Қалай көтердіңіздер?» деп сұрадым. Сонда Хиуаз Доспанова: «Қазір ойлап қарасам, сол кезде ойымызға жақсы көйлек, дәмді тамақ кіріп шықпайтын. Бар мақсатымыз жауды жеңу, Отанды қорғау, жеңіске жету болатын. Өлсем ел үшін, Отан үшін деген сенім мықтырақ еді. Қаншама қаруластарымнан айырылдым, көз алдымда жанып бара жатты» деді мұңдана сөйлеп.

Кейін де біраз сөйлесіп тұрдық. Мен сұрақтарымды қоятынмын, ол кісі жауап береді. Бір күні телефон соқсам, ағай көтерді де: «Апаң сені сұрап жатыр» деп телефон тұтқасын Хиуаз апайға берді. «Әй, Маржан-ай! Апам бар еді-ау деп бір іздеп келмедің-ау. Мен аяғымды сындырып алып, 24 сағат кереует­те шалқамнан жатырмын. Сағат жылжымайды. Бір кемпірге кім бұрылсын мұндайда» деп мұңын шақты. Бұл Хиуаз апаймен соңғы тілдесуім екенін білмеппін. Бір аптадан кейін Хиуаз Доспанова дүние салды. Сондай өкініште қалдым…

Өкініштісі сол, біз Хиуаз ­Доспанованы ел қорғаған батыр, қазақтың тұңғыш қаһарман ұшқыш қызы деп білеміз. Бірақ ішкі жан дүниесін жақыннан тани алмадық. Хиуаз апайдың 100 жылдығына орай белгілі композитор Арман Жайым екеуміз «Қыран қыз – Хиуаз» атты ән шығардық. Енді бейнебаян түсіріп, елге таратсақ деген ойымыз бар.

– Жақында Әбілқайыр ханның сүйікті жұбайы, заманында ел билеу ісіне араласып, данагөй ханым атанып, аты аңызға айналған Бопай ханым туралы кітабыңның тұсаукесері өтті. Бопай ханым тақырыбына қалай келдің?

– Әбіш Кекілбаев  ағамыз – Бопай ханым тақырыбына тұңғыш рет түрен салған жазушы. 1995 жылы  Мемлекеттік хатшы болып қызмет атқарған тұста Әбіш ағамыз бас болып, «Доңыз» әскери полигоны  аумағындағы ел аузында «Бопай сай» атанып кеткен Бопай ханым жерленген жерге барып, дұға оқытып, ас берген. Әдебиетте Әбіш аға Бопай ханым тақырыбын алғаш рет көтеріп, «Үркер», «Елең-алаң»  романдарына арқау қылды. Әбіш ағамыздың маған бір айтқаны Бопай ханым туралы таным көкжиегімді кеңейту еді. Осылайша «Бопай ханым» поэмасын жаздым.

Ресейдің Орынбор облысы Елек ауданының Димитровка селосынан 30 шақырым қашықтықтағы Бердяевка өзенімен іргелес жатқан Бопай сайы жанындағы қырат-жазықтық Бопай ханымның мәңгілік тыныс тапқан орны екен. Өкінішке қарай, бұл аймақ 1929 жылдан бері Ресей әскери полигонының құзырына кіреді. Кіруге рұқсат жоқ. Кезінде Бопай ханымның қабірі басына орнатылған құлпытас пен кесененің бұл күнде жұрнағы да қалмаған. Сүйегін елге әкеліп, қастерлеп қою керек деп ойлаймын. Бопай ханымның асыл сүйегі жат жерде қалмаса екен деймін. Ол үшін мемлекеттік деңгейде шараларды ұйымдастыруымыз керек-ақ.

– Ноғайдың атақты ақын қызы Кадрия Темірболатова жырларын да қазақ тіліне аударып, оқырман қауымға таныстырдыңыз. ­«Кадрияны жаныма жақын тұттым. Ең алғаш оның поэзиясымен танысқанда жан әлемімдегі бір толқуды сезінгендей болдым. Ол маған бұрыннан таныс әрі өте жақын адамым сияқтанды.Сондықтан маған Кадрияны қазақ тіліне аудару оңай әрі жақсы көріп жасаған ісім болды» депсіз бір сұхбатыңызда.

  – Кадрия екеуміздің арамыздағы жақындықтың тамырын тереңнен іздеймін. Бір замандарда Ноғайлы дәуірінде басымыз біріккен жұрттанбыз. Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет атты ортақ жырау бабаларымыз бар. Еділ-Жайықтай қос өзен де – ортақ ардақтымыз.

Кадрияның өткір де жалынды жырлары өз заманында Кеңестер Одағын аралап кетті. Танымалдыққа ерте жетті. Кадрия поэзиясында от бар, мінез бар, ноғайдын асау қаны бар, тамыры бар, жаны бар. Оның махаббат лирикасында да қайсарлық бар. Жас талант небәрі 30 жасында күйіп кетті. Жүрек отына емес, қаскөйлердің салған отына. Қызғаныштың құрбанына айналды ма?! Кадрия 1978 жылы Гаваннада өтетін Бүкіл дүниежүзілік жастар мен студенттердің фестиваліне қатысуға жолдама алады. Гаваннаға аттануға екі күн қалғанда үйінде өлі күйінде табылады. Біреулер өлтіріп, өртеп жіберген. Өмірден өткеніне 40 жыл өтсе де, не үшін өлтірді? Кім? Бұл сұрақтың жауабы табылмай келеді.

Кадрия аты оның жетпіс жылдығы қарсаңында ғана айтыла бастады. Түрксой Халықаралық ұйымы өмірден ерте кеткен ноғай халқының ақын қызы Кадрия ­Темірболатованың туғанына 70 жыл толуына орай Түркияда көптеген шаралар ұйым­дастырып, түркі әлеміне танытты. Кадрияның өлеңдерін он екі тілге аудартып, «Жігіттердің жырымын» атты кітабын шығарды. Сол шараға Кадрия өлеңдерін қазақ тіліне аударған аудармашы ретінде мен де шақырылған едім. Кадрияның ноғай тілінде шыққан «Үйіңізге жақсылық» атты кітабынан аударма жасадым. Жақында Мәскеуден ­«Кадрия» атты үш томдық академиялық жинақ шықты. Бұл жинаққа менің аудармаларым да енген екен.

– Былтыр «Жүрегім» атты жыр жинағыңыз қырғыз тіліне аударылып, Қырғызстанда жарық көрген екен…

– Қырғызстан Жазушылар одағының ұсынысымен аударылды. Өлеңдерімнің аудармасын жасаған қырғыздың белгілі  ақыны Алтынай Темирова. «Жүрегім» атты кітабымның тұсаукесері Бишкекте «Манас» және Шыңғыс Айтматов Ұлттық Академиясында өтті. Бұл кітапқа поэмаларымнан үзінділер, лирикалық өлеңдерім енді.

– Әдебиетте әйелдер галереясын жасап келесіз. Кейіпкерлеріңіз «Айша бибі», «Бопай ханым», «Дина», «Хиуаз»,«Әлия » «Фариза», «Ділдә Матайқызы», «Бақыт Қарабалина», «Қыз Данай», «Көкетай сұлу», «Ақбикеш», «Қырық қыз», «Бес қыз», «Медянка» , «Ақшабақ ару туралы ертегі», «Жанар», «Рашида» т.б. туындыларында әйел табиғатын жырлайсыз. Былтыр әйгілі «Маржан қыз» әнінің 70 жылдығына орай «Атырау Маржандары» атты жоба ұйымдастырдыңыз. Бұл идея қайдан туды?

– Көрнекті композитор Әбілахат Еспаев 1951 жылы «Маржан қыз» әнін жазды. Әннің сөзін жазған белгілі сатирик ақын – Садықбек Адамбеков. Әнге арқау болған Маржан қыз – Атырау  өңірінің батыр қызы. Индер ауданы, Елтай ауылында өмір сүрген Маржан ­Енбаева еңбегі мен ерлігін танытып, 18-ден асқан шағында, 1942-1946 жылдар аралығында колхоздың 300-дей жылқысын шашау шығармай бағып, вагонмен соғысқа жөнелтіп отырған. Оған осы еңбегі үшін 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ол кезде Маржан қыз небәрі 24 жаста еді. Аталған ән сол бір батыр да ержүрек, ақылды да қайратты дала аруын ел есінде қалдыру мақсатында дүниеге келген.

«Маржан қыз» – әлі күнге дейін көпшіліктің сүйіп айтар әні. Сол әннен соң Атырауда дүниеге көптеген Маржан келгені анық. Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, «Маржан қыз» әніне 70 жыл толуына орай атақты жылқышы, Социалистік Еңбек Ері Маржан Енбаеваны еске алу мақсатында Атырау-Жайық бойындағы есімі елге белгілі Маржандардың ұйымдас­тыруымен «Атырау Маржандары» атты кеш өткіздік. Осы жобамызға 20-дан астам Маржан қатысты. Рухани серпіліс берген кеш болды деп халық риза боп жатыр. Ал жарыққа шыққан «Атырау Маржандары» атты энциклопедияға  Атырау-Жайық бойындағы есімі елге белгілі Маржандардың еңбегі топтастырылған. Бұл кітапта өлке тарихы, әйел, ана, қыздардың өмірі мен өнері, тағдыры туралы сыр шертіледі. «Маржан қыз» атты эссе жазған белгілі композитор Илья Жақанов ағамыз сол кеште тебіренді.

– Маржан, «Айек» деген бүркеншік есіміңіз бар. Осы атпен кітаптарыңызды да шығардыңыз. Мұның сыры қандай?

– 2001 жылы Астанада «Шабыттан» Гран при алғаннан кейін Иманғали Тасмағамбетовтің қабылдауында болдым. Қалтамда су жаңа Жазушылар одағының мүшелік билеті. Сол кезде осы билетті алғанымызға бақытты болып, шексіз қуанып жүрген кезіміз ғой. Сол кезде өзімнің өтінішіммен Айек деген бүркеншік атты Иманғали аға қойып берді. «Айек – Бейбарыс сұлтанның анасының аты. Бейбарыс сияқты қалпақпен ұрса құламайтын өлеңдер жаз деп ырымдап қойып отырмын» деп Жазушылар одағы мүшелік билетімнің псевдоним деген тұсына өз қолымен «Айек» деп жазып берді. Қаламым жорғалап, кітаптарымды «Айек» деген псевдониммен де шығардым. Иманғали ағаның  берген  батасы қабыл болғандай.

– Әңгімеңізге рақмет! Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, шығармашылық табыстар тілеймін!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button