Қала тіршілігі

Ботаникалық бақта бәрі бар

Елорда күні қарсаңында ғана ашылған ботаникалық бақ қазіргі уақытта қала тұрғындарының серуендейтін сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді.

Қабанбай батыр даңғылы, Түркістан көшесі, №24 және №26 көшелерінің шекарасында орналасқан, 92 гектар жерді алып жатқан ботаникалық бақтың аумағы саябақ және ботаникалық аймақ болып екіге бөлінеді.

Саябақта қара аққайың, қызыл үйеңкі, үшкір жапырақты үйеңкі, суармалы үйеңкі, қарапайым арша, манчжур жаңғағы, сібір майқарағайы сияқты көшеттердің 33 мыңнан аса түрі бар. Сонымен қатар жасанды су қоймасы, веложол, жүгіруге арналған тротуар және жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Сондай-ақ Астанадағы ең үлкен субұрқақ та осында. Оны елорданың 20 жылдығына Шығыс Қазақстан облысы тарту еткен. Субұрқақ ортасында мыс­тан құйылып, безендіріліп, бу шығарғышы бар қазан орналас­тырылған. Композицияның сыртқы диаметрі 73 метрді құрайды. Астаналықтарды түрлі биіктікке самғайтын шоуымен қызықтыратын субұрқақ суы түрлі-түсті картиналарды құрап, сазды әуен ырғағымен өзгеріп отырады. Бұл нысанның жалпы құны бір миллиард теңге төңірегінде көрінеді. Жалпы, ботаникалық бақты салуға 23 млрд теңге жұмсалған. Оның 12 миллиарды – жекелеген инвесторлар қаржысы.

Ал ботаникалық аймақтағы оранжереяларда әлемнің түкпір-түкпірінен өсімдіктер әкелінген. Ондағы жылыжайлар соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен жабдықталған. Айта кету керек, бұл бақта орнатылған жүйе ТМД аумағы бойынша тек осында ғана бар деседі. Мысалы, ылғалдандыру жүйесі тұрақты ауа температурасын сақтап тұрады. Егер ғимараттың ішін салқындату керек болса, тұман пайда болады. Әр өсімдікке тамшылап суару жүйесі де тартылған. Мұнда тамшылап суару, ылғалдатқыш, климат-бақылау бәрі компьютермен басқарылады. Соның ішінде пальмаларды суаруда Минск қаласындағы 80 жылдық тарихы бар ботаникалық бақтың тәжірибесі қолданылады екен.

Әзірге өсімдіктердің күтімімен бірнеше маман айналысуда. Солардың бірі Минск қаласынан шақырылған. Ол өсімдік ауруларының алдын алады. Бұл өсімдіктер Астанаға Испания, Голландия, Германия сияқты әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген. Мұндағы оранжереяның біріне фикус, лимон, драцен, апельсин, папортоник, пальма және басқа да тропикалық мемлекеттерден тасымалданған 1100 өсімдік отырғызылған. Олардың арасында әлемде сирек кездесетін коллекциялық кактустар мен гибридтер де бар.

Ботаникалық бақ тек елордалықтар мен қала қонақтары серуен­дейтін демалыс орны ғана емес, болашақта селекциялық жұмыстар жүргізілетін зерттеу орталығына да айналмақ.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button