Қала тіршілігі

Ботаникалық бақтың әлеуеті зор

Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай, «Астана қаласының ботаникалық бағын жасау және дамыту болашағы. Теория және тәжірибе» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Жиынға Астана әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхамбетов, Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, ҚазАТУ ректоры Ақылбек Күрішбаев, мемлекеттік ұйымдар өкілдері, Германия, Франция, Италия, Ресей, Беларусь Республикасы, Украина және Қазақстанның ботаникалық бақ басшылары мен сарапшылары, сондай-ақ алыс-жақын шет елдерден ботаникалық алуандылықты сақтау саласындағы танымал ғалымдар, «Астана-көгалдандыру құрылысы» АҚ өкілдері қатысты.
Қала тұрғындары үшін бос уа­қыт­ты, мәдени және спорттық іс-шара­ларды өткізу үшін және ин­фра­құ­рылымды жақсарту мақсатын­да Қабанбай батыр даңғылы мен Түркістан, Орынбор, Бұқар жырау көшелерінің аумағындағы Ботаникалық бақ жұмыстарының аяқталуына байланысты өткізілген дөңгелек үстел барысында күрт континентальды климат жағдайында Астанадағы ботаникалық бақтың құрылуының және болашағын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.
Өз сөзінде Қосман Айтмұхамбетов елорданың Ботаникалық ба­ғының ерекшелігін атап өтті. Ондағы жасанды тоған жаз мезгі­лінде келушілерді таңғажайып су­бұр­қақпен, ал қыста мұз айдынымен қуантпақ. Жобада гүлді өзен­­дер, қарағай және шырша қарағай ормандары, жеміс бақшалары, шахмат түрдегі бақша, лабиринт тәріздес Достық бақшасы да қарас­тырылған. Ғылыми аумақ үшін 17,7 гектар бөлінген Ботаникалық бақ негізінде өсімдіктерді енгізу, өсіру, көбейту және тиімді қорғау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмек. Вице-министр Бибігүл Асылова шаһардағы Ботаникалық бақтың пайда болу маңыздылығына тоқталса, ҚазАТУ ректоры Ақылбек Күрішбаев елордадағы Ботаникалық бақтың ашылуы университет ғалымдарына хронобиологиялық өзгерістерге, жалпы өнімділік жағ­дайына, ағаштар дақылдарының биологиялық тұрақтылығы мен олардың топырақ-қорғаныштық және рекреациялық рөліне ғылыми зерттеулер жасауға жол ашатынын жеткізді. «Біз үшін Ботаникалық саябақтағы бағалы өсімдік генофондының пайда болуы және сақталуын ғылыми орталықтың зертханаларында молекулалық биология және гендік инженерия әдістерін қолдану арқылы зерттеу маңызды мәселе» деді ол. Ал өз кезегінде Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнар Ситпаева Ботаникалық бақты дамытудың келешегі, елорданың саябақ жұмыстарына әлемдік ботаникалық бақтардың қатысуы, бірлескен жобалар мен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру туралы баяндады. Сонымен қатар жиынға қатысушылар Германия, Италия, Франция, Ресей және Қазақстан сарапшыларының баяндамаларына да құлақ түрді. Жиын соңында Ботаникалық бақтың одан әрі дамуының келешегі мен жаңа бағыттарын айқындау жөнінде арнайы Қарар қабылданды.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button