Қала мен Сала

Астанадан ауылға дейін…

Астана
Астанада «Құралай» ІІ Халықаралық қуыршақтар театрының фестиваліне қатысушылардың салтанатты шеруі басталды. Елорда сахналарында Тунис, Босния, Герцеговина, Бельгия, Италия, Польша, Ресей, Түркия, Эстония, Сербия және Қазақ­станның қуыршақтар театрының ұжымдары өнер көрсетуде.

 

Атырау облысы
Астана күні қарсаңында Индер ауданы Есбол ауыл­дық округінде жас мамандар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне 2 пәтерлі 10 тұрғын үйдің кілті берілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Серік Арыстан қатысып, жаңа үй иелеріне құттықтауын жеткізді.

Шығыс Қазақстан облысы
«Бақыршық» тау-кен өндірісі кәсіпорны ресми түрде ашылды. 2014 жылы «Полиметалл» компаниясы қысқа мерзімде Жарма ауданында жаңа технологиялармен жабдықталған алтын өндіру кешенінің негізін қалады. Ашылу салтанатына «Полиметалл» акционерлік қоғамының бас директоры Виталий Несис және Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов қатысты.

Қостанай облысы
Жангелдин ауданының тұр­ғын­дары Ахмет Байтұр­сынұлы дүниеге келген үйді қалпына келтірді. Ұлт ұстазы­ның үйіндегі ауқымды жөндеу жұмыстары әлі де жалғасатын болады.

Алматы
Алматыда елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған дәстүрлі музыка кеші өтті. Концертті тамашалауға жиналған көрермен дәстүрлі өнер шеберлері мен «Сазген сазы» этнографиялық-фольклорлық ансамблінің орындауындағы көнеден жеткен жауһар жырды, әсем ән мен тәтті күйді тыңдап, құлақ құрышын қандырды.

Ақмола облысы
Целиноград ауданы Қосшы ауылында отбасылық-ден­саулық орталығы ашылды. Жаңа заманауи жабдықпен қамтылған денсаулық орта­лығы бір ауысымда 150 адамды қабылдайды.

Батыс Қазақстан облысы
Зеленов ауданы Дариян ауылындағы 300 орындық мектеп құрылысы аяқ­тал­ды. Білім ұясының жанында жо­ғары сынып оқушыларына арналған 100 орындық интернат бар.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button