Айтпайын-ақ деп едім!

Бұл кезек қашанға дейін жалғасады?

Бірнеше күн болды, жұмысқа келе жатып Ә.Жангелдин көшесіндегі «Аян» дүкенінің алдынан осындай кезекті көріп жүрмін. Сонау 90-шы жылдардағы кезек (азық-түлік тапшылығы шарықтаған кез еді) қайтып оралғандай.

[smartslider3 slider=3565]

Бүгін шұбатылған кезекте тұрғандардың бірінен: «Бұл ненің кезегі?» деп сұрадым. «Қант қой! Бір келісі 300 теңгеден сатылып жатыр. Бірақ бір қолға 2 келі ғана береді. Оны сатып алу үшін таңғы сағат 4-тен бастап кезек алуың керек. Соның өзінде жұрттың жартысына жетпейді. Дүкен әкімшілігі қантты еркін сатылымға шығармай, осылай таңертең 1 сағат сатады» деді шеткері тұрған бір қазақ жігіті.

Құмшекердің тапшылығы қарапайым тұтынушыны да, ел билігін де алаңдатып отыр. «Мен не деймін, домбырам не дейді» дегендей, жұртты дүрліктірмеудің орнына Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Жеңіс Өсербай елімізде 26,9 мың тонна қант қалды деп «отқа май құйды». Өнімді ішкі тұтынудың бір айлық көлемі 59-60 мың тонна екен. Осыны білген алаяқ алыпсатарлар жұрт шарқ ұрып іздеп жүрген қанттың бір келісін 900 теңгеден сатып, арам жолмен қалтасын қампитуға кірісті. Қанттың кезегі қып-қызыл төбелеске айналғанын да жасырмаймыз. 14 шілдедегі Үкіметтің алқалы жиынында бұл ушыққан мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласып, қантқа қатысты төбелеске «Ұят!» деп баға берді.

Бірақ одан ұялып отырған Үкіметті де, шиеленіскен ахуалды өз қарақан басының пайдасына шешуге жанталасып жатқан алыпсатарды да көрмедік. Дүкен сөрелерінде ұсақ қант жоқ. Кейбір ірі сауда нүктелері қантты белгілі бір уақытта ғана, шағын орталарда сатылымға шығаруда. Мәселені шешеді деген Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкіметтің отырысында: «Бізде қанттың қоры 100 мың тоннадан асады. Ай сайын 60 мың тонна тұтынатын болсақ, қант жеткілікті деген сөз. Қанттың елдегі орташа құны 480-490 теңгені құрайды. Бірақ кейбір «үйлердің жанындағы» дүкендерде ол 800 теңгеге сатылуда. Бұл мәселемен айналысу керек!» деп шен-шекпенділерге тапсырма берумен шектеліп отыр. Ал елордадағы дүкендерде қанттың кезегі күн сайын ұзарып барады. Сонда бұл кезек қашанға дейін жалғасады?

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button