SportБасты ақпарат

Бұқаралық спорт балаларды баулудан басталады

«Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың
«Жаңа жағдайдағы Қазақстан:
іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауынан

Осы жылдың қорытындылары елордада 370 мыңнан аса адам жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен айналысатынын көрсетті. Бұл қала тұрғындарының жалпы санының 31,7 пайызын құрайды. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 8513 жеткіншек спортпен шұғылданады. Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңесінің отырысында осыны мәлімдеген қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов аталмыш саладағы жұмысты ұйымдастыру жайын баяндады.

ТЕГІН ЖАТТЫҒУЛАР НЕМЕСЕ «SMART SPORT» ҚОСЫМШАСЫ

– Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында 2021 жылдан бастап жұмысты жаңа бағдарлама шеңберінде жүргізуді жоспарлап отырмыз. Біріншіден, футбол, шахмат, стритворкаут, баскетбол, балалар фитнесі бойынша барлық аулаларда тегін жаттығуларды ұйымдастыру арқылы қаланың шет аймақтарын да дене шынықтыру және спортпен қамтымақпыз. Екіншіден, талантты балалар мен жасөспірімдерді анықтау үшін аула командалары арасында спорттық ойын түрлерін ұйымдастырамыз. Аула лигаларын тұрақты өткізу жоспарлануда. Үшінші мақсат – қарттардың бос уақытын ұйымдастыру үшін бағдарламаға скандинавиялық жүріс, йога, шахмат, дойбы бойынша тегін жаттығуларды енгізу. Төртіншіден, қала саябақтарында спортпен айналысу үшін жағдайлар жасалады. Соның ішінде санитарлық талаптарды сақтау мақсатында киім ауыстыру үшін жылдам құрастырылатын модульдік конструкциялар орнатылады. Бұларды Ботаникалық бақ пен Орталық саябаққа және қаланың үлкен саябақтарына салу жоспарланып жатыр, – деді Н.Еламанов.
Оның айтуынша, спортты дамыту мақсатында ақпараттық технологияларды енгізу де жоспарланып отыр. Қазір «Smart sport» мобильді қосымшасын тесттік режимде тексеру жүргізіліп жатыр. Бұл қосымшаны келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап толығымен іске қосу жоспарда тұр.

СПОРТТЫҚ ҚҰРАЛДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ

Спорт нысандарын жөндеу жұмысына тоқталған басқарма басшысының орынбасары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына үш нысан енгізілгенін мәлімдеді. Биыл «Қазақстан» спорт кешенін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жөндеуге қол қойылды. Қазір жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмысы жүргізіліп жатыр. «Толқын» спорт кешенінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгіндері Жирентаев көшесінде орналасқан спорттық үрлемелі күмбез ауыстырылып жатыр. Бұл жұмыс желтоқсан айының аяғында аяқталмақ.
Қалалық қоғамдық кеңес бас қалада спортты дамыту жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын зерттеді. Сол мақсатта бірнеше спорт нысанын аралады. Оның қорытындыларымен кеңес мүшесі Жанат Нұрғалиев таныстырды.
– Біз спорттық құралдардың жағдайы сын көтермейтініне көз жеткіздік. Оның біразы ескірген екен. Жаттықтырушылар құрамын жасақтаудан да проблемалар бар. Кейбір спорт секцияларында жаттығатын адамдардың саны шамадан тыс көп. Жаттықтырушылардың жалақысын көтеру – өзекті мәселе. Спорт нысандарының материалдық-техникалық базасын жасақтап, жақсарту керек. Мәселен, «Өндіріс» тұрғын алабындағы аула клубына барғанымызда, оның материалдық-техникалық базасы мүлде жасақталмағанын көрдік. Мұнда спорт құралдары мүлде жоқ екен. Сосын әдістемелік жұмыс жүргізілмейді. Бұл жағынан Білім басқармасы тарапынан көмек көрсетілуі керек, – деді Ж.Нұрғалиев.

ҮЙІРМЕЛЕР ҚОЛЖЕТІМДІ МЕ?

Қоғамдық кеңес 16 жасқа дейінгі балалары бар тұрғындар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізген. Респонденттердің 37 пайызы балалары спортпен айналысатынын айтқан. Сұралғандардың осыншама пайызы балаларының спортқа қызығушылығы бар болса да, мүмкіндігі жоқ екенін жеткізген. Тұрғындардың сөзінше, отбасылардың 12 пайызы ғана тегін секциямен қамтылған. Ал ата-аналардың 75 пайызы балаларын ақылы спорт үйірмелеріне апаруға мәжбүр. Респонденттердің 65 пайызы қалада суда жүзу, волейбол, гимнастика секцияларын дамыту керек деп есептейді. Тұрғындардың 56 пайызы тегін үйірмелер туралы мүлде естімеген, ал 18 пайызы аталған үйірмелерге мүлде жүгінбейді. Тегін секциялар жайлы білетіндердің үлесі де осыншама пайыз. Көпшілігі бұған қатысты ақпаратты әлеуметтік желілерден алады екен. 33 пайыз бұл туралы дос­тардан, әріптестерден, басқа да таныстардан естіп білген.
– Спорт үйірмелеріне қатысатындар негізінен футбол, суда жүзу, баскетбол секцияларына барады. Бір секцияға қатысудың құны бір балаға 20 мың теңгеге дейін жетеді. Осы жағдайда көпбалалы отбасылардың балаларына ақылы үйірмелерге қатысу қиындық тудырады. Сұралғандардың көпшілігі үйлерінің маңайында спорт нысандарының жоқ екенін айтқан. Осыған орай спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру үшін біз бірқатар ұсыныстарды әзірледік, – деді Ж.Нұрғалиев.

ШАҒЫН ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНДЕРІ КЕРЕК

Оның пікірінше, саябақтарда спортпен айналысуға жағдайлар тудыру керек. Астананың ауа райы қатал болғандықтан, қазір 7-8 ай көлемінде бұл жұмысты жүргізу мүмкін емес. Саябақтарда жылдың суық мезгілдерінде спорт инфрақұрылымы жасақталмаған. Сол себептен қысқы спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік жоқ. Қоғамдық кеңес «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алабы және қаланың шет аймақтарында, яғни, халық көп тұратын аудандарда шағын дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуды ұсынып отыр.
– Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды орындау мақсатында балалар арасында бұқаралық спортты дамытуға бөлінетін бюджет қаржысын қайта қарау керек. Қазір қаланың Активтер мен мемлекеттік сатып алулар басқармасы «Алау» спорт кешені сияқты спорт нысандарына қаржы бөледі. Бірақ бұл нысандарда бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасалмайды. Олар ұсынатын қызметтер, негізінен, ақылы болып келеді. Сондықтан бюджеттен бөлінетін қаржы шағын спорт нысандарының құрылысына бағытталуы керек. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік принциптері негізінде аталмыш жұмысты атқаруға дайын отырған азаматтар бар, – деді Ж.Нұрғалиев.

АУЛА КЛУБТАРЫН ДАМЫТУДЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ БЕКІТІЛДІ

Ол аула клубтарын Білім басқармасының құзырына беруді ұсынды. Мұны қазіргі таңда бұл клубтарда әдістемелік жұмыс жоспары жасалмағанымен түсіндірді. Оның есептеуінше, осы мәселеге кешенді түрде келу керек. Яғни, адамгершілік, рухани тәрбие де берілуі тиіс.
Білім және ғылым министрінің мектептерде сабақтан тыс уақытта ақылы негізде спорттық секцияларды ұйымдастыру туралы бұйрығы бар екен. Осыны айтқан Ж.Нұрғалиев бұл бұйрықты орындау үшін қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы жаттықтырушыларды тиісті жалақымен қамтамасыз етіп, осы жұмысты бақылауға алуы керек деп есептейді.
Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Жүнісбековтің мәлімдеуінше, биылғы ақпан айында аула клубтарын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді.
– Аула клубтарын Білім басқармасы қарамағына беру мәселесін біз жақсы білеміз. Соңғы бес жылда осы мәселе бірнеше рет талқыланды. Алайда Жастар саясаты мәселелері басқармасының құзырында қалды. Биыл да қалалық мәслихат депутаттары аула клубтарының біздің басқарманың қарамағында қалуын бірауыздан мақұлдады. Тиісті тұжырымдаға сәйкес аула клубтарының материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша ұсыныстарды әзірледік. Жергілікті бюджеттен 14 аула клубына 114 миллион 867 мың теңге бөлінді. Бұл – аталмыш тұжырымдаманы жүзеге асырудың алғашқы көрсеткіштерінің бірі. Бір атап өтерлігі, 2015 жылдан бастап аула клубтары саны 6-дан 23-ке көбейді. Күні кеше ғана «Елорда жастары» атты 2023 жылға дейінгі бағдарлама жобасын дайындадық. Бұл бағдарламаның үлкен бағыты – денсаулық және бос уақытты ұйымдастыру. Алдағы үш жылда қосымша 15 аула клубын ашамыз. Соның негізгі бөлігі қаланың шеткі аймақтарында, соның ішінде спорт кешендері жоқ жерлерде ашылады. Біз осыған басымдық беріп отырмыз. Бұған қоса, аула клубтарының материалдық-техникалық базасын күшейту, қызметкерлерінің жалақасын көтеруден мәселелер бар. Олардың бәрі тиісті тұжырымдама аясында шешілетін болады, – деді Б.Жүнісбеков.

АҚЫЛЫ ҚЫЗМЕТТІ ҚАЛАЙ АЗАЙТАМЫЗ?

Қоғамдық кеңес мүшесі Владислав Сергеев спорт нысандарын сенімді басқаруға берудің тиімділігі қаншалықты болып жатқанын сұрады. Оған жауап берген Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов «Барыс Арена» және «Астана Арена» сияқты нысандар Активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармасының қарамағында екенін жеткізді.
– Белгілі бір нысанды күтіп ұстау көп шығынды қажет етеді. Сондықтан инвестор қосымша қаржыны тартады. Мәселен, «Барыс Арена» – өте үлкен нысан. Соның бассейні, басқа да спорттық жайлары қарамағымыздағы ұйымдарға ғана емес, белгілі бір спорт клубтарына да жалға беріледі. Әрине, нысанның 100 пайыз бізге тиесілі болғанын құптаймыз. Соған қуанар едік. Бірақ екінші жағынан, ақылы қызметті қалай азайтамыз? Нысандарды күтіп ұстау шығындарын ескерсек, олардың бәсекелестік ортаға берілгені де дұрыс шығар, – деді Н.Еламанов.
Қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов соңғы жиырма жылда елордада салынған ірі спорт кешендеріне балалардың қолжетімділігі нашар болып отырғанын айта келе, нысандарды сенімді басқаруға алған кәсіпкерлер тек қалталарын қампайтуды ойлайтындықтарын жеткізді.
– Бұл – бәріне белгілі жағдай. Төрт-бес бала тәрбие­леп отырған, орташа табысы бар отбасыларда балаларын ақылы спорт секцияларына беруге мүмкіндік жоқ. Бұқаралық спорт балаларды дене шынықтыруға баулудан басталады. Қалада балалар мен жасөспірімдер спортын дамытудың бағдарламасын әзірлеу керек. Қала тұрғындарының 30 пайызы спортпен айналысады деген көрсеткіш – өте төмен, – деген тұжырым жасаған С.Есілов өзі ұсынған бағдарлама кем дегенде бес жылға арналуы керектігін айтып өтті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button