Елорда тынысы

Дәрігерге ризашылық белгісі

Алғыс айту күніне орай елордада Есіл ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Алтын жүрек» мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Медицина қызметкерлеріне ризашылық белгісі ретінде салынған ескерткіш алдындағы Тағзым ету іс-шарасына аудан әкімдігі мен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қатысты.

Аталған мемориал Алматы және Ақмешіт көшелерінің қиылысында орналасқан. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов бұл ескерткішке гүл қою салтанаты игі дәстүрге айналғанын жеткізді.

– Пандемияда өз өмірін қатерге тіккен абзал әріптестеріміздің игі ісі әр уақытта есте қалары сөзсіз. Тек бұл ғана емес, елорданың денсаулық сақтау саласының дамуына ерен еңбек сіңіріп, ұлт саулығын сақтауда аянбай жұмыстанып жүрген барша әріптес­теріме шынайы ниетіммен зор алғыс білдіремін! – деді Тимур Мұратов.

Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы өз сөзінде дәрігер болу басқа мамандық иелеріне қарағанда жауапты әрі өте маңызды жұмыс екенін атап өтті.

– Дәрігерлер – адам денсаулығы мен өмірі үшін үлкен жауапкершілік алатын жандар. Біз маңызды мамандық иелерінің көмегін жер жаһанды жайлаған коронавирус дерті кезінде айтарлықтай сезіндік. Қарусыз майданда алдыңғы шепте арпалысып, адам жанының арашашысы болып жүргендердің еңбегі орасан зор. Біз тұрған «Алтын жүрек» мемориалы 2021 жылы 18 маусымда жаһандық індетпен күрескен барлық дәрігерлерге құрмет ретінде қойылған еді. Оларды еске алу біздің парызымыз деп білемін, – дейді Дәрменияр ­Қыдырбекұлы.

Зарина Сәрсенбайқызы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button