Әлеумет

Діни ахуал тұрақты

Дінге деген қызығушылық пен оны танып-білу әр саналы адамның рухани қызығушылығынан туындайды. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласының дін істері басқармасы елорда руханиятын жаңғыртуға қаншалықты үлес қосуда? Жалпы бас қаладағы бүгінгі діни ахуал қалай? Бұл туралы басқарма басшысы Нұрдәулет Әлмұханов El&Orda ютуб арнамызға берген сұхбатында айтып берді

[smartslider3 slider=1433]

– Діни басқарма қалада түрлі қоғамдық ұйымдарда түсіндіру жұмыстарын өткізіп, кездесулер ұйымдастырып жатады. Дәстүрлі дінді насихаттаушы ретінде қаламыздағы діни ахуалды сақтап тұруда бұл жұмыстар жеткілікті ме?

– Дін істер басқармасы жұмыстарының негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік діни қызмет  және діни бірлестіктер жұмысы. Сонымен қатар діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жұмыстар жүзеге асырылады. Елордадағы діни бірлестіктердің ауызбіршілігін, бір бағытта діни тұрақтылықты сақтау мақсатына да жұмыс істейміз.

Бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының жалпы елорда өкілдігінде 12 мешіт жұмыс істейді. Соған қоса қазір тағы 2 мешіт салынып жатыр. Себебі қанша дегенмен қолданыстағы мешіттердің сыйым­дылығы қалаға аздық етеді. Жұма намаз уақытында мешіттеріміз лық толы болады. Бұл жаңа мешіттердің қажеттілігін туғызды. Әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, елордамыздың 80 пайы­зын мұсылмандар құрайды, олардың бәрі ханафи масҺабын ұстанады. Ауғанстан, Ирак мемлекеттеріне теріс ағым жетегіне еріп кетпеуі үшін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар қазіргі таңда біздің басқарманың және қала басшылығының шешімі бойынша «Биг Шанхай», «Орталық базар» жақтан мешіт салуды ұсындық. Бұған қоса маргинал жастарды азайту үшін де жұмыстар жүргіземіз.

– Жаңа мешіт қазірден-ақ сыртқы көрінісімен алыстан тамсандырады. Ол іске қосылса қаладағы мешіттерге адам саны жағынан жүктеме азая ма?

– Иә, бұл мешіт әлемдік мешіттердің арасында ондыққа кіреді деп айтсақ болады. Себебі ол сыйымдылығы жағынан 30 000 адамды қамтиды. Сонымен қатар мешіттің іші екі бөліктен тұрады, кіріп келе жатқан кезде үлкен терасса болады, сол жерді қосқанда 60 000 адам сыяды. Бүгінгі таңда сәулетімен тамсандырған ғимарат орталық Азиядағы үлкен мешіттердің бірі болғалы тұр. Оның ашылуын барлық мұсылман халқы, тек қана Қазақстанның мұсылмандары ғана емес, шетелдік мұсылман елдері де асыға күтіп отыр. Аталған мешіт алдағы уақытта туристік нысан ретінде де тартымды болып, келген шетелдік қонақтарға мақтана көрсетуге болатын ғимаратқа айналады деп есептейміз.

– Қашан да кез келген теріс ағымға жастар тез түсіп кетеді. Қазіргі жастардың дені қай бағытта жүр?

– Жастардың қоғамда алатын орны ерекше, өйткені мемлекеттің негізгі қозғаушы күші – солар. Бүгінгі таңда біздің елордамызда  мемлекеттік тіркеуден өткен 16 ЖОО бар. Сондағы жастарға арнайы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор, бізде оларға тәрбие сағатын өткізетін арнайы жауапты мамандар бар. Сол жауапты мамандар арқылы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын өткіземіз. Сонымен қатар қазіргі таңда елордада 47 колледж жұмыс істейді. Ондағы жастарды да ақпараттық түсіндіру жұмыс­тарымен қамтып, теріс жолға түсіп кетпеуіне атсалысамыз.  Жастарды толық қадағалау мүмкін емес, бірақ мейлінше толыққанды дұрыс бағыт беру – міндет. Бүгінгі таңда Еуразия ұлттық университетінде 20 000-ға жуық студент бар. Жалпы елорданың басым көпшілігін жастар құрайтындықтан, мешітке келетін жастар көп. Олармен мешіттің қызметкерлері жұмыс жүргізеді. Бұрынғыдай емес қазір дін қызметкерлері өте білікті, қазақша, орысша бірдей кез келген сұрақтарға жауап бере алады. Жастармен жұмыс бойынша қазіргі таңда арнайы бейне өнімдеріміз, материалдарымыз бар, соларды көрсетеміз.

– Астана медресесі қазір колледж болып өзгеріп жатыр, бұл мәртебе оның оқу бағдарламасына әсер етпей ме?

– 2021 жылы Астана медресесі колледж деген мәртебе алды, сөйтіп бұл білім ордасы арнаулы орта білім беретін мекемелердің қатарына кірді. Көңіл қуантатын жағдай – енді осында білім алған жастар дипломын жоғары оқу орындарына, арнайы мекемеде жұмыс жасауға ұсына алады. Бұрын медресені бітіргенде бір дін саласына қызмет ететін еді, оның белгілі бір дәрежесі болмайтын. Сонымен қатар мемлекетіміз зайырлы қоғам болғандықтан, бұл колледжде толықтай зайырлылық құндылықтарын оқытады. Бұл өте жақсы өзгерістер алып келеді, өйткені біздің түлектер зайырлы қоғамға емін-еркін еніп кете алады. Дін саласында жұмыс істеуге болады, дін пәнінің мұғалімі бола алады, дін істер басқармасына, құқық қорғау саласындағы діни қызметкер ретінде қызмет етеді. Бүкіл мекемелерде дін саласы қазіргі таңда өзекті, сол себептен дінтану маманы бола алады. Қазіргі таңда медреседе 138 бала оқиды. Оқу орнына бірінші кезекте елордалық жастарды ғана аламыз, содан орын қалып жатса ғана басқа өңірлерден келгендер балаларды да қабылдаймыз.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button