Sport

Думанды дуатлон

24 маусым күні Астананың 20 жылдығына арналған «Астана-Дуатлон 2018» сайысы өтті.

Бұқараның басын қосқан қоссайысқа 500-ге тарта адам қатысты. Шара шарты бойынша шаһардың шапшаң тұрғындары алдымен 5 км жүгіріп өтіп, содан соң 20 км велосипедпен жарысып, артынша бой суытпай тағы 2,5 км бағындыруы тиіс. Осы үдеден шыққан қатысушылардың алдыңғы қатары жеңіс тұғырынан көрінді.

Жұртты бірлікке бастаған бұл доданың белгіленген қашықтығын еңсерудің өзі – жеңіспен пара-пар. Сондай саламатты өмір салтын берік ұстанған белсенді тұрғындардың ортасынан ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, қалалық Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, Футбол федерациясының басшысы Малик Хасенов және «Алау» мұз айдыны сарайының директоры Санат Шапашов табылды.

Қатысушыларды мәре сызығынан қарсы алған Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев жеңістерімен құттықтап, жүлдегерлерге сый-сияпат көрсетті.

Сонымен, игі дәстүрге айналған кезекті дуатлонда есімдері ерекшеленген жеңімпаздар мыналар: Артур Гаврилов пен Динара Капарова (16-29 жас), Яков Казлов пен Елена Пономарева (30-39 жас), Марат Фарахов пен Инна Вишнякова (40-49 жас), Александр Блум мен Ирина Мустафина (50-59 жас) және Анатолий Гонаго мен Любовь Асанова (60+ жас).

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button