Сұхбат

ЕЛ БАСПАНА МӘСЕЛЕСІН ШЕШУДІ МЕҢГЕРЕ БАСТАДЫ

2020 жыл соңына қарай тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылар саны қазіргі 425 мыңнан 1,5 миллион адамға көбеймек. Ал Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі беретін несие көлемі оның даму стратегиясына сәйкес 1 триллионға жетеді.

Нұрбүбі НАУРЫЗБАЕВА:
Бұл туралы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқармасының төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева сенімді түрде баяндайды. Осынау сенімге ҚТҚЖБ-ның онжылдық қарқыны мен статистикасы да серік бола алады. Ал бұл аралықта Германия үлгісімен жасақталған қазақстандық тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі нөлдік кезеңнен бастап бірнеше белестерді еңсерді.

ЕЛУ ДЕ ЕЛУ

Бірінші – күрделісі, қоғамға жаңадан енгізілген бұл жүйенің шешуші қағидаты: 50х50 еді. Яғни, керекті соманың жартысын есеп-шотта жинақтау қажет те, қалған жартысын банк береді. Алғашқы үш жылда бұл жүйе тек қана депозит қабылдауға ғана жұмыс істеді. Және нарық үшін үйреншікті емес жағдайда тиімді несие алуға болатынына күмән келтіргендер аз болмады. Алайда, бірінші болып қоныс тойын тойлай бастаған салымшылар кезеңі осынау жүйенің жұмыс істеуге кіріскенін көрсетті. Әрі бұл жүйе баспана мәселесіне қатысты барлық мәселені шеше алатындай барша үшін қолжетімді еді: пәтер, үй, жер телімін сатып алу, жөндеу, айырбастау. Осы күнге дейін 173 миллиард теңгедей займ алған 52 мыңнан астам Банк клиенті баспана жағдайын жақсартып үлгерді. Ал 2008 жылдан бастап жүйе мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру құралы ретінде пайдаланылып келеді. Әрқайсысы өзіндік ерекшелікке ие болса да, жүйенің икемділігі мен оның бағдарламаларының бейімделгіштігі осынау игі мақсатты табыс­ты­ іске асыруға ықпал етуде.
Бірақ, баспанаға деген сұраныс әлі де өте жоғары, ал мемлекеттік бағдарлама ұсынатын жағдай барынша тиімді болған­дық­тан, оны қажетсінетіндер саны мүм­кін­діктен әлдеқайда асып кетеді. Банк мәліметтері бойынша, «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алушылардың пулын жасақтаған кезде аймақтарда бір бөлмелі пәтерден екі адамға дейін, Астана мен Алматыда 4-6 адамға дейін үміттенген. Бұл жерде шектеуші фактор ретінде қаржыландыру көлемі мен құрылыс қарқынын алға тартуға болады. Мемлекеттік бағдарлама – бұл бірінші кезекте – көкейкесті тұрғын үй мәселесін шешу мүмкіндігі. Ал тұрғын үй­ құры­лыс жинақ жүйесінің міндеті – халықты баспанамен қамтамасыз ету мәсе­лесін жүйе негізінде шешу. Сондықтан ҚТҚЖБ-ның мемлекеттік бағдарламаға қатысуы – Банк алдына Үкімет қойып отырған міндеттердің бірі ғана.

ҚОЛЖЕТІМДІЛІК ФАКТОРЫ

– Несиелеу барысында қолже­тім­ді­лік факторы жұмыс істеп отыр­ ма?
– Мұны мен сізге сандармен, мысал­дар­мен өрнектеп берейін. Банктің тариф­тік бағдарламаларына байланысты (әңгіме «Бастау», «Өркен», «Кемел», «Болашақ» бағдарламалары туралы) ставкалар мынадай: жылдық номиналды мөлшерлеме – 3,5-5 пайыз, тиімді ставка­ – 4-6,2 пайыз. Ал екінші деңгейдегі банк­тер­де ипотека бойынша номиналдық мөл­шерлеме 11-ден бастап 15 пайызға дейін, тиімді мөлшерлеме 12,7 пайыздан бастап 17,7 пайызға дейін. Өзіңіз де білесіз, ипотека талаптары бойынша салымшының бастапқы міндетті салымы 10 пайыздан бастап 50 пайызға дейін. Біздің бағдарламалардың талаптары бойынша – алатын несиенің жартысын міндетті түрде банк депозитінде жинақтау қажет. Жинақтау мерзімі үш жылдан басталады. Мысалы, пәтердің бағасы 6 миллион теңге делік. Егер сіз «Өркен» тарифін таңдасаңыз, онда 5 жыл ішінде 45 мың теңгеден жинақтап отыру қажет, одан кейін келесі 10 жылда тұрғын үй займы бойынша төлем шамамен 30 мың теңгені құрайды. Мәселен, егер сіз 15 жылға 13,5 пайыз үстемемен ипотекалық несие алатын болсаңыз, осы 15 жыл ішінде ай сайын 78 мың теңге төлейсіз. Айырмашылық өте үлкен, бұл банкке құятын ай сайынғы төлемнен де пайыздық сыйақының жалпы сомасынан да көрінеді. Бірінші жағдайда жалпы пайыздық сыйақы 0,7 миллион теңге болса, ипотекалық займда 8 миллион теңге болады. Егер сіздің қысқа мерзімде қаражат жинақтай алатын мүмкіндігіңіз болатын болса, мәселен «Бастау» тарифтік бағдарламасы бойынша делік, онда ай сайын­ғы жинақтау төлемі алғашқы 3 жыл ара­лы­ғында 75 мың теңгені құрайды. Ал тұрғын үй займы бойынша төлем келесі 6 жылда 48 мың теңге болады.
– Нұрбүбі Серікқажықызы, әңгі­ме­ ауанын жинақталған қар­жы­ға­ орай­лас­тырылған баспана­ қол­жетімділігіне ауыстырсақ. Қазір тұрғын үйдің ба­ға­сын тұр­ғын­дар­дың­ жалақысы қуып жете алмайды. Ал жүйе ҚТҚЖБ-дағы «жинақ + несие» нарықта нақты бас­па­на сатып алуға мүмкіндік берсе ғана тиімді. Мәселен, ұлымның алғашқы шарттық сомасы бір бөлмелі пәтер­дің­­­ үштен біріне де жетпейді. Әрине, шарт­ты ұзартып, жарна сома­сын көбей­ту­ге мүмкіндік болды. Дегенмен, бұл жеке мысал, ал жалпы алғанда сіздер нарық­ты сараптап, орташа шарттық баға­лар­ды оның бағаларымен салыстырып көр­ді­ңіз­­дер ме?
– Әрине, біз мұндай есептерді тұрақты түрде жүргіземіз. Оған қоса халық та бұл айырмашылықты салыстыруды жақсы мең­геріп алды. Көптеген адамдар сіз айт­қан­дай, келісім-шартты үлкен сомаға қайта жасайды немесе жинақтау мерзімін ұзартады. Мен «Өркен» бағдарламасын мысалға келтірдім ғой. Енді «Кемел» бағдарламасын айта отырып, нарықтағы бағаның құбылуына қатысты оның қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп берейін. Бұл тарифтік бағдарлама да «халықтың барлық санаты үшін тұрғын үйді кейіннен сатып алуға болатын жалға алу» санаты бойынша мемлекеттік бағдарламаға қатысады. Мұндай жағдайда тұрғын үйдің шаршы метрі 90 мың, 112 500 және 142 500 теңге көлемінде ұсынылады. Енді шаршы метрдің құнын ауданы 60 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтерді алғысы келетін займшының табысымен салыстырып көрейік. 1 шаршы метр құнын 90 000 теңге деп алсақ, пәтер құны 5 400 000 теңге болады. Жинақ бойынша ай сайынға төлем 8 жыл ішінде 28 620 тенгені құрайды. Жалдау бойынша ең жоғары төлем – 6 000 теңге (жас отбасылар үшін – 0). Ал займды жабу бойынша төлем (келесі 15 жылда) 18 900 теңге болады.
МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАҒА ІЛІГУ «БАҒЫ»
– Қарап отырсақ, басында баспанасы­ жоқ кез келген адам мемлекеттік бағ­дар­ла­маның кез келген бағыты бойынша­ пулға ілігіп, үйлі болып жатса, өзін бақыт­­­­ты сезінер еді. Бірақ, осы жерде­ бір­­­­ кіл­ти­пан­дар­ бар сияқты. Оған қоса «Қол­­­же­­­тім­ді тұрғын үй – 2020» бағ­дар­­­ла­­­ма­сын жүзеге асыруда банктің рөліне қатысты түсі­ніспеу­шіліктер барын­ жоққа шығаруға болмас. Мысалы, көп­­те­ген адамдар мемлекет бөлген миллиард­тар­ды банк өз бетінше жұмсайды деп ойлайды.
– «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында банкке 12,2 миллиард теңге көлемінде бюджеттік несие берілген. Бұл сома аталмыш бағдарламаның нақты өл­шем­де­ріне сәйкес келетін қаты­су­шы­ларына ҚТҚЖБ-ның жеке қаражатымен теңдей, аралық және алдын ала займын беруге арналған. «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасының қаты­су­шы­лары үшін бекітілген, арнаулы сыйақы мөлшерлемесі теңгемен жылына 8 пайызды құрайды (тиімді сыйақы мөлшерлемесі 8,3 пайыздан бсталады). Алдын ала және аралық займ бойынша жылдық үстеме 6,5-7 пайыз (тиімді сыйақы ставкасы 7,2 пайыз). Іс жүзінде «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысына арналған барлық қалған бюд­жеттік қаражат банкке емес, жергілікті атқару органдарына (ЖАО) бөлінеді. ЖАО қаражатты алған соң үйлердің жобасын дайындап, оны банкпен келісіп, содан кейін үйлерді сала бастайды. Екі бағыт бойынша қаржы операторы ретіндегі Банктің міндеті – пулға ілінгендерге тұрғын үй займын беріп, осы пәтерлерді сатып алуды қамтамасыз ету. Нақты бір салынып­ жатқан үйге байланысты келісілген ақпаратты ала салысымен оны тұрғын үй­дің сипатына қарай өзіміздің бұрынғы және әлеу­ет­ті салымшыларымызға ұсынып, пулды жасақтауды бастаймыз. Ресми хабар­­­лан­­дыру жарияланған сәттен бастап 2 айға созылатын өтініштерді қабылдау авто­мат­тан­ды­рылған. Кандидат туралы барлық мәлі­меттер жүйеге өтініш берілген күні мен сағаты, секундына дейін дәл енгізіледі. Тура қазіргі автоматтандыруды аяқтау кезе­ңін­де – пулға қатысуға өтінімдер беру элек­трон­ды түрде жүргізілуде. Барлық өтініш беру мен пулға қабылдаудың рәсім-тәртібі рет-ретімен сипатталып, банктің сайтында орналастырылған. Мен тек екі мәселені ғана бөле-жарып атап өткім келеді: пулды жасақтау жөніндегі талаптарды банк бекітпейді. Оны жасақтау жөніндегі базалық талаптар мемлекеттік бағдарламаның өзінде көрсетілген. Балл есептеудің ережелері мен өлшемдері де сайтта жарияланған. Пулдан үміткерлер қанша балл жинайтындығын өздері де­ есеп­тей алады. Екінші мәселе – мемле­кет­тік­ бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алу келісім-шартын өтінім берушілер әкім­дік­термен жасайды, содан кейін келі­сім-шарттар құзырлы мекемелерде­ тір­келеді. Осыдан кейін тіркелген келісім-шарттар ҚТҚЖБ-ға беріледі де, несиені рәсімдеудің стандартты тәртібі басталады.­ Клиент­тің тұрғын үй сатып алу үшін бер­ген ақшасы бірден әкімдікке аударылады. Пәтерді қабылдап алу актісіне қол қойылғаннан кейін, ол пәтерінің кілтін алады.
Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 2020 жылға дейін осы жүйеге қатысушылар үшін 4,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салу көзделген. Бұл әр пәтерді орта есеп­пен 60 шаршы метр дегенде шамамен­ 75 мың пәтер болады. Қазір елімізде әкім­дік­термен қол қойылған келісім-шарттарға сәйкес 11 078 пәтерден тұратын 137 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 4 132 пәтерден тұратын 52 үй пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін 6729 пәтері бар 84 үй өткізіледі деп күтіп отырмыз. Егер қалалар бойынша айтар болсақ, онда Астанада биыл 2053 пәтер өткізілуі тиіс (қазір оның 420-сы беріліп қойды). Алматыда 1719 пәтердің құрылысына келісім-шарт жасалған, оның 264-і өткізілді.

ӨСУ ӨЗЕГІ

– Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйе­сі­нің­ өсу өзегі қандай?
Біздің басты міндет – тұрғын үй құры­­лыс жинақ жүйесін дамыту. 2003 жыл­ғы­ 29 қыркүйекте бірінші тұрғын үй­ құры­лыс­ жинақ шарты жасалғалы бері банк көр­сет­кіш­тері тұрақты түрде өсіп келеді. Орташа жылдық есеппен алғанда, ҚТҚЖБ екінші бесжылдығында шарттар бойынша өсімнің жыл сайынғы қарқыны 23%-ды құрады. Тіптен дағдарыс кезеңінде де кері кету бай­қал­мады. Жарналар бойынша орташа жыл­дық өсім – 64%. Жасалған шарттар көле­мі 883 млрд теңгеге жетті. Берілген несие бойынша өсімнің орташа жылдық қарқыны – 45%. Яғни, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі халық сеніміне ие және өсіп келеді!
Алевтина ДОНСКИХ
Қосымша ақпараттарды «Қазақ­стан­ның­ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның аймақтық филиалынан ала аласыздар. Мекен-жайы: Астана қаласы, Сығанақ көшесі, 29 үй, ВП-3, тел.: 51-70-46, 51-70-47, Московская көшесі, 29 үй, тел.: 31-41-74, 31-41-20, Абай даңғылы, №8 үй, тел.: 40-72-76, 40-72-77, Қажымұқан көшесі, №12 „А„ үй,­ тел.: 36-19-07, 36-19-20 немесе www.hcsbk.kz сайтында

Call-centre: 8-800-080-1880 (қоңырау шалу тегін)

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button