Білім

Ел үміті – оқуға құштар ұлан

Кітап – адам ақыл-ойынан туындаған рухани байлықты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын білім мен тәрбие беру құралы. Бүгінде ол өзінің тәрбиелік, білім беру қызметін атқарып отыр ма? Ақпарат ағымының алуан түрлілігі, әлеуметтік желілердегі қызықты контент оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын төмендетіп отыр.

Балалар ақпаратты кітаптан емес, YouTube, Google, Instagram, TikTok-тан алғысы келеді. 15-20 секундтық видео арқылы ақпаратты қабылдауға бейімделіп бара жатқан оқушыға зейінін тұрақтап, кітап оқу қиын. Фридрих Эберт қорының 2018 жылы жүргізген әлеуметтік зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, қазақстандық жастардың 78,6 пайызы мүлдем кітап оқымайды. Жастардың кітап оқымауы тек біздің ғана емес, алыс-жақын шетел мемлекеттерінің де үлкен мәселесіне айналған. Әр мемлекет бұл мәселені әртүрлі шешуде. Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсыр­масына сәйкес барлық мектепте «Оқуға құштар мектеп» жобасы енгізілді.

«Оқуға құштар мектеп» жобасының мақсаты – балаларды көркем әдебиет оқуға баулу. Жоба аясында мектепішілік «Қызықты оқылым» жобасы енгізілді. Бұл жобаның мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыра отырып, шығармалардың мазмұны негізінде олардың бойына жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіре отырып, адамгершілік тәрбие беру. Мектепішілік жобаны жүзеге асыру барысында оқушылар ертегі, аңыз, жырлар, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, т. б. қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен қатар шетел әдебиетін де оқиды. Бұл жоба нақты шығармаларды оқуға бағытталған. Оған қатысушы сыныптар ай сайын ортақ бір шығарма оқып, оқыған шығармалары желісі бойынша эссе, сурет сайысы, викторина, дөңгелек үстел, оқырмандар конференциясына қатысады. Жыл сайын кітапты белсенді түрде оқып, барлық іс-шараға қатысатын үздік сыныптар анықталады. Әр сыныптың жоба аясында өткізілген іс-шараларға қатысу белсенділігі қорытындыланып, нәтижесінде «Оқуға құштар сынып-2022» мүсіншесімен 4 «Б», 6 «Л», 6 «Б», 6 «В» сынып оқушылары мен жетекшілері Г.Мурасулова, А.Егімбаева, М.Оспанова, Б.Мұртазина марапатталды.

Балалар кітап оқу бойынша, мектепішілік іс-шаралармен қатар, қа­лалық, аудандық жарыс­тарға да белсене қатысады. «Қызықты оқылым» жобасының белсенді қатысушысы, 6 «Л» сынып оқушысы Искандер Ихсанов Байқоңыр ауданы бойынша өткен «Кел, балалар, оқылық!» оқулар сайысында ІІ орын алды. Мектебімізде «Қоңырауда кітап оқы!» кітап оқу минуты енгізіліп, оқушылар әр аптаның сейсенбі күні қоңырауда кітап оқиды. Демалысқа шыққанда ата-анамен кітап оқу челленджі, ақын-жазушылармен кездесу, қаладағы кітапханаларға экскурсия­ға бару, әдеби кештерге ­қатысу сынды түрлі ­іс-шара «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жүзеге асырылып келеді. 3 «Ә», 4 «Б», 3 «И» сынып­тарында BookCrossing кітап ­алмасу бұрышы ашылып, оқушылар өздері оқыған кітаптарын сыныптастарымен бөлісіп, ауыстырып оқуда. Болашақта барлық сыныпта кітап алмасу бұрышын ұйымдастыру жоспарлануда. Мектеп директоры К.Байсалбаев «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясындағы бастамаларды қолдап, балалардың кітап оқып, сапалы білім мен саналы тәрбие алуына ерекше көңіл бөліп келеді.

«Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру барысында тек шәкірттер ғана емес, педагогикалық ұжым да кітап оқып, демалыс кезінде оқыған шығармаларын ұжыммен талқылайды. Сонымен қатар мұғалімдер «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында қалалық сайыстарға қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісіп жүр. Атап айтсақ, «Қызықты оқылым» жобасының үйлестірушісі, орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі М.Бегежанова қалалық «Үздік пән мұғалімі-2022» сайысында «Оқырмандар конференциясы – оқырман сауаттылығын арттыру құралы» тақырыбында шебер-сынып өткізсе, бас­тауыш сынып мұғалімі К.Кажгалиева «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында «Сказкотерапия» үйірме бағдарламасын ұсынып, ІІІ орын алды. Мұндай игі істерден өзім де шет қалмай, «Педагогикалық идеялар» фестивалінде «Оқырман күнделігі» авторлық жұмысын ұсынып, ІІІ орынға ие болдым.

Чех педагогы Ян Амос Коменский оқырман күнделігі оқылған кітаптардағы білімді жинақтаушы әрі сақтаушы екендігі жөнінде XVII ғасырда айтып кеткен. Оқырман күнделігі арқылы оқушылар қарым-қатынас дағдылары мен адамгершілік қасиеттерін жетілдіреді, есте сақтау қабілетін жаттықтырады, оқу мәдениетін қалыптастырады, өзін-өзі бақылауын күшейтеді. 3 «Ә» сынып оқушылары сынып жетекшісі Н.Булашеваның бастамасымен сыныптан тыс уақытта көркем шығармалар оқып, оқырман күнделігін жүргізуде. Баланың сабақтағы жалпы үлгерімін жақсарту үшін кітап оқудың, оқығанын талдап, оқырман күнделігіне жазудың пайдасы көп.

Мектептің мақсаты бәсекеге қабілетті жан-жақты тұлға тәрбиелеу болса, бәсекеге қабілетті тұлға – сыни ойлай білетін, оқу, жазу, талдау, саралау дағдылары қалып­тасқан жан-жақты оқушы. Оқушыларға қазіргі заман талабына сай білім, тәрбие беруде «Оқуға құштар мектеп» жобасының маңызы зор.

Әйгерім ХАМИТОВА,

№27 мектеп-лицейі

директорының

тәрбие ісі жөніндегі

орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button