Өнер

Ел үмітін арқалаған елорда

1997 жылы 10 желтоқсанда Елбасы Н.Назарбаев «Тәуелсіз елміз, тәуелсіз мемлекеттің өз астанасы болуы керек» деп Сарыарқаның сайын даласына бас қаланың қадасын қағып, күллі Алаш арманы мен аманатын орындады. Ел үміт артқан елорда қысқа мерзім ішінде ұлттық идеяның темірқазығына, халықтың болашаққа деген сенімі мен тағдыр-талайының символына айналды. Бүгінде ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордаға 23 жыл толып отыр. Осы орайда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, кинода Елбасы рөлін сомдаған белгілі актер, әнші, сазгер Нұрлан Әлімжановпен әңгімелестік.

Астананың ауысуына басында мен де қарсы болдым

– Сіздің өміріңізде бас қаланың алар орны қандай?

– Нұр-Сұлтан шаһары жай ғана астана емес. Бұл – республикамыздың тарам-тарам тамырына қан тарата соғып тұрған жүрегі іспеттес. О баста Елбасы елорданы Ақмолаға көшіреміз дегенде көп адам құптамады. Соның ішінде мен де бармын. 40 градус суығы бар аязды қаланың астана боларына іштей күмәнім болды. Себебі мен Алматыны қатты жақсы көремін, оны жасырмаймын. Алматыда талай әнім де шықты, киноға да түстім, жалпы мені танытқан Алматы. Десе де, әр келген сайын қала көркейе түсті. Біртіндеп елордаға махаббатым ояна бастады, Үкімет басы осында, өнер жұлдыздары да астанаға қоныс аударуда, болашағы жарқын жаққа біз де ат басын бұрайық деген оймен 2010 жылы үй-ішімізбен ақылдаса келе көшіп келдік. Қаламыз көзді ашып-жұмғанша небір әсем ғимараттар мен зәулім сарайларға толды. Жақында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Көркі көз қуантады, ондай зәулім ғимаратты Азияда көрген емеспін. Өнердің ошағы осылай болу керек. Елордамызда салынып жатқан әрбір ғимарат Елбасының елге жасаған тарихта қалар өлшеусіз еңбегі деп білемін. Тұңғыш Президенттің салған ізімен келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың саясаты әрбір қала халқының жүрегіне жарқын болашаққа жетелер үміт сәулесін сыйлайды.Ақ халатты абзал жандарға «Дәрігер» әнін арнадық

– Осыдан екі жыл бұрын бас қалаға «Көкшетау мен Астана» әнін сыйладыңыз. Ол кезде шаһар атауы Астана еді. Ал биыл Нұр-Сұлтанға қандай тартуыңыз бар?

– Иә, астана атауы Нұр-Сұлтанға көшпей тұрып, бас қалаға «Көкшетау мен Астана» әнін арнадым. Сөзін әкем Баянғали Әлімжанов жазған. Астана өркендеп жатса, Көкшетау туған бауырындай бірге дамып келе жатыр. Сондықтан елордамыз бен туған жерім Көкшетауға арнап әнұран жаздым. Елбасы Н.Назарбаев та естіді. Халықтың көңілінен шықты деп ойлаймын. Бәлкім, 9 минут, 9 секундта жаңа әнді толғатарсың. Кейде жай ғана бірер секундта санаңа сап ете түседі. Бұл – құдірет. Өнерді ғажайып Алланың хикметі деп түсінемін.
Биыл індет өршіген тұста әкелі-балалы болып, ақ халатты абзал жандарға «Дәрігер» әнін арнадық. Желі арқылы лезде таралып кетті. Сондай қиын кезеңде дәрігерлерге демеу болды деп ойлаймын. Денсаулық саласында жүрген елге белгілі академик, профессор, дәрігерлер алғысын айтып, ақ баталарын берді. Бұл індет ешкімге оңай тимеді. Медицина саласында өзіндік орны бар қара нардай ағаларымыздан айырылып қалдық. Оның бірі марқұм Денсаулық сақтау министрлігінің Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу инс­титутының директоры, аяулы ағам – Нұрлан Батпенов. Ағамыз жетпіс жасын тойлатып, артынша індеттің ілмегіне ілініп, қайтыс болды. Үйде отырып, жүрегіміз жылады, қабырғамыз қайысты.

Айыппұлға талай іліктім

– Бір жыл Мәжіліс депутаты болдыңыз. Бұл көп уақыт емес. Десе де, сіз ең алдымен өнер адамысыз ғой, бір жыл ішінде бойыңыздан билікке деген ұмтылысты байқадыңыз ба?

– Иә, маған берілген бір жыл өз-өзімді танығанша тәмам болды. Сондықтан ешқандай өкпем де жоқ. Сайлау алда, бірақ менің жүрегім өнер деп соғады. Мен жоспарымды алдын ала айтудан аулақпын, өмірлік қағидам солай. Депутат ретінде өзімнің қандай жұмыстар атқарғанымды жұртшылық біледі. Елім, жерім біледі, өз ауылым мен өнердегі азаматтарымыз куәгер. Мен кімге не істегенімді жария етіп, тағы да айтпаймын. Себебі өз сауабымды өзім жойғым келмейді.
Іні-қарындастарыма айтарым, жоспарды ешқашан ешкімге жария етпеген дұрыс. Өйткені «Құдайды күлдірткің келсе, жоспарла» деген сөз бар, сол сөз менің санамда қатты сақталған. Мені халық танып жатса, таза өнерім арқылы біледі. Сол өнеріме ешқашан да сатқындық жасаған емеспін, өнерім жүрегімде. Өнеріммен о баста танылдым, өнеріммен бірге боламын. Алла нәсіп етсе, ғұмыр берсе, жүрегімде талай руханият­тан беретін дүниелерім мен идея­ларым көп.– Елордаға қайта оралсақ. Қаланың қай жағалауын көбірек ұнатасыз?

– Мен сол жағалауда тұрамын. Балаларымның мектебі, жұмысым да сол маңайда. Оң жағалауда кептеліс көп. Анда-санда, бір айда бір-екі рет оң жағалауға өтсем, кәдімгідей жолдарынан адасып кетемін. Сол жағалауды жақсы көретінім рас, оң жағалаудың көшелерін біле бермеймін. Жолдары жиі ауысады. Мен сол қайта-қайта жол ауыстыру дегенге қарсымын. Сөйтіп жүріп, айыппұлға іліктім талай, тіпті қарама-қарсы бағытқа шығып кеткен кездерім де болды.

4 бірдей эпопеяға 4-5 жылымды арнадым

– Елбасының рөлін сомдап, ақ батасын алған, назарына түскен актерсіз ғой. Жалпы Тұңғыш Президентпен қалай танысып едіңіз?

– Елбасының рөлін сомдау менің ойымда да болған емес. Тағдырымда жазылған бір белес деп білемін. Жалпы театрға деген махаббатым Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында оянды. Ғ.Мүсіреповтің «Қыз жібек» қойылымында марқұм ұлағатты ұстазым Ж.Хаджиевтың режиссерлігімен алғаш рет Төлегенді сомдадым. Елбасын 2003 жылы бірінші рет сол театрда көрдім. Сахнаға үлкен толғаныспен шыққаным әлі есімде. Спектакль өте сәтті өтіп, Елбасы сахнаға шығып батасын берді. 8 жыл бойы аталған театрда жұмыс істедім. Кейін жеке шығармашылыққа бет бұрдым, сазгерлігім бар. Киноға жол ашылды. Біраз фильмде бас­ты рөлдерді сомдадым. Елбасы туралы 4 бірдей эпопеяға түстім. Өзге фильмдерге түспей, оған 4-5 жылымды арнадым. Себебі сын да, сынақ та, талап та өте жоғары болды. Жауапкершілік жүгі тағы бар. Одан кейін қаншама телехикаяларға түстім. Жүргізушілік, әншілігім бар. «Жігітке жеті өнер де аз» дейді, сегіз қырлы бір сырлы болу өнер адамына қойылатын басты талап қой.

Сәкен бейнесі қызықтырады

– Болашақта тағы қандай рөлдерді сомдағыңыз келеді?

– Жақында ғана қазақтың үлкен заңғар жазушысы, Абайды әлемдік деңгейде танытқан Мұхтар Әуезовтің рөлін сомдап шықтым. Маңдайыма осындай ұлы тұлғаның рөлін ойнау бұйыр­ғанына өте қуаныштымын. Тәуелсіздік күніне орай «Хабар» арнасынан 6 сериядан тұратын «Абай жолы» телехикаясы қалың көрерменге жол тартады, М.Әуезовтің ішкі-жан дүниесі тереңінен танылады. Режиссері Мұрат Есжан өте талантты, ұлтжанды, көкірегі ояу, көзі ашық, ойлы азамат екен. Еңбегіне тәнті болдым. Сценарий бірден ұнады, оқып отырып бастан-аяқ жанарыма жас толды. Рөлді Мұрат өзі ұсынып, «Әуелі сценарийді оқып көріңіз, егер жүрегіңізді қозғаса, бір шешімін айтарсыз» деді. «Жүрегімді қозғағанда қалай, опырып тастады» дедім де бірден келістім.
Мен өз ата-бабаларымның образын әлемге танытқым келеді. Сәкен Сейфуллиннің рөлін сомдағым келеді. Іштей соған дайындалып та жүрмін. Түр-әлпетімнің ұқсастығын байқаймын. Кейде достарымның «Таз таранғанша той тарқайды деген, Сәкен атаңа ұқсап кербезденіп, шашыңды соншама тарадың ғой, болсайшы» деп қалжыңдайтыны бар. Негізі, Сәкеннің жүріс-тұрысы, болмысы мен үшін өнеге. Адаммен амандасуы қандай… Бүкіл денесімен бұрылып, амандық-саулық сұрасуы қандай… Нағыз жігітке тән мінездің бәрі бір бойынан табылады. Алдындағы адамның көзіне тік қарап, үлкен ілтипатпен, жүрекпен амандасады. Оның өзі Сейфуллиннің парасаттылық биігінде болғанын айғақтайды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Пікір үстеу

Back to top button