Басты ақпаратЕл тынысы

Ел заңнамасында не өзгереді?

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ел заңнамасында бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді. Олардың қатарында зейнетақының және бала күтімі үшін жәрдемақының көбеюі, ең төменгі жалақы мөлшерінің және күнкөріс минимумының ұлғаюы, әйелдердің 61 жастан бастап зейнетке шығуы, жастар жас шегінің 35 жасқа дейін ұзартылуы, міндетті декларацияның тапсырылуы, қарызын төлей алмай жүргендердің өзін банкрот деп жария­лауы, шетелдік көліктерді тіркеу және тағы басқа өзгерістер бар. Осыған орай, «Astana aqshamy» газеті ел занңамасындағы елеулі өзгерістерге қысқаша шолу дайындады.

Президент тапсырды, үкімет орындады

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев 2022 жылы желтоқсанда қол қойған «2023-2025 жылдарға арналған рес­публикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғы 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге өсті. Ең төменгі жалақы мөлшерін көбейтуді ел Президенті қыркүйек айындағы халыққа Жолдауында тапсырған болатын.

Сондай-ақ айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) мөлшері 3450 теңгеге дейін ұлғайды. АЕК жәрдем­ақы, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылады. АЕК-тің мөлшері өссе, жәрдемақылар мен айыппұлдар да көбейеді деген сөз. Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін қолданылатын ең төменгі күнкөріс көлемі 40567 теңгеге өсті. 2023 жылғы 1 қаңтардан ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы 24341 теңгені, ең төменгі ынтымақты зейнетақы 53076 теңгені құрайды. Жалпы алғанда, жаңа жылдың басынан зейнетақы төлемдерінің көлемі 10,5 пайызға артты.

Заңнамамыздағы жаңалық­тың бірі – жаңа жылдан бастап елімізде әйелдердің зейнет жасы көтерілмейді. 2028 жылға де­йін әйелдер 61 жаста зейнетке шығады. 2018 жылдан бері әйел­дердің зейнет жасы жарты жылға көтеріліп келгенін білеміз. Мемлекет басшысы әйелдердің, қоғамның өтінішіне құлақ асып, 2028 жылға дейін 61 жасты белгіледі.

Аналар мен көпбалалы отбасыларға берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері өзгерді. Бала туғанда төленетін жәрдем­ақшаны жұмыс істейтін және жұмыссыз аналар алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша бірінші, екінші және үшінші бала туғанда мемлекеттік бюджеттен төленетін бір реттік жәрдемақы 2023 жылы 1 қаңтардан бастап 131100 теңгені құрайды, ал төртінші бала туғанда 201350 теңге төленеді.

1 қаңтардан бастап бала күтіміне қатысты берілетін жәрдемақы көлемі де ұлғайды. 2023 жылы бала туған әйелдер оны баласы 1,5 жасқа толғанша алып тұрады. Бірінші балаға берілетін көмек қаражат көлемі 19872 теңгені, екінші балаға 23495 теңгені, үшінші балаға 27083 теңгені, төртінші және одан көп балаға 30705 теңгені құрайды. Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.

Жаңа жылдан бастап көпбалалы: төрт және одан көп баласы бар аналарға берілетін жәрдемақылардың көлемі өсті. Төрт балаға төленетін көмек ақшаның мөлшері – 55304 теңге, бес балаға – 69138 теңге, алты балаға – 82973 теңге, жеті балаға – 96807 теңге, сегіз балаға 110400 теңге болып өзгерді.

Бұдан бөлек, сегіз баладан көп баланы өсіріп отырған отбасыға әр баласы үшін 4 АЕК (13800 теңге) көлемінде көмек қаражат беріледі. 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс көлемінің (40567 теңге болды) өзгеруіне байланысты мүгедектігіне орай төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері 8,5 пайызға өсті.

Қандай заңдар күшіне енеді?

Былтыр Парламент қабылдаған бірқатар заң 2023 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Олардың арасында Салық кодексі, Әлеуметтік кодекс, «Конституциялық сот туралы», «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы», «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» және басқа да заңдар бар.

1 қаңтардан бастап Конституциялық cот құрылады. Өткен жылы жазда өткен республикалық референдум нәтижесінде Президент осындай заңға қол қойды. Бұдан былай қазақстандықтар Конституциялық сотқа тікелей жүгініп, өзінің конституциялық құқығы мен бостандығын қорғай алады. Бұл ретте азаматтармен бірдей құқық Бас прокурорға және адам құқықтары жөніндегі уәкілге беріледі. Бас прокурордың құқық қорғау қызметі күшейтілді. Бұрын бұл субъектілердің Конституциялық Кеңеске жүгінуге құқығы жоқ болатын. Конституциялық сотта өтініштерді қарау рәсімі жалпы соттардағы іс жүргізу тәртібінен түбегейлі ерекшеленеді. Біріншіден, Конституциялық сот аппараты өтініштерді алдын ала қарайды. Екіншіден, конституциялық іс жүргізуге өтініш қабылданады. Үшіншіден, Конституциялық сот отырысында өтінішті қарау үшін материалдар дайындалады. Төртіншіден, өтінішті қарау бойынша отырыс өткізіледі. Ал соңғы кезеңде өтініш бойынша түпкілікті шешім қабылданады.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап «Жеке тұлғаларды оңалту және олардың банкроттығы туралы» заң күшіне енді. Бұл құжат белшесінен батқан қарызын қайтара алмай жүргендерге арналған. Заң бойынша банкроттық процедурасының үш түрі көзделген: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Соттан тыс банкроттықтың шарттары:

* берешек 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауы керек;

* ресми кіріс болмауы шарт;

* мүлік болмауға тиіс;

* қарыз бойынша банкпен тиісті рәсімдерді жүргізуі қажет.

Осы санаттағы азаматтар сотқа жүгінбей, өзін банкрот деп жариялай алады.

Ал сот арқылы банкроттық қарыз сомасы 4,9 млн теңгеден асқан жағдайда қолданылады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы берешекті өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде алуға құқылы. Үшінші рәсім – төлем қабілетін қалпына келтіру. Бұл процедура тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын қарас­тырады. Сауықтыру жоспары қаржы менеджерімен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы – азамат «банкрот» деген мәртебе алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды. Үкімет пен Парламентте жеке адамдарды банкрот деп жариялау кезінде жалғыз баспананы қалдыру мәселесі тағы талқыланады. 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алдында 7,8 млн адам 14,3 трлн теңгеден астам сомаға қарыз болған.

2023 жылғы 1 қаңтардан бас­тап орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлері үшін жалақыдан бірыңғай төлем енгізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде салық жүктемесі келесі жылы 33 пайыздан 20 пайызға дейін төмендейді. Сондай-ақ он­лайн платформалардың көмегімен (Яндекс.такси және тағы басқа) жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Бұдан бөлек, шағын бизнесті тексеруге мораторий тағы бір жылға – 2023 жылдың соңына дейін ұзартылады. Бірақ Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жүргізілетін жоспардан тыс тексерулер қала береді.

1 қаңтардан бастап елімізге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік, соның ішінде рөлі оң жақта орналасқан автокөліктер заңдастырылады. Парламент қабылдаған заң бойынша олардың иелері бастапқы тіркеу үшін 200 мың теңге алым төлеуі қажет. Ішкі істер министрлігі заңдастыруды алты ай ішінде жүргізеді. Тіркелетін автокөліктерге үш негізгі талап қойылады: автокөлік іздеуде болмауы керек, кедендік тазартудан өтуі қажет және елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген болуы шарт. Жасына және экологиялық класына ешқандай талап қойыл­майды. Көліктің ел аумағына кіргізілген күні ҰҚК шекара қызметінің немесе мемлекеттік кірістер органдарының деректер базасы арқылы анықталады. Бүгінде ол процесс толығымен автоматтандырылған. Тіркеу аяқталғаннан кейін автокөлік иесіне қазақстандық техпаспорт пен мемлекеттік нөмір беріледі. Қазір Қазақстанда заңдастыруға жататын автокөліктердің жалпы саны 300 мыңнан асады. Соның ішінде рөлі оң жақта орналасқан 20 мыңнан аса көлік бар.

Ауылға айтарлықтай қамқорлық

Биыл ауыл халқына бизнесті дамытуға 2,5 пайызбен несие беріледі. Сыйақының жылдық мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, мерзімі 7 жылдан аспайды, кепілмен қамтамасыз етілген. Несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК немесе шамамен 7,9 млн теңге, ірі кооперацияны дамыту үшін – 8 мың АЕК немесе шамамен 25,4 млн теңге. Алғашқы шағын несиелер 2023 жылдың бірінші тоқсанының соңында беріле бастайды. 2023 жылы жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 11 мыңнан астам шағын несие беру жоспарымен 52,4 млрд теңге бөлу көзделген.

Президенттің тапсырмасымен әзірленіп жатқан 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамаға сәйкес, ауыл тұрғындарына кооперацияны дамыту үшін жеңілдікпен несие беру көзделіп отыр. Осы мақсатқа, Президенттің сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 1 трлн теңге бағытталады. Бұл қаражат кооперативтік кәсіпкерлікке, барлық жеке қосалқы шаруашылықтарды тартуға, олардың ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуына, микронесиелерге қол жеткізуге жағдай жасайды.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақша тәрбиеші­лері­нің, мектеп пен колледж мұ­ғалімдерінің, сондай-ақ қосым­ша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы тағы 25 пайызға өседі. 2023 жылы дәрігерлердің жалақысы 561 мың теңгеге дейін, ал медбикелердікі 249 мың теңгеге дейін өседі деп жоспарланып отыр. 2023 жылдан бастап өрт сөндірушілердің ең төмен жалақысы 180 мың теңге болады.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button